Мәдениет

Музейдің түнгі сырлары

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Art Street» жобасы аясында «Музейдің түнгі сырлары» тақырыбында Ашық есік күні өтті. Жаңа ғимаратта алғаш рет ұйымдастырылған іс-шараға 800-ден астам адам келді.

Түнгі музейді тамашалауға жиналғандар өлкеміздің тарихымен кеңінен танысып, түрлі деректерге куә болды.

Шараның ашылуында музей директоры Мейрам Дүйсенғали сөз сөйлеп, «Музейдің түнгі сырлары» жобасы Елбасының «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырылғанын атап өтті.

Бұдан соң «Аймақтың киелі жерлері» облыстық фотобайқауының жеңімпаздарын марапаттады.

Музейдің бірінші қабатында кәдесыйларды сатып алуға болатын жергілікті қолөнершілердің көрме-жәрмеңкесі ашылды. Келушілерге облыстық халық шығармашылығы орталығы мен А.Жұбанов атындағы музыка колледжінің жастары ерекше көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Екінші қабаттағы шаралар тақырыптық дәрістермен жалғасты. Көпшілік, әсіресе, тірі бүркітті қызыға тамашалады. Сондай-ақ интерактивті тақта арқылы облыста орналасқан республикалық маңызы бар он нысанға виртуалды саяхат жасады. Қазақ хандығы залынан тарихи кинофильмдер көрсетіліп, Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай «Ақтөбе — кеше және бүгін» фотокөрмесі ұйымдастырылды.

Музейдің археология және этнография бөлімінің меңгерушісі Бекнұр Сәбитұлы жаңартылған залда мыңға жуық экспонат қойылғанын атап өтті.

Музей қызметкерлерінің айтуынша, мұндай акциялар жиі ұйымдастырылуы қажет. Ол өз еліміздің тарихын танып-білуге, өткеніміз бен бүгінімізді зерделеуге мүмкіндік берері сөзсіз.

А.БОЛАТБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button