Басты жаңалықтар

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Кез келген мәселені жүйелі шешу керек 

Осы аптаның бейсенбісінде облыс әкімі Оңдасын Оразалин ақтөбеліктерді алаңдатқан бірқатар мәселелер бойынша жауапты мамандармен кездесті. Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллинмен бірге тұрғындар тарапынан көтерілген проблемалардың оңтайлы шешілу жолын қарастырды.

Қалаға 50 қоқыс алаңы қажет

Оңдасын Оразалин журналистер мінген көлікке отырып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрауымен қаладағы проблемалық аймақтарға барды. Алғашқы аялдаған жер — Ақтөбе қаласының Сәтбаев көшесі, 5-үй аумағындағы қоқыс толы алаң. Бұл маңда қоқыс төрт күн бұрын жиналған. Мавр Абдуллин облыс басшысына мәселенің мән-жайын түсіндірді.

Қазір қала аумағында 450 қоқыс алаңы, 3000 контейнер бар. Дегенмен қала халқының тығыздығына байланысты қалада қоқыс алаңдары мен контейнерлер жеткіліксіз.«Контейнерлер мен қоқыс алаңдарын көбейтуге күш салып жатырмыз»,деді қала әкімі.

Облыс әкіміне қаладағы тұрмыстық қалдықтар нормативке байланысты күн сайын жиналу керектігі айтылды. Алайда бұл мәселе әзірге талапқа сай жүргізіліп жатқан жоқ.

Қоқыс жинау үшін төрт мобильді топ жұмылдырылды. Ол үшін арнайы техникалар тартылды. Мобильді топтар контейнер сыртындағы қалдықтарды жиыстырады.Қазіргі күні тұрмыстық қалдықтар шашылып жатқан 19 қоқыс алаңы қалды. Бұл жұмыстар бүгін-ертең аяқталады. Енді бұдан әрі қоқыс алаңдарында мобильді топтар емес, арнайы техникалардың күшімен ғана жұмыс жүргізіледі, —деп сендірді Мавр Абдуллин.

Ақтөбе қаласына әлі  50 қоқыс алаңы қажет. Қазіргі күні қалаға қосымша 500 контейнер алуға тапсырыс беру жоспарланып отыр.

Біз контейнерлерді түгелдей жаңартуды ойластырып жатырмыз. Себебі қолданыстағы контейнерлердің жағдайы сын көтермейді, — деді қала әкімі.

Ақтөбе қаласында күл-қоқыстың үйілуіне мердігер мекемелердің бірі — «Таза Life» кәсіпорнының аяқ асты өз жауапкершілігінен бас тартуы себеп болыпты. Өйткені аталған мекеме қала аумағының 30 пайызын қамтыған. «Осыдан бір апта бұрын аталған компания жұмысын тоқтату турасында бізге хат жазды. Соған байланысты осындай мәселе туындады. Біз өз тарапымыздан «Таза Life» компаниясының бұл әрекетін теріске шығардық.Сол себепті қаладағы «Neoplus» серіктестігінің басшылығына өтініш жасап, сатып алынған қосымша 5 арнайы техниканың әрі «КамАЗ» көліктерімен шашылған тұрмыстық қалдықтар жедел тазартылып жатыр. Сол сияқты бұл мәселені оңтайлы шешуде біз құрылысшылар мен  кәсіпкерлердің де көмегін сезініп жатырмыз. Егер қоқыс тазартатын мекемелер тұрмыстық қалдықтарды күн сайын тазаласа, мұндай жағдай орын алмас еді», — деді М.Абдуллин.

Тұрмыстық қалдықтар үшін ақтөбеліктердің алпыс пайызы ғана төлем жасайды

Қазір қалалық әкімдік келісімге келген «Neoplus» ЖШС, «№27 басқарушы компания» мекемелері бұл істен бас тартқан «Таза Life» компаниясына  тиесілі  территорияларды тазалаумен айналысып жатыр.
Өздеріңіз көріп тұрғандай, дәл қазір қаладағы қоқыс  проблемасы жедел, атүсті шешіліп жатыр. Бұл — қолдан жасалған жағдай. Алайда мұндай шара мәселені жүйелі шешпейді. Сондықтан бұл проблема жүйелі түрде шешілуі қажет және  керекті техникалармен жабдықталу жағы бақылауға алынсын.Болашақта мұндай мәселе қайталанбауы тиіс, — деген Оңдасын Оразалинқоқыс тазалауға қатысты бұрынғы жүйені қайта қалпына келтіруді қала әкіміне тапсырғанын айтты. Сонымен қатар ол бұл істе өз еріктерімен жұмыс жасап жатқан кәсіпорын басшылығына алғысын білдірді.

Мәселе тек техникаға тірелмейді. Қалаға қосымша 50 қоқыс алаңы керек. Бұл бір мәселе болса, қоқысты полигонға шығару проблемасы да өзекті. Сондықтан бұл бір күнде бітетін шаруа емес, іс жан-жақты, жүйелі шешуді қажет етеді. Мәселенің екінші жағы да бар. Тұрғындардың басым көпшілігі басқа коммуналдық қызметтерге төлем төлеуге дайын болғанмен, қоқыс мәселесіне келгенде жауапкершілікті сезінбей жатады. Осы мәселе де қала әкімінің алдына екі-үш ай бұрын нақты тапсырма ретінде қойылды. Егер біз аталған мәселеде мекемелерді іске қосып, нақты шара қабылдағанмен, тұрғындар уақтылы төлем жасамаса, іс алға баспайды. Қай мекеме болмасын қаржылық жағынан қиыншылыққа тіреледі, — деді Оңдасын Оразалин.

Мавр Абдуллиннің айтуынша, қазіргі таңда ақтөбеліктердің 60 пайызы ғана тұрмыстық қалдықтар үшін уақтылы төлем жасайды.

Бүгінгі нарықтың кезінде қоқыстың өзін бизнес ретінде пайдалануға болады. Яғни қоқысты жинау, өңдеудің өзі — бизнестің бір түрі. Егер тұрғындар тарапынан уақтылы төлем жасалса, мекеме табысты болады. Сондықтан  қандай кәсіпорын болмасын, бюджетке салмақ түсірмейтіндей әрекет ететін болса, онда  біз сол кәсіпорынды таңдап, бірге жұмыс жүргізетініміз аян. Қазіргі күні  осы істе екі-үш компания қызығушылық танытып жатыр, — деді облыс әкімі.

Бүгінде Ақтөбе қаласында қоқыс тасымалдау ісіменекі кәсіпорын айналысады. Олар — «27 басқарушы компания» және «Дорожник» ЖШС.

Жолақы валидатор арқылы төленеді

Содан соң облыс басшысы журналистермен бірге қаладағы аялдамалардың  жай-күйін көріп, №46 бағыттағы қоғамдық көліктердің біріне мінді. Жолаушылармен тілдесіп, олардың сауалдарына  жауап берді.

Мавр Абдуллин Ақтөбе қаласындағы аялдамаларды болашақта біркелкі ету жұмыстары жоспарланып жатқанын айтты. Себебіаялдамалар қай мезгілде болмасын, тұрғындарға ыңғайлы болуы шарт. Сондай-ақ аймақ басшысы қоғамдық көлікте жолақысын терминал арқылы төлеу жүйесімен танысты.

Қазір Ақтөбеде  6 бағыттағы  53 автобус валидатор жүйесімен жұмыс жасайды. Жыл соңына дейін барлық автобус осы жүйеге көшеді деген жоспар бар.

Шаһар басшысының айтуынша, қазір Ақтөбе қаласы бойынша  370 автобус жолаушылар тасымалдауға жұмылдырылған. Алайда қала халқының саныкүн санапөсуіне байланысты тасымалдаушы компанияларды жаңа автобустармен толықтыру жұмыстары жан-жақты қарастырылуда.

Қалада «Ақжол» және «Жолаушылар автотранспорты кәсіпорны» компаниялары жолаушылар тасымалымен айналысады. Бүгінгі күні қала аумағында 52 бағыт бойынша 370 автобус қатынайды. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қоғамдық көліктерде қызметті  цифрландыруға күш салып жатырмыз. Яғни автобустарға валидатор қондырғысы орнатылуда. Бұл жүйе бойынша азаматтар есептесу карточкалары арқылы жолақысын төлейтін болады. Қалада 8 бағытқа қатынайтын автобустарға валидатор қондырылды. Биыл 25 қыркүйекке дейін «Жолаушылар автотранспорты кәсіпорны» компаниясы иелігіндегі автобустардың бәріне осы қондырғыны орнататын боламыз, — деген М.Абдуллин бұл істе банктермен, бірыңғай әлеуметтік карточка енгізуде «Қазпошта» мекемелерімен өзара келісім жүргізіліп жатқанын да тілге тиек етті.

Жергілікті билік келер жылдың 1 қаңтарына дейін тасымалдау ісінде дифференциалды тариф енгізуді жоспарлап отыр. Бұл дегеніңіз, егер жолаушылар автобуста қолма-қол есептесетін болса, онда жолақы бағасы екі еселенеді. Ал карточка арқылы есептессе, жолақы құны 80 теңге болмақ.

Облыс әкімінің айтуынша, жолаушылар тасымалы саласына енгізіліп жатқан мұндай жүйе алдағы уақытта қызмет сапасын жақсартуға, жол жүру мәдениетін сақтауға ықпал етпек. Сол сияқты жаңа жүйе тасымалдаушы компаниялардың жұмысын алға ілгерілетуде оң әсерін тигізеді.

Көпір үстінде көлік қозғалысына кедергі келмесін…

Оңдасын Оразалин  ақтөбеліктерді алаңдатып отырған тағы бір мәселе — Сельмаш ауданында тұрғызылып жатқан жаңа көпірдің құрылысымен танысты.

Бұл жерде облыс әкімі жол саласының мамандарымен кездесті. Әзірге төрт жолақты көпірдің бір жақ бөлігі аяқталғандықтан, кептелісті болдырмау мақсатында көліктердің жүруіне уақытша рұқсат берілген. Дегенмен жаңа көпірдің пайдалануға берілген бір жақ бөлігінде көліктер қазір екі бағытқа қатынағасын, тар жол қозғалысқа кері әсерін тигізуде. Тіпті бұл жерде жол-көлік оқиғалары да орын алып үлгерген. Ақтөбеліктер осы мәселені әлеуметтік желіде бірнеше мәрте көтеріпті. Облыс әкімі жағдайды өз көзімен көріп, жауапты мамандарға проблеманы дереу ретке келтіруді тапсырды.

Мердігер компания өкілінің айтуынша, көпір құрылысы 2020 жылдың шілде айында толықтай  аяқталады. Оңдасын Оразалин құрылыс жұмыстарын уақтылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Содан соң облыс басшысы Батыс-2 шағын ауданында бой көтеріп жатқан көппәтерлі тұрғын үйлердің  құрылысымен де танысты. Бұл жерде «Нектар» өндірістік кооперативінің  басшысы Шамиль Каспранов облыс әкіміне өз жоспарларын айтты. Оңдасын Оразалин құрылыс компанияларының басшыларын ескі технологиядан арылып,заманауи әдісті қолдана отырып, жұмысты қарқынды әрі сапалы жүргізуге шақырды.
Көтерілген мәселелер бойынша  жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар жүктелді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button