Мәдениет

Ақтөбеде алғаш рет «Welcome to Aqtóbe» телехикаясы түсірілді

Ақтөбенің 150 жылдығы мен Жастар жылына орай «Aqtóbe» телеарнасы тұңғыш рет ситуациялық комедия, яғни ситком жанрында телехикая түсірді.

Қазақша «Ақтөбеге қош келдіңіз!» деп аталатын телехикаяның сюжеті— жан-жақтан келген студент жастардың өмірі. Идея авторы — Азамат Айнағұлов. режиссері –— Марат Телеуов, ал сценарий авторы —  Өркен Мұқақов.
Былтыр ақпан айында телеарна директоры Ернұр Бурахан екеуіміз кездесіп, көрерменге тың туынды ұсыну туралы ойымызды ортаға салғанбыз. Сол кезде «неге телеарнаға лайықталған сериал түсірмеске» деген ой келді. Ұсынысымды телеарна басшысы қолдай кетті. Осылайша алғашқы қадам жасалды. Кастинг жарияладық. Екі жүзге жуық жас келді. Оның ішінен төрт жігіт, төрт қыз және қосымша рөлге үш жасты таңдап алдық. Сөйтіп, қаңтар айында ешқандай қаржылық қолдау, демеушінің көмегінсіз іске кірістік. Бес ай  жұмыс жасадық. Телеарна ғимаратының жертөлесін пайдаландық. Барлық шаруаны өзіміз атқардық. Ал сыртта түсірілетін кадрларға кейбір кафе-мейрамхана басшылары демеушілік көрсетті. «Мега планета» сауда дүкені актерларға киім ұсынды, — дейді Азамат Айнағұлов.

Телехикаяда аудан, қала, шетелден келген жастардың қызықты өмірі суреттеледі. Бір жатақханада тұратын студенттер түрлі сәттерді бастарынан өткереді.  Жастар арасындағы махаббат, достық, адалдық секілді қасиеттер — телехикаяның негізгі желісі. Телехикая 10 сериядан тұрады. Әр серияның ұзақтығы — 20 минут.

Бұл көрерменге оңай көрінуі мүмкін. Бірақ біз үлкен қиындықпен түсірдік. Себебі қаржылай көмек, техника, арнайы мамандар болмағаннан кейін барлығын өзіміз жасауға тура келді. «Қазақфильм» киностудиясында жасаған жұмыс тәжірибем арқылы сериалды түсіріп шықтық. Азамат алғаш ұсыныс айтқанда шошып кеткенім рас. «Мынадай жағдаймен қалай кино түсіреміз» дегенмін. Бірақ кейін ойлана келе істі бастап кеттік. Топтың ұйымшылдығы мен ынтасының арқасында туындыны  сәтті аяқтадық. Бұндай телехикая еліміздің батыс аймағында алғаш рет түсіріліп отыр. Алғашқы қадам қашанда қиын. Бір айта кетерлігі, туындыны тек қана ақтөбеліктер түсірді. Ойнаған әртістер де ақтөбелік жастар болды. Сондықтан Ақтөбенің туындысы деп толық айтуға болады. Демеуші болса, телехикаяның екінші кезеңін түсіру де жоспарда  бар,— деді режиссер Марат Телеуов.

Телехикаяда Шалқардан келген Мақсат есімді жігіттің рөлін сомдайтын Айбек Намазбаев түсіру кезінде қиындықпен қатар түрлі қызықтардың да болғанын айтты.

Бір сәтті бірнеше рет түсіруге тура келеді. Берілген мәтінді сол күйі жаттап алуға болмайды. Шынайы шығу үшін актерлық шеберлігіңді көрсетуің керек, — дейді. Ал Рамазан есімді жігіттің рөлін сомдаған Қайнар Жекейдің бұл кино саласындағы алғашқы қадамы емес. Әнші жігіт бұған дейін «101 кеңес»  сериалында ойнапты. Ол телехикаяның жастарға ой саларын айтты.

Телехикая әр жексенбі сайын көрсетіледі. Алғашқы сериясы 22 қыркүйек күні сағат 21:00-де басталады. Алдағы уақытта телехикаяны өзге облыстар мен республикалық телеарналарға ұсыну жоспарланып отыр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button