Тарих

Іскер басшы болатын

Қиындыққа жүрегінің қайсарлығын қарсы қоя біліп, тығырықтан шығарар жолды таба білетін аға ұрпақ өкілдері болған және бола бермек.

Олардың ісі қашанда кейінгіге үлгі, өнеге. Сондай тұлғаның бірі — Қайырмағамбет Алданазаров. Бар болғаны 39 жылдық ғұмырында Байғанин ауданында 4 колхозды басқарып, бірнеше мекемеде жауапты қызмет атқарған.

Осы өңірде өмірден де, шаруаның да сынағынан сүрінбей өткен Қайырмағамбет Алданазаровты аймақтың көнекөз қариялары көбірек білетін. Өмірдің дейтін себебіміз, өткен ғасырдың 30-жылдары жайлаған ашаршылық салдарынан әке-шешесінен ерте айырылған ол Қонжардағы жетім балалар үйінде тәрбиеленді. 1939 жылы 9 кластық білім алып шығады. Сөйтіп, еңбек жолын Қызылбұлақ  ауылдық кеңестің хатшылығынан бастайды. Осында үш жыл қызмет етеді.

Ер-азаматтар майданға аттанғанда Қайырмағамбет Уфа қаласындағы жаяу әскерлер училищесінде кадрлық офицер ретінде даярлықтан өтеді. Бірақ денсаулығына байланысты бронмен елде қалдырылып, аудандық қаржы бөлімінің аға инспекторы болып жұмысқа кіріседі. Іскерлік танытқан оны аудандық партия комитеті қиындығы мол әр салаға қызметке жіберді. Мұрағаттық мәліметтерге сүйенсек, ол  кейін Жарқамыс, Жаңатаң ауылдық кеңестерінің төрағасы, аудандық тұрмыстық қамту комбинатының директоры болып тәжірибелі маман ретінде өзін көрсете біледі. 1950 жылы үш колхоз біріккен уақытта «Жем» колхозының төрағасы болып сайланады. 1951-1952 жылдары аудандық қаржы бөлімінің аға инспекторы болып тағайындалып, күрделі жылдардың күрмеуін шешуде белсенділік танытқан. Одан кейінгі жылы «Калинин» колхозының басқармасы болып шаруашылықтың экономикасын ілгері жылжытқан. Бір жылдан соң колхоздың экономикасын көтергендігі үшін Мәскеудегі Бүкілодақтық көрмеге қатысады.Ұлы Отан соғысы жылдарында Байғанин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Кәрім Ержанов Қайырмағамбет Алданазаровты басшы етіп тағайындағанда оның ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары екендігін үнемі еске салып отырған. Кезінде «Молотов» колхозының басқармасы болып жүмыс жасап жүргенде сол кездегі аудандық партия комитетінің хатшысы Нұрдәулет Абатов Қайырмағамбет Алданазаровқа жақсы мінездеме берген.

«Молотов» колхозы — бүгінде аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі. 1954 жылдың бірінші қарашасында колхозда 10400 қоғамдық мал, оның ішінде 800 бас ірі қара,9024 бас қой, 464 жылқы, 131 түйе бар. Қоғамдық малдың 4614-і жайылымда қыстап шығады. Бүгінде 51831 центнер жемшөп дайындалған, бұл жоспардың 114 пайызға орындалғанын көрсетіп, колхоз мемлекетке мал өнімдерін тапсыру жоспарын 100 пайызға орындап шықты. Сол секілді ет, жүн тапсыру межесі де артығымен орындалды. Колхозда 1 «Дт 54» тракторы бар, соған қарамастан бар мүмкіндікті пайдалана білген. Үстіміздегі жылдың 11 айында 1 миллион 47 мың сом табыс тапқан деп, бұған басқарма Қайырмағамбет Алданазаровтың қосқан үлесін айрықша көрсеткен.

Көз көргендері сыр шертеді

Басқарма Қайырмағамбет Алданазаровпен кезінде жұмыс жасаған азаматтар бүгінде аз ғана қалды.

Айдынғали Балжігітов:

— Мен Темір қаласындағы бухгалтерлік курсты бітірген соң 1956 жылы ауылға келдім. Қайырмағамбет мені колхоз бухгалтерінің орынбасары етіп, қызметке алды. Түсі қара сұр, қаталдау болып көрінгенмен ол керемет қарапайым, кішіпейіл болатын. Сол кездері Қуаныш Ыспанов — есепші, Иса Жанаев партия ұйымының хатшысы әрі ферма меңгерушісі және мені, жасыма қарамастан, қасынан қалдырмайтын. Есімнен кетпейді, үй таба алмай жүргенде Айдаров Қыдырсыйықтың бір бөлмесін алып беріп, шешем екеуміз бірге тұрғанбыз. Оның өтірікке жаны қас еді.

Бірде сабан айдауға кірістік. Мені сол жұмыстың барысы жайлы есеп алуға жұмсады. Мен бір аптада қанша жұмыс атқарылды — оны баяндауды ұмытып кетіппін. Содан бір күні:«Ақпар мен үшін ғана емес, аудан үшін керек, неге күнделікті тапсырып тұрмадың?» — дегенде, жерге кіріп кете жаздадым. Жұмыста өте қатал болатын. Замандасы Ідіріс және өзінің бір туыстарының зуылдатып тапсырманы сөзбен ғана орындайтындығын сезіп қалып, «Жұрттан Сүлеймен туады, бізден Сүлейген туады» деп бізді жерге қарататын. Одан кейін олар екінші рет ондай әрекетке бармайтын. 1958 жылы 30 сәуір күні мен Мыса екеуміз Қарекеңнің денсаулығынсұрауға барғанбыз. Әйелі Әсиге «мына жігіттеркелді ғой, шай қой» деп шаруа жайын сұрап әңгімелескен-ді. Бұл біздің соңғы жүздесуіміз екен, 1 мамыр күні Қайрекең о дүниелік болып кете барды. Тағы бір қасиеті — қағазға қарамай сөйлейтін шешен болатын. Ол кісіден көрген жақсылығымыз көп еді.

Айтуған Жұбаналин:

— Мен бозбала кезімде Қарекеңді көрдім, біздің колхозға басқарма болып келген кезі. Сол күні менің әкеме келіп:«Жұбеке, сіз осы ұжымды екі рет басқардыңыз», — деп шаруа жайлы ақылдасқан-ды. Сол күні жиналыста бұрын басқармашылық қызмет атқарған Молдағазы, тағы басқаларымен кеңінен пікірлесіп, сиыр, қой, жылқыны қайда ұстауға болады — сол турасында ой бөліскен-ді. Қандай мәселе болмасын кеңесіп шешкенді дұрыс көретін.

Еркін Рамбаев:

— Қайырмағамбет Алданазаровты бала кезімізден білемін. Ол керемет мейірімді еді. Алтыншы класс оқитын жылы, Жарқамыс ол кезде аудан орталығы, ауруханаға жатып шығуға тура келді. Емделіп болып, енді ауылға қайтіп жетеміндеп тұрғанда басқарма Қайырмағамбет сол жерге келіпқалды. Мен қысылсамда: «Аға, Жаңатаңдағы Ізбасқанның баласы едім, міне, емделіп шығып тұрмын, ауылға жетіп қалсам, қалай болар еді?» — дедім. Ол «қазір жүреміз» деді де, үстіме қарап:«Еркінжан-ау, аяғыңдағы киімің тозыпты ғой»— деп, дүкенге ертіп апарып, су жаңа аяқкиім алып берген-ді. Тағы бір айтарлық жағдай — сол кездері арғы беттегі қой отарларын Жем өзеніне тоғытуға әкеледі. Қайрекең сол отарларды Қаратасқа өткізбеді. Өйткені қой тұяғы жерді бүлдіреді деп есептеген. Ауылда бір ізбен қайтатын сиыр және түйе малы ғана қалатын.

— Рахат Сағындықов:

Біз ауылдас едік. Жас кездегі бір оқиға әлі есімнен кетпейді. Қарауылкелдіге баратын болдық. Колхоз орталығына келдім. Ол кезде көлік — тек қана басқарманың машинасы. Үй іші дайындалып жатыр екен. Жеңгеміз Әсиге менде жол жүретін едім деп білдіргем. Ол орын жоқ деді. Шамалыдан кейін Қайырмағамбет ағамыз келді. Мен аты-жөнімді айтып, таныстырдым, жағдайды айттым. Сонда Әсиге: «Бұл кішкентай ғана бала ғой, көлікке бәріміз сыямыз, тақи болмаса алдыңа алып отырасың» — деп машинаға мінгізіп алды. Жол бойына мені бала санаған жоқ, сиыр малы қайда жайылады, оның басы қанша, қай уақытта су ішеді, қысқаша шаруаның бәрін сұрады. Сонда айтқаны: «Өзің оқушысың, бірақ бәрін біліп отырсың, бұның бәрі келешек өміріңе қажет», — дегені есімде. Бір байқағаным, оның қасынан құрдасы Иса, Әжімбайды тастамайтын. Қайда барса да, қызмет бабында да бірге алып жүретін. Және бір айтарлығы, жан-жаққа кеткен туыстарын жинап, жұмыс тауып беретін. Бұл да оның ағайынға деген қамқорлығы болса керек.

Орынбасар Алданазаров:

— Мен әкем өмірден озғаннан кейін 40 күннен соң дүниеге келіппін. Жақсы тілекпен атымды осылай қойған екен. Шешем Әси әкем туралы көп айтатын. Жұрт айтқандай, ол қадірлі кісі болыпты. Елді бөліп-жармаған. Өзі жетім қалғандықтан болар, ата-енесін керемет сыйлап өтіпті.

***

Қайырмағамбеттің отбасында екі қыз, бір ұл өмірге келді. Орынбасар әке жолын қуып, Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірді. Ауданда бас маман болып қызмет атқарды. Аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, одан кейін «Дияр» совхозында партия ұйымының хатшысы болып  еңбек етті.

Қайырмағамбет Алданазаров 19454-1958 жылдар аралығында  өзі туып-өскен «Жаңатаң» колхозында өмірінің соңына дейін басқарма болып, адал еңбек еткен. Оның адал еңбегін ескерген аудандық партия комитеті Шымкенттегі жоғары партия мектебіне оқуға жібермек болып, жолдама береді. Бірақ сол жылы денсаулығы сыр беріп, өмірден ерте өтеді. Бар болғаны 40 жылдық ғұмырында ауданының түрлі саласында адал да әділ қызмет етудің үлгісін көрсеткен оның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы еңбегі ерекше медальмен атап өтіледі. Бүгінде ортамызда жоқ болсада Қайырмағамбет Алданазаровтың есімі Байғанин өңірінде ілтипатпен аталады. Ол «елім, жерім» деп өткен үлкен жүректі азаматтың бірі болатын.

Жақсылық АЙЖАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button