Жаңалықтар

Облыста 1238 ана сәби сүйе алмай жүр

Конференция

Еліміздегі әрбір алтыншы отбасы бедеулік мәселесіне тап болады. Жас отбасылардың 15 пайызында осы мәселе кездеседі. Ақтөбе облысында 1238 ана сәби сүйе алмай жүр. Әйелдер арасындағы бедеулік жыл сайын көбеймесе азаймай отыр. Бұл туралы репродуктивті денсаулық мәселесіне арналған V аймақтық конференцияда айтылды. Жиынға Ресей мен еліміздің жетекші емдеу мекемелерінен дәрігерлер қатысты.

Жиында ҚР Репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин аталған проблеманың өзектілігіне тоқталды.

Бедеулік — үлкен проблема. Себебі өте көп. Жүктіліктен сақтандыратын дәрі-дәрмектердің әсері, жасанды түсік және 35 жастан асып тұрмысқа шығу, экологиялық факторлар, яғни түрлі жағдайлар бедеулікке әкеліп соғуы мүмкін. Қазіргі медицина осы мәселені шешудің түрлі жолын қарастырып жатыр. Соның бірі — экстракорпоральді ұрықтандыру (ЭКО). Бүгінгі күні елімізде 17 мыңға жуық сәби осы жолмен дүние есігін ашты, — деді В.Лошкин. Сондай-ақ дәрігер аталған проблеманың алдын алу, жаңа технологиялар, емдеу, тағы да басқа мәселелер төңірегінде пікірін білдірді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев бұл мәселе облыста қалай шешіліп жатқанын айтты.

— 2016 жылы қалада экстракорпоральді ұрықтандыру орталығы ашылды. Осы орталықтың бағдарламасы бойынша 207 отбасы қамтылып, 57 ана сәби сүю мүмкіндігіне ие болды. Оның 37-сі босанды. Ұрықтандыру нәтижесі 26,6 пайыз болып отыр. Осы жиында бедеуліктің алдын алу, емдеу және өзге де проблемалар кеңінен көтеріледі, — деді басқарма басшысы.

Аталған орталықта әйелдерге мемлекеттік квота бойынша Алматыға жолдама беріледі. Ал өз қаражатымен барар болса, 800-1 миллион теңгенің аралығында қаржы жұмсайды. Жиында репродуктивті медицинаның өзекті проблемалары ортаға салынды. Дәрігерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, мәселені қалай шешу керектігін талқылады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button