ЖастарСпорт

Шағын футбол турнирі

Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен, облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қолдауымен қалалық №31 мектептің спорт алаңында 10-11 сынып оқушылары арасында «Мен нашақорлыққа қарсымын» деген атпен шағын футболдан турнир өтті. Жастар жылы аясында өткізіліп жатқан спорттық шараға қала аумағындағы білім беру ұйымдарының оқушылары қатысты.

Шараның мақсаты айқын. Оқушылардың бір-біріне деген достық қарым-қатынастарын нығайтып, жастар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау. Аталған турнирге қала мектептерінен құралған 18 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Турнир қорытындысы бойынша №30 орта мектеп командасы барлық ойында қарсыластарынан мықтылық танытып, жеңімпаз атанса, Сазды орта мектебінің командасы екінші орынға ие болды. Ал №25 орта мектебінен келген ұжым үздік үштікті түйіндеді. Сондай-ақ, сайыста командалық жарыстан бөлек жекелеген спортшылар арасында алаңда шебер ойынымен көзге түсіп, өзгелерден дараланған футболшылар марапатқа ие болғанын айта кеткен жөн.

Атап айтсақ, №30 мектептің ойыншысы Заманбек Дәурен қақпашылар арасында «Үздік қақпашы» номинациясын иеленсе, Сазды орта мектебінің ойыншысы Сағызбай Әлихан «Үздік қорғаушы» номинациясына лайық деп танылды. Ойын кезінде жеке шеберлігінің арқасында қарсыластар қақпасына қақырата гол соғып, мергендігімен көзге түскен Алексей Попов «Үздік шабуылшы» номинациясын жеңіп алды. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылар тарапынан кубок және грамоталарға ие болды.

                                                                                                            Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button