Ауыл

Қызылша жиналып жатыр

Өткен аптаның жұма күні Қарғалы ауданының әкімі Асқар Жүсібалиев биылғы жылдың  сегіз айындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері турасында көшпелі баспасөз мәслихатын өткізді.

Баспасөз мәслихатына дейін журналистерге Қарғалы ауданында салынып жатқан бірқатар құрылыс нысандарымен қатар, ауылшаруашылық саласындағы жұмыстар таныстырылды. Желтау ауылдық округіндегі «Алма» шаруашылығында қызылша жинау науқаны басталып кетіпті. Бүгінде 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған аталған шаруашылықтың иесі Сергей Дегтяренконың айтуынша, өнім ауданнан бөлек, Ақтөбе қаласындағы сауда нүктелерінде сатылады. Биыл шаруашылық лизингке жаңа техникалар да сатып алған.

Біз негізінен картоп, қызылша, сәбіз сияқты көкөніс өнімдерін егеміз. Биыл 24 гектар алқапқа картоп тұқымы салынса, 12 гектарға қырыққабат, дәл осындай көлемдегі жерге қызылша, ал бес гектарға сәбіз егілді. Бүгінгі күні біз қызылша жинап жатырмыз. Өнімді тапсырысқа байланысты күнара жинаймыз, яғни бір күн сәбіз жиналса, келесі күні қызылша жинауға кірісеміз. Өйткені тапсырыс аудандағы, Ақтөбе қаласындағы сауда орындарынан түседі. Әзірге картоп жинау науқаны басталған жоқ. Бізде өнім өткізуде ешқандай мәселе жоқ. Жиналған өнімнің көп бөлігі Ақтөбедегі үлкен сауда желілері — «Анвар» мен «Дина» дүкендеріне жөнелтіледі. Сол сияқты, «Табыс» коммуналдық базарында да біздің өнімге сұраныс жоғары. Жергілікті тұрғындар да өнімге тапсырыс береді. Тағы бір айта кететін жайт, балалар үйлеріне де қысқа сақтау үшін өнімге тапсырыс беріледі, — деген шаруашылық иесі бұл кәсіппен 1996 жылдан бері айналысатынын айтты.

Сергей Дегтяренконың айтуынша, егіс алқабында картоптың гала, латона, ароза сияқты сорттары егілген. Олардың барлығы — голландиялық сорт.

Өнімді көтерме бағасымен береміз. Айталық, қырыққабаттың келісі 65-75 теңге аралығында берілсе, қызылша да осы бағада сатылады. Қазіргі күні сәбіздің келісін 70 теңге көтерме бағасына өткізіп жатырмыз. Әзірге картопты жинамағасын, бұл өнімді көтерме бағасымен қаншаға сататынымызды айта алмаймын. Ең бастысы — биыл картоптың өнімділігі жоғары болатын түрі бар. Біз өз өнімдерімізді қысқа сақтамай, бәрін өткізуге тырысамыз. Дегенмен өзімізде сыйымдылығы 400 тонналық қоймамыз бар. Көкөністің бір бөлігі, оның ішінде тұқымдық өнімді сонда сақтауға тырысамыз, — дейді шаруашылық басшысы.

Суармалы алқапты игеруде тәжірибесі мол «Алма» шаруашылығының иелігіндегі техникалар жыл сайын жаңартылады. Жақын маңдағы бөгеттің суын пайдаланып отырған бұл шаруашылықта өнім суаруда ешқандай кедергі жоқ. Кәсіпкер алдағы уақытта егістікке тамшылатып суару әдісі технологиясын орнатуды да ойластырып отыр.

БАҚ өкілдеріне аудандағы «Тас Арман Ақтөбе» ЖШС жұмысы да таныстырылды. 2016 жылы іске кіріскен бұл кәсіпорын жол салуға арналған қиыршық тас шығарумен айналысады. Бүгінгі күні кәсіпорында 48 адам еңбек етеді. Жоспар бойынша кәсіпорынның биылғы қуаттылығы —  153 мың текше метр өнім өндіру.

Сол сияқты журналистер Қосестек ауылындағы кәсіпкер Еркін Өтегеновтің енді ғана қолға алған сүт өнімдерін қайта өңдеу цехында болып, Бадамша ауылында бой түзеп жатқан жаңа мектептің, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің  құрылысымен танысты. Пайдалануға берілгеніне екі ай уақыт болған Бадамшадағы орталық саябақ та бүгінде жергілікті тұрғындардың көптеп келетін орнына айналыпты.

Қарғалы ауданының әкімі Асқар Жүсібалиев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты сегіз айдың қорытындысын Велиховка ауылындағы негізгі мектепте баяндады. Себебі бұл ауылда «Ди-Ленд» ЖШС орналасқан. Әуелі журналистерге аталған серіктестіктің жұмысы таныстырылды. Егін шаруашылығымен айналысатын бұл серіктестік қазіргі таңда өз өнімдерін сақтаудың жаңа әдісіне көшкен.

Асқар Жүсібаливтің айтуынша, есепті кезең ішінде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң нәтижелерге қол жеткізген. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімдерінің көлемі биыл қаңтар-тамыз айларында 1 млрд 709 млн 700 мың теңгені құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 101 пайызға орындалыпты. Оның ішінде, кен өндіру көлемі — 694,2 млн теңгеге,  өңдеу өнеркәсібі — 769,8 млн теңгеге, электр және газ саласы — 212,4 млн теңгеге, сумен жабдықтау, яғни кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау және таратылуын бақылау бойынша жұмыстар 33,4 млн теңгеге орындалыпты.

Биыл ауданымыздағы жағымды жаңалықтардың бірі — желден қуат алатын электр станциясын салу жұмыстарының басталуы. Жобаның басты тапсырыс берушісі —  әлемге танымал бәсекелес компаниялардың бірі италиялық «ENI корпорациясы». Ал негізгі мердігер — «BI GROUP корпорациясы». Жобаның жалпы құны — 33 миллиард теңге. Бүгінде бұл жобаны іске асыру мақсатында мердігер мекеме тарапынан жатақхана, асхана құрылысы салынды, — деді аудан әкімі.

Аудан басшысының айтуынша, өңірде іске асырылып жатқан бұл жобаның нәтижесінде жергілікті тұрғындар да жұмысқа тартылған. Қазірдің өзінде елудің үстінде адам жұмысқа қабылданыпты. Қалған жұмыс орындары қыркүйек-қазан айларында құрылады.

Асқар Жүсібалиев өзінің есепті баяндамасында әрбір салаға жеке-жеке тоқталды. Кәсіпкерлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым салаларына қатысты атқарылып жатқан жұмыстардың жайы баяндалды. Оның айтуынша, бүгінгі күні Бадамша селосындағы 14 көшеде жалпы сомасы 265 миллион 440 мың теңгеге су құбырларын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы күндері аудан орталығында 60 пәтерлік бес қабатты, сегіз пәтерлік екі қабатты жалдамалы-коммуналдық тұрғын үй құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттар да әзірленіпті. Қазіргі күні Бадамша ауылындағы ішкі жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алдағы уақытта кезең-кезеңмен Петропавловка, Қосестек ауылдарындағы ішкі жолдар жөнделетін болады. Ақтөбе-Бадамша бағытындағы автокөлік жолының бұрылыстан кейінгі 30 шақырымын жөндеуден өткізу де жоспарымызда тұр. Сондай-ақ  аудандық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау бойынша Рождество-Велиховка бағытындағы автомобиль жолының ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аяқталды. Биыл республикалық маңыздағы Ақтөбе-Орск бағытындағы тасжолдың қалған 45 шақырымына орташа жөндеу жүргізу үшін 1 миллиард 880 миллион теңге қаражат бөлініп, бүгінде жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын қалды, — деді А.Жүсібалиев.

Баспасөз мәслихаты кезінде аудан әкімі журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button