Жаңалықтар

Шатыққа толы шаңырақтар

Отбасы күні

«Анаға тағзым» орталығында Ақтөбе қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің ұйымдастыруымен Отбасы күніне орайластырылған «Отбасым — бақыт мекенім» атты әдемі шара өтті.

Әдетте Еуропа халқы шаңырақ көтергендеріне бірнеше жыл толу құрметін атап өтеді. Бұл дәстүр біздің тұрмыстық салтымызға да еніп кеткелі қашан?! Бірақ, өнегелі отбасын жарнамалағанның несі айып?

Айталық, 50 жыл қол ұстасып тең жүрген «алтын той» иегерлері  —  Есеналы Төлегенов пен Жаңылғаным Тұралиева, отау құрғандарына 45 жыл толған, «жақұт тойының» иегерлері — Мықтыбек Исмағамбетов пен Баян Біржанова, 35 жыл бірге келе жатқан «маржан той» иелері Аманғали мен Меңзада Баймұрзиндер, шаңырақ көтергендеріне 25 жыл болған «күміс той» иелері Сәкен мен Алтынай Орынбаевтарды қалай айтса да жарасымды емес пе? Олар — осы жылдар ішінде небір түсініспеушіліктерді жеңіп, қуаныш пен қайғыны бөлісіп, ұрпақ өсіріп, тәрбиелеп келе жатқан үлгілі жұптар. Мысалы, алтын той иелеріне тоқталсақ, ырғыздың жігіті Есеналы институт бітіріп, агроном боп 1969 жылы жолдамамен Опытная станциясына қызметке келеді. Келген айда-ақ математика пәнінің мұғалімі Жаңылғаныммен шаңырақ көтереді. Жарты ғасыр бірге өмір сүрген жылдарында олар үш бала, 9 немере сүйіп, қазіргі Кеңес Нокин ауылында тамырларын жайып, өсіп-өніп отыр.

Бұл күні үлгілі төрт жұптықала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева құттықтап, қала әкімінің құттықтау хаты мен сыйлықтар табыстады.

  • Негізі, отбасы құндылығын нығайту үшін осындай өмірдің ащы-тұщысын тең көрген, қол ұстасып жарқын өмір сүрген, үбірлі-шүбірлі, өнегелі отбасылар туралы айта бергеніміз дұрыс. Ал статистикаға келер болсақ, биыл өткен сегіз ай ішінде некеге тұруға 3 803 өтініш түссе, өкінішке қарай, неке бұзу үшін 1173 арыз жазылды, — дейді қалалық АХАТ бөлімінің басшысы Валентина Темірболатова.

Одан соң өнегелі отбасылар АХАТ бөлімінің альбомына қол қою рәсімін жасады. Сосын үлгілі жұптар дәл осы күні неке қию куәлігін алып жатқан жас жұбайларға баталарын беріп, символ түрінде киіз үй пішіндегі кәдесыйды табыстады. Ал «Отбасы» академиясы жас жұбайларға «Өмірлері тәтті болсын!» деген ниетпен тәттілер қорапшасын сыйлады.

Жастар осындай думанды кеш барысында неке жүзіктерін бір-бірінің саусақтарына тақса, ал алтын, жақұт, маржан, күміс той иелері ортада вальс биледі. Бұл әдемі кешті Ақтөбе қаласындағы №24 лингвистикалық орта мектептің оқушылары тамашалады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button