Мәдениет

Мерейтой «Аяулы мекенім» концертімен басталды

Өткен сенбі күні «Өнер орталығы» ғимаратында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның кезекті маусымының ашылуы болды. 75-ші маусымда бірінші боп өнер көрсеткен — А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі. Олардың шашбауын көтеріп, концертте арнайы қонақ болғандардың қатарында Нұр-Сұлтан, Алматы сияқты орталық қалалардан келген мәдениет саласының майталмандары бар.

«Аяулы мекенім» деп аталған маусымашар концертте бастан-аяқ А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі көрермендерге өнерін паш етті. Өнер ұжымының көркемдік жетекшісі — ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Ғылымов, ал бас дирижері — ҚР Мәдениет саласының үздігі Мәдина Қабижанова. Халық әндері мен күйлері, белгілі композиторлардың әртүрлі жанрда жазған шығармалары орындалған кешке Алматыдағы Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әншісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлзат Дәуірбаева мен Нұр-Сұлтан қаласынан келген ҚР Мәдениет саласының үздігі Кенжегүл Мұсаева қатысты. Джакомо Пучинидің «Мадам Баттерфляй» операсынан «Чио-чио-сан» монологын, Франц Легардың «Джудиты ариясын» жеке дауыста шырқаған сахна саңлағы Гүлзат Дәуірбаеваны әңгімеге тартқанымызда, мұндай шығармашылық тандемнің берері мол екенін атап өтті:

— Соңғы екі жылда Ақтөбеге 3-4 рет гастрольдік сапармен келдім. Бұл жолы облыстық филармонияның шақыртуымен сіздердегі қазақ ұлт аспаптар оркестрімен бірлесе өнер көрсеттім. Ерекшелігі сол, «Мадам Баттерфляй» операсын ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен алғаш рет орындадым. Бір жағынан, бұл өзіме қызық болды. Әлемдік классиканы мұндай құрамда тыңдау көрермен қауымға да ерекше әсер сыйлады деп ойлаймын, — дейді.

Құрманғазы, А.Жұбанов, Н.Тілендиев, Қ.Ахмедияровтан бөлек, П.Чайковский, Б.Барток, О.Огонбаев сынды шетелдік композиторлардың музыкасы қалықтаған концертте ақтөбелік артистер — ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Жайлау Асылханов, Светлана Айтбаева, жас әншілер Өркен Сағиев, Нұртас Омаров, т.б. төбе көрсетті. Солардың арасынан жас домбырашылардан құралған «Күй сайысы» көпшілікті бейжай қалдырмады. К.Күмісбековтің «Аяулы менің мекенім» әнімен қорытындыланған кеш соңында жоғарыда аталған құрметті қонақтарға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хаты берілді.

Сондай-ақ, демалыс күні филармония жанынан құралған «Достық сазы» фольклорлық ансамблінің «Мәңгілік елдің мұрасы» атты концерті де әдемі өтті. «Құрмет»  орденінің иегері, Мәдениет саласының үздігі Бақытбек Зейнелов жетекшілік ететін ұжым Тұрмағамбет Ізтілеуовтің «Тәлім» термесін, филармонияның дәстүрлі әншілері Нұрлан Әбдібеков, Динара Шынарбаева, Гүлназира Сағынғанова құйқылжытқан «Көзіңнің мөлдірін-ай», «Арман-ай», «Біздің ауыл тамаша» әндерін жиналғандар үлкен ықыласпен қабылдады. А.Жұбанов атындағы музыка колледжінің «Жастар» би ансамблі (көркемдік жетекшісі — Нұрлан Жұманиязов) де кештің көрігін қыздырды. Өнердегі әріптестерін қолдай келген ҚР Мәдениет қайраткері, «Серпер»  жастар сыйлығының иегері Өмірқұл Айниязовқа деген құрмет-қошеметтің бөлек болғанын айта кету керек.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button