Жаңалықтар

Бастамалар баянды іске ұласады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы  еліміздің əр саласындағы басты мәселелерге жəне олардың шешу жолдарына бағытталған құжат болды. Əсіресе, келесі жылы Үкімет тарапынан мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруге бағытталған игі бастаманы ерекше қабылдадым.

«Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ», — деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев. Ел Президентінің бұл тапсырмасын мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруге бағытталған түбегейлі өзгеріс деп санаймын. Шынында да, мәдениет саласы қызметкерлерінің  жалақысы өте аз.

Мәдениет саласында 30 жылдан астам еңбек етіп келемін. Еңбек жолымды аудандық Мәдениет үйінен бастап, бүгінде облыс орталығында жалғастырып келемін. Осы өзім сияқты мәртебелі мамандық иелерінің  атқарар жұмысы, халқымыздың өнер қазынасын жұртшылыққа кеңінен насихаттап, ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге бағытталған ауқымды жобаларымыз, халықтың бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған іс-шаралар мен ұсынар жаңалықтарымыз мол. «Дүниеде өнер көп, өнерді танып, қанаттандырушы шебер көп» дегендей, облыстың ауылдық клубтары мен аудандық, қалалық мәдениет үйлерінде жоғары деңгейдегі, мәдени-демалыс қызметінің бағыттарын жетік меңгерген кәсіби мамандар жұмыс істейді. Алдағы жылы тойланатын Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы сынды кешенді шараларға мәдениет қызметкерлерінің белсенді атсалысатындығы сөзсіз. Халықтық өнердің туын биікке көтеріп, осы ауқымды шараларды жүзеге асыруда тер төгіп келе жатқан мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің қыруар еңбегінің елеусіз қалмай, Мемлекет басшысының назарына іліккеніне қуаныштымыз. Енді бастамалардың баянды іске асқанына тілекшіміз.

Гүлнар РОМАНОВА,

облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі.

Ақтөбе қаласы.

ЖАҢА ЖҮЙЕ ТҮСІНДІРІЛДІ

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында Ақтөбе қаласындағы №2 емханада «Әлеуметтік мәселелерді шешу» тақырыбында шара өтті.  Соның ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға ерекше көңіл бөлінді.

Тақырыпқа байланысты тұрғындармен кездесуге әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалының өкілдері шақырылды. Олар тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Қазіргі таңда барлық мемлекетте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілген. Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру моделін таңдау кезінде халықаралық тәжірибелер қаралды. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап халыққа көрсетілетін тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру көмегінің екі пакеті болады. Оның алғашқысына барлық азаматтарға жедел жәрдем көмегі және санитарлық авиация, шұғыл көмек, паллиативтік, созылмалы аурулар кезінде жоспарлы стационар, кейбір әлеуметтік аурулар кезінде медициналық оңалту кіреді. Бұл медициналық көмекті жекелеген санаттағы азаматтар ғана тегін ала алады, — деді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалыныңбөлім басшысы Салтанат Оңғар.

Кездесу барысында тұрғындарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың артықшылықтары жан-жақты түсіндірілді.

Қор мамандары медициналық қызмет көрсету ұйымдарымен келісімшарттар жасалып жатқанын, бұл орайда медициналық көмектің сапасы қатаң бақылауға алынатынын айтты.

Бұл мәселеге байланысты тұрғындар 8 (7132) 97-23-22телефон  нөміріне қоңырау шалып, көкейіндегі сауалына нақты жауап алады.

Гүлайым НҰРМАҒАНБЕТОВА,

№2 қалалық емхананың салауатты өмір салтын

қалыптастыру дәрігері.

Ақтөбе қаласы.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button