Жаңалықтар

Балалар тәрбиесі талқыланды

Nur Otan партиясы жанындағы балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңес мүшелері Ақтөбе облысында балақұқын қорғау бағытында жасалып жатқан жұмыстарға нақты бағасын берді.

Айта кетейік, 16-18 қыркүйек күндері аталған комиссияның балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды жинау мен зерделеу мәселелері бойынша көшпелі сараптамалық жұмыс тобы Ақтөбе облысының орталығы мен аудандарда жұмыс істеген болатын. ҚР Президенті Әкімшілігі мен партияның «Бақытты отбасы» жобасын жүзеге асыру мақсатында жүргізіліп жатқан бұл жұмыстың Ақтөбе облысы бойынша бөлігі кеше қорытындыланды.

Nur Otan партиясы ғимаратында өткен шараға сараптамалық жұмыс тобы мүшелері, облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, басқармалар мен департаменттер басшылары, өкілдері қатысты. Топ мүшелері Ақтөбе қаласы, Қобда, Алға, Мұғалжар, Мәртөк, Хромтау, Әйтеке би, Ырғыз, Байғанин, Темір аудандарындағы әлеуметтік қызметтер көрсететін мекемелерге, білім беру, медицина ұйымдарына, құқық қорғау органдарына барды.

— Екі жарым күн ішінде Ақтөбе қаласы мен 9 аудандағы 84 мекемені араладық. Ақтөбеде өзге облыстарға үлгі боларлық жұмыстардың жасалып жатқанын айта кету керек: көпбалалы, әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр, оларды тұрғын үймен, жұмыспен қамту мәселелері рет-ретімен жүзеге асырылып отыр. Ақтөбелік тамаша үлгілердің бірі — жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға арналып салынған «Мейірім» үйі жобасы, бұл өте жақсы ойластырылған дүние, осы жобаны өзге облыстарда да қолға алу керек. Облыста атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы жұмысқа қабілетті 981 адамның 680-і жұмыста орналастырылған. Мұның өзі өте жақсы көрсеткіш, — деді сараптамалық жұмыс тобының жетекшісі, Nur Otan партиясы жанындағы балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің консультанты Рысты Жұмабекова.

Ақтөбеде бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың артықшылықтарымен бірге кемшіліктер де айтылды. Р.Жұмабекованың айтуынша, ең алдымен жасөспірімдермен жұмысты күшейту керек. Әсіресе, қыз балалардың тәрбиесіне баса көңіл бөлу маңызды:

—  Ақтөбеде жыл басынан бері кәмелетке толмаған 45 қыз бала жүкті болып қалған, оның 51 пайызы ғана — колледж оқушылары… Екеуі — 13-тегі қыз балалар. Жас қыздар ересек адамдармен қарым-қатынас жасаған. Бұл жерде тек жасөспірім қыздардың ғана емес, тұрғындар арасында да түсінік жұмыстарын жүргізу қажеттігі байқалады, себебі ересектер өздерінің әрекеттерінің қылмыс екенін, бұл қылмысқа жауап беру керектігін түсінуі керек.  Сонымен бірге қоғамға жат әрекеттерге үйір бала туу жасындағы әйелдермен арада жүргізіліп жатқан жұмыстар жеткіліксіз, осыған баса назар аудару керек, — деді ол.

Сондай-ақ Nur Otan партиясының «Бақытты отбасы»  партиялық жобасы, осы бағдарлама аясында жасалып жатқан жұмыстар туралы тұрғындар арасында жиірек түсінік жұмыстары жүргізілсе деген де ұсыныс айтылды.

Шара барысында облыс орталығында, аудандарда анықталған кемшіліктер түгел айтылды және осы кемшіліктерді жоюға қатысты нақты ұсыныстар берілді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button