ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ: ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ ЖЕҢІЛ МЕ?
«Ақтөбе»
Бір қарағанда қазіргі уақытта біздің өңірде жолаушылар тасымалы проблемасы толық шешілген секілді көрінеді. Оның себебі, қай жерге барамын десеңіз де, сарылып көлік күтіп көп тұрмайсыз. Жол бойына шығып, қол көтерсеңіз болғаны, алдыңызға әйтеуір бір жеңіл автомобиль көлденеңінен тұра қалатыны анық. Оның үстіне автовокзалдардан ірілі-ұсақты автобустар бірінен соң бірі жан-жаққа аттанып жатады.
Дегенмен, бұл — мәселенің біз көріп жүрген бергі жағы екен.
Жолаушылар тасымалы мәдениетін көтеру, халыққа қызмет көрсететін кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасын нығайту, сол арқылы жол қауіпсіздігі, басқа да қолайлы жағдайларды жасауды жақсарту секілді күн тәртібінде тұрған, жан-жақты ойласып шешетін мәселелер аз болмай шықты.
Хромтау қаласында өткізілген көшпелі кеңес жұмысы да осы шаруаларды талдап, бір жүйеге келтіруге арналды.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль басқармасы ұйымдастырған бұл шараның өткізілетін орны ретінде Хромтаудың таңдалуы бекер болмай шықты.
Қазіргі уақытта аталған салада суырылып алға шығып, өз бағыт-бағдарын айқындаған, жүйелі жұмыс істеп келе жатқан хромтаулық кәсіпорын жұмысы өзге өңірлердегі әріптестеріне үлгі ретінде ұсынуға әбден тұрарлық болып шықты. Бұл — Асылбек Егізбаевтың жеке мекемесі.
«Керуен» ЖШС базасында ұйымдастырылған облысішілік қалааралық бағыттар бойынша семинар-кеңес тасымалдаушылардың ой-пікірлерін ортаға салуға мүмкіндік берді.
Мәлімбет ИБРАШЕВ, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы:
— Жолаушыларды тасымалдаушылардың қазіргі заманға сай, жоғары дәрежедегі тұтас желісін қалыптастыру — бүгінгі күні басты міндеттердің біріне айналып отыр. Бірнеше автобусты жалға алып немесе өзгенің ғимараттарын уақытша пайдалану арқылы жұмыс істеу мәселені шешпейді.
Әрбір жолаушы тасымалдаумен шұғылданатын мекеменің өзіне лайықты материалдық-техникалық базасы болуы шарт, оларда кәсіби біліктілігі жоғары, қызмет көрсету мәдениетін меңгерген көлік жүргізушілері жұмыс істеуі керек. Басқалай өлшемдерді айтпағанның өзінде осылар бізде қалыптасқан ба?
Сапарға шыққан жолаушы өзін жол үстінде қай жағынан да қолайлы сезінуі керек. Осы бағытта негізгі жұмысты тасымалдаушы мекемелердің жетекшілері атқаруы қажет. Бізде қазір бұрынғы жылдармен салыстырғанда тым тәуір жолдар салынуда, жаңа да жайлы көліктер сатып алу мүмкіндіктері туындауда. Соған орай енді халыққа қызмет көрсету сапасы да жақсара бергені жарасымды емес пе?!
Ең бастысы — сіздердің қызметтеріңіз сұранысқа ие. Сондықтан жолаушылармен жұмыс істей білу басты орында тұрғаны дұрыс. Біздерге кейде адамдар арыз айтып келеді. «Жолаушы талабы әрдайым дұрыс» деген қағиданы жоғары ұстауларыңызды сұраймын.
Алмат Құлмұханов, жеке тасымалдаушы, Қобда ауданы:
— Мен Ақтөбе мен Қобда аралығында жолаушылар тасымалдаумен шұғылданып келемін. Өздеріңіз білесіздер, дәл қазіргі уақытта осы жолдың жағдайы сын көтермейді деуге болады. Бірақ жолдың жарақтандыру жұмыстары қолға алынды, сол көңілге медеу болып тұр.
Әрине, қиындықсыз іс болмайды. Мәселе көздеген мақсатқа ұмтылуда, соны жеңуде. Бізде теміржол қатынасы болмағандықтан, жолаушылар тасымалы автокөліктер арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан да біз қызмет аямызды кеңейтіп, жетілдіре беруге мүдделіміз.
Мен соңғы кезде несиеге екі автобус сатып алдым. Қызмет ауқымының өсуіне байланысты және келешекті ойлап тағы да автобустар алғым келеді. Бірақ қайдан аламын деген мәселе мені ойландырады. Өйткені, жарнамаға қарасақ, қазір жоқ емес зат жоқ. Дегенмен, бас-көзсіз тәуекелге тағы барғымыз келмейді.
Бізде құрылған, бірақ әлі өз мәнінде толық жұмыс істеп кете алмай тұрған қоғамдық бірлестік осындай шаруаларға ұйытқы болса екен.
Асылбек Егізбаев, жеке тасымалдаушы, Хромтау ауданы:
— Біздің ұжымымыз осы салада жеті жылдан бері еңбек етіп келеді. Алғашында 8 шағын автобус сатып алып, тәуекелмен жұмысымызды бастадық. Бұл — алғашқы қадамымыз болатын. Сондықтан көңілімізде күдікті жайлар да аз болған жоқ.
Жолдың жақсаруы жұмысымызды өрістете түсті. Жеке тасымалдаушы болған соң жауапкершілікті өзің көтеруіңе тура келеді. Сондықтан да алғашқы күннен бастап жол бойында өзіміз тексерулер ұйымдастырып тұрдық. Көлік жүргізушілердің еңбек тәртібі қатаң қадағаланды.
Алғашқы үш жыл бұл бағытта толық жұмыс істеуге болатындығымызға сендірді. Сондықтан да болар, енді үлкен автобустар сатып ала бастадық. Оның біршама артықшылықтары бар. Біріншіден, көп адам қамтылады. Екіншіден, экономикалық жағынан алғанда тиімді, яғни жүрген жолын ақтайды. Бір атап өтетін жайт, біздің бағамыз да арзан. Мәселен, Ақтөбе мен Хромтау арасына жолаушы 300 теңгеге барады. Бұл баға соңғы жеті жыл бойы өзгерген жоқ.
Кәсіпорнымызда 15 көлік жүргізуші еңбек етеді. Сонымен бірге қосымша қызмет көрсететін 17 адам және жұмыс істейді.
Біздер үшін күн сайын алдымыздан шығатын бір проблема бар. Ақтөбеде де, Хромтауда да жеңіл көлікпен адам тасушылар автостанцияның дәл қасына шоғырланып алып, жол бермейді. Тиісті орындар мұндай қызмет көрсетушілер үшін (олардың көбісі заңды тіркелмеген) бөлек жер белгілеп берсе екен. Осы тұрғыдан алғанда, бәсекелестік баршылық. Біздің ұтар бір тұсымыз – бағаның арзандығы.
Асылбек Әлімбаев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жолаушылар көлігі бөлімінің бастығы:
— Біз биылғы жылдың басында автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы салалары бойынша 2009 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындылары туралы мәселе қарадық. Сондай-ақ алдағы міндеттерді белгілегенбіз. Бүгінгі жиын сол тұрғыдан нақты жүзеге асырылып жатқан бір шара. Таяуда ғана такси-автомобильдермен жолаушылар тасымалын ұйымдастыру және ауданішілік автобус бағыттарын дамытудың жайы туралы мәселе қараған жиын болды.
Жиналыстарда, кеңестерде айтылған пікірлерді біз жинақтап, нақты шаралар алуға ұмтыламыз. Соның барлығы облысымызда жолаушылар тасымалын жақсартуға мүмкіндік береді деп ойлаймын.
… Тасымалдаушылар бас қосқан жиын көп мәселелерді қозғады.
Жолаушылар тасымалдаушылар үшін бірігуге, ынтымақтасуға мүдделілік бары айқын білініп тұрды.
Жолаушыларды тасымалдаушыларды Ақтөбеден Ырғызға қатынайтын автобус бағасы жайы да ойлантады. Қазір бұл 1200 теңге шамасын құрайды. Негізінен малмен тіршілік етіп отырған ауыл тұрғындары үшін бұл аз қаржы емес. Олар осының жартысын мемлекет көтерсе деген ойларын да жасырмады. Дерек көздерінің айтуына қарағанда, мемлекет бұл бағытта мүмкіндіктерді қарастыра бастаған да сияқты.
Қазіргі уақытта облыста 20 бағыт бойынша жолаушылар тасымалдау жүзеге асырылады. Бұл ретте барлығы 3000 км жол қамтылады. Осы аумақтағы жұмыстарды тасымалдаушылар өз беттерімен, жеке-дара атқарып жатқандай көрінгенімен, олар өздерін біріктіретін, қажет жерінде мүдделерін қорғайтын бір қоғамдық ұйым қажеттігін сөзсіз мойындайды.
Тасымалмен айналысатын автобус парктерінің бірқатар жағдайларда тозығы жеткендігі жұмыс сапасына кері әсер ететіндігі көп айтылды.
— «Сіздер өз жұмыстарыңызға талдау жасап отыруларыңыз қажет, — деді жиын қорытындысында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Мәлімбет Ибрашев. — Бұл алдағы бағыттарды айқындауға мүмкіндік береді.
Бұл пікірмен тасымалдаушылардың барлығы да келісті.
Хромтау ауданы.




