Өлкелік «Батыс Қазақстан» газеті не жазды?
Облыстық газеттің әр кезеңде түрлі атауға ие болғаны белгілі. Алпысыншы жылдардың басында «Социалистік жол» газеті «Батыс Қазақстан» аталды. Себебі бұл кезде Ақтөбе—Батыс Қазақстан өлкесінің орталығы мәртебесін алған-ды. Жаңа атаумен шыққан газеттің алғашқы номері 1962 жылдың 1 шілдесінде, жексенбі күні оқырманның қолына тиді. Содан өлке тарағанша 1965 жылға дейін шығып тұрды.
Біз газеттің осы алғашқы санын таяуда облыстық мемлекеттік архив мекемесінен таптық. Үлкен форматпен шыққан басылымның алғашқы бетінен бастап, Ақтөбеде өткен Батыс Қазақстан өлкелік бірінші партия конференциясы туралы есеп жарияланған. Сонымен қатар конференциядан соң, Қазақстан КП Батыс Қазақстан өлкелік комитетінің бірінші пленумы болғаны, онда ұйымдастыру мәселесі қаралғаны да хабарланған. Осы пленумда Қазақстан КП өлкелік комитетінің бірінші секретары болып Ф.С. Коломиец, екінші секретары болып Р.О.Шаяхметов, секретарлары болып Н.М. Шадский, Ш.С. Сағындықов сайланады. Мұнымен бірге, өлкелік комитеттің бюро мүшелері, бюро мүшелерінің кандидаттары сайланады, бөлімдердің меңгерушілері бекітіледі. Өлкелік «Батыс Қазақстан», «Западный Қазақстан» газеттерінің бас редакторы болып У.Нурсейітов бекітіледі. Алайда бас редактор емес, өлкелік газет алғашқы санынан бастап редакциялық коллегияның қол қоюымен шығады.
Төрт беті түгелге жуық конференция мен пленумның есебіне арналған газеттің соңғы бетінде ғана құрылыс істері жөніндегі облыстық бөлімнің бастығы В.Ф. Гоманың «Ақтөбе — Батыс Қазақстан өлкесінің орталығы» деген мақаласы берілген. Газеттің осы бірінші санының соңғы бетінің аяғында «Біздің газет оқушыларымызға» деген редакциядан берілген шағын мақаладан: « Қымбатты газет оқушы! Сіз бүгін Қазақстан Компартиясының Батыс Қазақстан өлкелік комитеті мен еңбекшілер депутаттары өлкелік Советінің органы—«Батыс Қазақстан»—«Западный Қазақстан» газетінің тұңғышномерін алып отырсыз. Жаңа газеттің жарық көруі—біздің өлке еңбекшілерінің өміріндегі маңызды оқиға» деген жолдарды оқуға болады. Бұдан байқағанымыз— екі тілде шыққанымен, басылым бір газеттің реті. Әр шыққан номердің соңында екі газет редакциясы бір-бірінде қандай материалдар жарияланғаны жөнінде қысқаша хабар беріп отырған. Осы үрдіс біразға дейін жалғасқан.
Әрине,бұл кезең— Н.С.Хрущевтің мемлекет басында болған шағы, «коммунизм құрамыз, жиырма жылдың ішінде оның материалдық-техникалық базасы жасалады» деп, ауызды айға білеп, бір сөйлесе тоқтамай сөйлеп тұрған кезі. Соның дәлелі—«Батыс Қазақстан» газеті де оның сөзін номер аралатып, төрт бетке әзер сыйғызып жариялаумен болған. Ауыл шаруашылығы басқармаларының құрылуымен байланысты мал, егін шаруашылығы басты мәселеге айналған. Отанға миллиард пұт астық беру ұранының көлеңкесінде қалмай, газет мәдениет, әдебиетке де оралып соғып отырады. Газеттің 1962 жылғы тігіндісінен Қуандық Шаңғытбаевтың, Ізтай Мәмбетовтің, Меңдекеш Сатыбалдиевтің, Мақсұт Неталиевтің өлеңдерін жиі ұшыраттық. Жұбан Молдағалиевтің «Тайпақ таңы» аталған көлемді жолжазбасы газеттің төрт номеріне жайғасқан.
Ақындар Ақтөбенің өлкенің орталығы болғанына шын қуанып, жырға қосқан. Мысалға, атыраулық ақын Меңдекеш Сатыбалдиев «Ақтөбе» деген өлеңінде:
Жасарған қайта түлеп өлкем менің,
Сен бүгін құлаш жайдың, өркендедің.
Өлеңнің шумағындай сұлу сырмен,
Келеді тек өзіңді көркемдегім, — деп жырлаған.
Қазақстанның батыс өңірінің үш облысынан материалдар жарияланып отырған. Соның кейбіріне көз жүгіртейік.
Қоғамдық кітапхана
Гурьев. Маңғыстау ауданының Сам мал жайылым участогінде сегізжылдық мектептің мұғалімдері малшылардың мәдени қажетін өтеу мақсатымен қоғамдық кітапхана ұйымдастыруға ұйғарды. Аудандық мәдениет бөлімі бұл ұсынысты қолдады.
Кітапхананы Жолдыбай Тарәлиев басқарады, плакаттармен,диаграмаммен безендірілді. Мұндакітап қоры 1400 данаға жетті. Жаңа кітапхана малшыларды бірден өзіне тартты. 170 малшы-колхозшы кәзір кітап алып оқиды.
Кітапхана советі бекіткен жұмыс жоспары бойынша жазушы Тілектовтің «Шалғай шекте» романнынан тұңғыш кітап оқушылар конференциясы өткізілді.
А. ӘБДІРОВ.
«Батыс Қазақстан», №38. 13 тамыз 1962 жыл.
Нан саудасы дұрысталса екен?
Орал облысы Жымпиты ауданы Абай атындағы совхоздың үшінші фермасында бір магазин мен ларек және асхана бар. Бірақ осылардың бірде-бірінде де нан сатылмайды, нан асханадан тамақ ішкендерге ғана беріледі.
Мұндағы халыққа нан пекарнаядан өлшенбей, шамамен сатылады, егер булка болса, оның салмағы 1,2, 1,4, 1,5 килограмм делінеді, бірақ бәрінің бағасы бірсыпыра 30 тиыннан сатылады.
Егер, мұның дұрыс емес деп әңгіме көтерсең, дүкеншінің сөзі қысқа,—саған нан сатылмайды, басқа жерден ал,—деп қарысады дақалады.Әрине, басқа жерде нан жоқ. Сондықтан адамдар ақшаны артық төлесе де нанды кем алуға мәжбүр болады.
Бұл жайды совхоз директоры да, жұмысшы комитеті де, жұмысшылар кооперациясының қызметкерлері де біледі. Бірақ олар осы кезге дейін нан саудасын дұрыстау шарасынқолданбай келеді.
Біз, жұмысшылар, фермаданан саудасы дұрысталуын талап етеміз.
Е. КОМЕНДАНТОВ,
К. ДОСМАИЛОВ.
(«Батыс Қазақстан», №28. 2 тамыз 1962 жыл).
Овощь, жеміс орнына…қағаз
«Ас—адамның арқауы» деп бекер айтылмаған. Әр адам тағамның түр-түрін талғап ішеді.Міне, сондықтан да олардың бұл жөніндегі талап-тілектерінескеріп отыру — сауда мекемелері қызметкерлерінің борышы.
Июль айы да аяқталып қалды. Кәзір әрбір азамат жас овощь пен алуан түрлі жеміс-жидекке жеңсік.Амал қанша, Ақтөбе қаласының сауда орындары халықтың осындай заңды талабына сай жұмыс істемей отырғанын жасыруға болмайды.
Мысалға «Горкоопторгты» алайық. Оның 10 жерде магазиндері мен буфеттері бар. Айта кету керек, бұл мекемеауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға тиіс.Осы магазиндерге бара қалсаңыз картоп пен овощ ныспыға жоқ.
Сауда жүйесінің басшылары осындай өнімдерді жеткізуге басқа республикалар мен облыстардың тұтыну кооперациясы орындарынан алдын ала шарттар жасасқан, бірақ әзірге әкелгендері мүлде аз.Облыстық кооперативтік көтерме сауда секциясының басқармасыәр жерге қатынастар жазып, телеграммалар жібергеннен басқа ешнәрсе бітіре алмай отыр. Соңғы екі ай ішінде 100-ден астам хат пен телеграмма жазылғанына мәз. Мекеме басшылары үлкен папкаға тіркелген бір буда қағазды ала жүгіреді, біздің алған шарамыз осы,дейді. Сөзарасында айта кетелік. Осы мекемеде февраль айынан бері төрт бастық өзгеріпті, ешкімнен жауаптылық сұрау қиын.
«Горкоопторгтың» басшылары Н.А. Андрианов пен Л.С. Гусева жолдастар да:«біз қайтейік, тиісті орындарға талай хабарладық, магазинде қажетті өнімдер жоқ, жаңғыз вино сатумен айналысуға тура келеді», — дейді.
«Горкоопторгтың» магазиндерінде сатылатын азғана азық-түліктің сапасы да жақсы емес. Облыстық тұтынушылар одағы кеңесі қасындағы магазинде сатылып жатқан Түркмениядан әкелінген капустажұдырықтай, қабығын аршып, борщ жасау үшін үшеу-төртеуін сатып алуға тура келетіні былай тұрсын, сапасы да нашар.
Е.БІРМАНОВ,
С.НҰРКИН.
(«Батыс Қазақстан», №26. 31 шілде 1962 жыл).
Штурвалда мұғалім
Мемлекетке 80 миллион пұт астық сату жөніндегі облыстық міндеттеме селолық мұғалім Дүйсен Малаевты да ойландырды.Биыл бітік егін өсірдік, енді оны тез әрі ысырапсыз жинап алу керек. Әрине, ол үшін техника да жеткілікті. Бірақ механизатор керек,—деді ол,бір кездескенде құрбыларына.
Құрбылары екінші мамандықты игерелік деп жауап берді.
«Жосалы» совхозындағы мұғалім Малаев жолдастың комбайнды меңгеру жолындағы жұмысы осылай басталған болатын.
Малаев қысқа уақыттың ішінде комбайнды меңгеріп, совхоз комбайнерлерімен бірге, комбайн штурвалына отырды. Бұл күндері мұғалім әрі комбайнер Малаев бітік егін орып жүр. Соңғы бескүндікте ол жүз гектар жердің егінін орып, комбайнның бункерінен үш мың центнер жаңа егіннің астығын құйды.
Д.БАҚИЕВ,
Орал облысы.
Балықшылардың табысы
Теңіз ауданы «Красный Каспий» колхозының балықшылары балық аулауды жылдан-жылға жақсы жүргізуде. Колхоз өткен біріншіжартыжылдықта мемлекетке 4896 центнер орнына 6618 центнер балық тапсырды.
Кәзір ол күзгі балық аулау маусымына ойдағыдай әзірленуде. Балық аулайтын 12 звено құрылып, олар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Әжімов, Жұбанов, Нұрмұхамедов және Захаров сияқты тәжірибелі балықшылар басқарған звенолар күзгі балық аулау маусымына ұйымшылдықпен кіріскелі отыр.
Колхоз балықшылары жылдық жоспарды 1 ноябрьге дейін толық орындап, жыл аяғына дейін жоспардан тыс 500центнер балық өндіруге міндеттенді.
Р.ИМАНҒАЛИЕВ,
Гурьев облысы.
(«Батыс Қазақстан», №40. 15 тамыз 1962 жыл).
Пьеса қойып, коцерт берді
Ырғыз ауданы «Ырғыз» совхозының орталығындағы жұмысшыларға Ойыл колхоз-совхоз театрының коллективіБ. Майлиннің «Жалбыр» атты пьесасын қойып берді. Б. Оразбаев, С. Жоламанов, Р. Әлжанова, Т.Таубатыров, О. Жайғалиев жолдастар өз рольдерін шебер де тартымды орындады.
Ойыл колхоз-совхоз театрының коллективі Калинин атындағы совхоздың үшіншіфермасында да болды. Онда М. Жалғасбаев, Б. Дәденова жолдастардың орындауындағы термелер мен өлеңдер және күйлер жиналғандарды сүйсіндірді. Сондай-ақ Д. Маханова «Су тасушы қыз»,Т. Дәубәкіров «Көк орамал», «Айша қыз», Азитова «Қайныма», «Тау ішінде» және басқа әндерді шебер орындады. Концертке қатысқандар артистерге үлкен рахмет айтып, олардың өнерде табысқа жете берулеріне тілектестік білдірді.
І. ЖАРЫЛҒАЕВ,
Қ. ӘУЕЗОВ,
(«Батыс Қазақстан», №19. 22 шілде 1962 жыл).
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.
(Облыстық мемлекеттік архив мекемесінің материалдары бойынша әзірленді).