Рухани жаңғыру

Құдайберген Жұбанов — Абайтанушы

Қ.Жұбанов — 120

Қазақ әдебиеті әлемдік әдеби процесте өзіндік бағаға иеленуде. Өткен ғасырларда түрлі себептермен қазақ даласын сапарлаған жандар халқымыздың мәдениеті, оның ішінде сөз өнері хақында мағыналы тұжырымдар жасағандығы тарихтан белгілі.

Бүгінгі таңда Тәуелсіз Қазақстан күллі әлемге танылып отырған шақта тілі мен әдебиетіне, музыкасы мен тұрмыс-салтына қызғушылық арта түсуде.

Қазақтың рухани байлығы әлемдік өркениеттің төріне қарай бағыт алуда.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық сипаттағы мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», – деп атап көрсетті. Соның ішінде бүгінгі әңгіме ауанының абайтануға арналуы тегін емес. Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы сәтінде Абай-Шәкәрім кесенесінің мінберінде тұрып: «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы» деген өзекжарды тілегін құрметті қонақтарға арналған тағзым кітабына таңбалап қалдыруы әрбір саналы азаматқа ойтүрткі.

Абайды тану – өзіңді тану, Абайды тану – қазақ ұлтын тану, Абайды тану – қазақ рухын тану. Дәл осы ретте абайтанудың мақсат-мұраты, маңыз-мағынасы бедерлене түседі.

Қазіргі таңда мынадай екі мәселе ерекше назар аударуды талап етеді. Біріншісі – тектілік аталатын атам қазақтың қастерлі ұғымы. Тектілік, тегінде, қазақтың рухани коды болса керек. Абай тауып айтқан: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан».

Кемел ақылдан, терең ғылымнан сусындаған қазақ жұртындағы текті әулет – Жұбановтар әулеті. Құдайберген Жұбановтан тараған ұлдары Ақырап – суретші, ұстаз, Есет – филология ғылымдарының докторы, қыздары Мүслима – педагогика ғылымдарының кандидаты, әдіскер-ұстаз, Қырмызы – еңбек ардагері. Кенже ұлы – профессор Асқар Құдайбергенұлы қос мамандық иегері, әке ісін алға апарушы. Інісі Ахмет Жұбанов – аса көрнекті өнертанушы, академик, Ғазиза Ахметқызы – әке жолын қуған өнертанушы, композитор, профессор, КСРО халық әртісі, Болат Ахметұлы – академик, химик, Ажар Ахметқызы – академик, химия ғылымдарының докторы. Әулеттің ізгі істерін жалғастырушы немерелер, шөберелер, жиендер – қазақ елінің мақтаныштары. «Жақсы аға — орман, жақсы іні – қорған» дейді халық нақылы. Жұбановтар әулетінің ну орман, тас қорған болуына отыз жетінің зобалаңы мұрсат бермеді. Қаншама теперішті, азапты бастан кешірсе де, мойымады, иілмеді. Тектіліктің кереметі осында.

Екіншісі – екі ұлы қазақ – Құдайберген Жұбанов пен Мұхтар Әуезовтің рухани туыстығы. Екеуін табыстырған да, туыстырған да – Абай мұрасы. Бұл – шындық. Ленинград университетін бірер жыл ілгерінді-кейінді тәмамдаған Әуезов пен Жұбанов, қазақ филологиясының алғашқы қарлығаштары, шын мәніндегі кемел оқымыстыларына айналатындықтарын сезген де жоқ шығар. Фундаменталды білім алған екі жастың туған халқының әдебиеті мен тілі, тарихы мен өнері хақындағы батар күннен атар таңға созылған есті әңгімелері қазақ руханиятының тағдыр-талайын межелеуге бағышталғаны анық. Қос алыптың ортақ әңгіме, орталық тақырыбы тылсымы мол, құпиясы шексіз Абай поэзиясы болғандығы және хақ.

Абайтану шырғалаңы мол, тар жол, тайғақ кешулі ауыр жолды басынан кешірді. Абайдың «жеті атасынан билік арылмаған», «Құнанбай – аға сұлтан, феодал», ұлы ақынның өзін «халыққа жат тұлға», «феодал билеушілердің ілгерішіл жіктерінің ақыны», «Абай сөзі – бізге ескі, кешегі көшкен жұрттағы қалған қойма сықылды қазына. Абай өз заманына қаншалық жаңалық айтса да, қаншама маңызды келешек меңзесе де, оның барлығы да бізге ескі, бізге кертартпа» сияқты «пікірсымақтар» теңіз толқынындай қайталанып келіп жағаға соқты. Осы бір «кертартпа қағида» ХХ ғасырдың 20, 30, 40, 50-жылдары түрлене қопсып, әдебиеттану ғалымының берекесін кетірді. Тұрпайы социологизм тұмшалаған шиеленісті кезеңде Абайдың қайтыс болғанына 30 жыл толуына орай 1934 жылы М.О.Әуезов пен Қ.Қ.Жұбанов мақалалары жарық көрді. Абайтануға арналған таусылмас дау-дамайдың өршіп тұрған шағы болатын. Екі ұлы ғалым бір-бірлерінің ойын тарқата, дамыта өрбітіпті.

Абайдың әдебиет тарихынан алатын орны, ақындық қуаты Алаш ардагерлерінің аузымен айтылған-ды. Ұлт көсемі Ә.Бөкейхан «Абай сияқты халықтың рухани творчествосын осыншама жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ», А.Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны – Абай», М.Дулатов «Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш Абай сөзі, Абай аты боларға керек», «Екеу», «Абайдың істеп кеткен қызметі – әдебиетімізге асыл іргетас» сынды адал пиғылды, жүрек түкпірінен шымырлап шыққан асыл лебіздер филолог-мамандарға етене жақын.

«Абай – қазақ әдебиетінің классигі» Құдайберген Жұбанов тұжырымы – қазақ өркениетінің тарихында бұрын-соңды ұшыраспаған соны пікір. Керек десеңіз, абайтанудың бұралаңы мол, соқпағы көп қалыптасу жолында, негізсіз даттаулар, жөнсіз күйе жағу басым шақта ешнәрседен қаймықпай, тосын тезисін ұсынуы – батылдық. Батылдық қана емес, сұрқылтай заманның сесінен именбей, қисық саясаттың қаһарына мойынсұнбауы – көзсіз ерлік. Жай ерлік қана емес, қазақ әдебиеттануындағы төңкеріс. Біз абайтанушымыз деп кеуде қаққанша, Жұбанов толғамының тереңіне бойлау – жас буын ескерер ізденістердің ең маңыздысы.

М.О.Әуезовтің: «Құдайберген стилі жатық, тілі орамды, мейлінше шебер жазатын адам еді, – дей келе, – 1934 жылы Абайдың қайтыс болғанына 30 жыл толуына арналған мерекеде жасаған баяндамасы (кейін мақала түрінде жарияланған) – қазақ филологиясының, әдебиеттану ғылымының алтын қорына қосылатын бағалы еңбек»екендігін атап көрсетті. Тілектес достың, білімдар әріптестің ақжарма  лебізі.

«Абай – қазақ әдебиетінің классигі» еңбегі төрт бөлімнен тұрады. Соңында аяғы бар деп ескерткен. Ақырап Жұбанов құрастырған Құдайберген Қуанұлының шығармалары мен естеліктері жинағында «Абай туралы кітапшаның үзіндісі» делінген. Қ.Жұбановтың Абай туралы тұтас зерттеу, кітап жазуға қамданғаны байқалады. Заманы қолын байлады, мақсатты ісін аяқтай алмаған.

«Еленбеген ерекшелік» бөлімінің алғашқы сөйлемі орасан зор міндетті шешуді мойнына алған. Ол сөйлем мынау: «Қазақ әдебиетінің тарихындағы Абайдың ұстайтын орнын босағаға қарай ысырмалаушылар, оған да місе тұтпай, табалдырықтан шығарып тастаушылар, менің байқауымша, даусыз бір моментті ескермейді; ол – өз тұсында, жалғыз қазақ қана емес, басқа көршілес елдерден де Абайдың әдебиеттегі үздіктігі». Үздіктіктің сыры неде? Оған жауапты бір ғана  қазақ әдебиетінің  болмысынан іздемейді, шалғайдағы Армения мен Грузия, көршілес Орта Азия халықтарының әдеби мұрасынан нақты мысалдарды сұрыптап, пайымына дәлел қарастырады. Көршілес елдердің ұлттық тіліндегі құбылыстарға сараптама жасау барысында қызғылықты тұжырымдар түйіндеуге жетіседі. Оның ең бастысы ұлы ақынның сөздік қорына, шығармаларының табиғатына, тіл тазалығына байланысты. Абай көкірегінен шыққан: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы // Қиыннан қиыстырар ер данасы // Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп // Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы // немесе // Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ // Наданның көңілін қойып, көзін ашпақ // Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер // Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ //, – деген сынды текті поэзия үлгілері ғалым жүрегінен берік орын теуіп, теориялық ұстанымдарының беки түсуіне басты себепкер болды. Қазақ лингвистикасының көрнекті өкілдері атап көрсеткендей, Абайдың заманындағы әдеби тілді ұстартуға қосқан үлесі мен әдеби тіл нормаларын жаңа сапаға көтерудегі қызметі ерекше. Құдайберген Қуанұлы аталмыш мәселелердің түп төркінін сонау өткен ғасырдың отызыншы жылдары басты нысанасына айналдырған. Қорытындылай келгенде, Қ.Жұбановша айтсақ: «Абайдың ақындығын, басқа қасиеттерін былай қойып, тек әдеби тілімізді жасаудағы еңбегінің өзін ғана алсақ та, ақымыз кететін түгі жоқ».

Екінші бөлім – «Абай және шағатай әдебиеті». Шығыс әдебиеті ұғымын қабылдасаңыз да еркіңізде. Шынтуайтында шығыстық үлгі Абай шығармашылығының бастапқы кезеңінде үстем болған. Сауатын ашып, білім нәрімен сусындаған жас ақын бастапқы қоректі Шығыстан тапты. Ауыл мектебінде, Семейдегі Ахмет Риза медресесінде білім нәрін шығыстан алуы заңды. Бүгін шығыстық мистицизм, сопылық поэзия ұғымдарынан іргені аулақ сала алмаймыз. Бұрынғы түсініктегі діни-мистикалық сюжеттерді қоюландырып пантюркистік, панисламдық шеңберге қарай бұрмалау артта қалды. Шығысты оқыған, оның ғылымын тоқыған, медресе тілі саналатын шағатай тіліндегі кітаптармен достасу Абайдың көзін ашты. Ол жөнінде әңгіме кейінірек.

Кеңестік замандағы шығыстық үлгіні сүмірейтіп, діншілдіктің ұйтқысы ретінде құбыжық етіп көрсететін залалды үрдіс келмеске кетті. Түп төркінін терең түсініп тұрып, уақыты айтуға мұрсат бермегендіктен, М.О.Әуезов амалсыз «шығыстан келген және ең аз сезілетін белгілер» деуге мәжбүр болды. Тұрағұл Абайұлы естелігінен төмендегі жолдарды оқимыз: «Жас кезінде парсы жұртының ертегілерін: Жәмшіт, Қаһарман сықылды кітаптарын да көп оқыса керек. Өзім көрген «Мың бір түннің» кітабын оқып, алғаш біздің елге «Мың бір түнмен» таныстырған кісі менің әкем еді». Бұл – Тұрағұл аузына ілінген дүниелер. Медресе оқулықтарынан басқа араб, парсы әдебиетінің үлгілері, қисса-дастандар, тарихи танымдық әдебиеттер ақынның ой-өрісін қалыптастырып, дүниетанымының қалыптасуына ықпалын тигізді. Құдайберген Қуанұлының мақаласында шығыстық мотивтер мен шағатай тіліндегі үлгілер жан-жақты талдау объектісіне айналды. Абай поэзиясындағы тырнақалды ізденістерде көрініс тапқан шығыстық дәстүрлерден көп ұзамай безінуін жақсы жағы тұрғысында талдайды. Оның дау туғызатын тұстарының бары сөзсіз.

«Абай және халық әдебиеті» аталатын үшінші бөлімде автор ұсынған өрелі ойлар  тек қана құптауды қажет етеді. «Абайдың алды жоқ емес, жоққа жуық» тезисімен ақын кітапханасының сан салалы, ғибраты зор, тағылымы мол көркемдік әлемі жан-жақты ашылған. Халықтың ауыз және жазба әдебиетін жетік меңгерген ғалым ордалы ойларын тереңнен қопарады. Ғасырлар бойы жинақталып, сұрыпталған, тарих таразысынан өткен қазақтың төлтума әдеби мұрасы Абайдың ақын, тұлға ретінде қалыптасуындағы шешуші фактор қызметін атқарғаны анық.

Ескі мұраның озығын тап басып танып, тозығын, сынына толмайтынын аяусыз әшкерелейді ақын. Кемел шағында қаламынан шыққан «Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау // Сөзінің бірі – жамау, бірі – құрау //», яки «Сөз айттым «Әзірет Әлі, айдаһарсыз // Мұнда жоқ «алтын иек сары ала қыз» // Кәрілікті жамандап, өлім тілеп // Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз //» деп келетін жолдар ақын толғамының өлшеусіз биіктігін аңғартады. Абайдың сөз өнеріне қойған биік талаптары Қ.Жұбанов мақаласында толық сараланған. Өткендегі мұраны талғаусыз ала бермей, сын көзімен үңіліп, ой елегінен өткізетін байқампаздығын мән бере бөліп даралайды.

Абай мұрасының бастауларын анықтап береді Қ.Жұбанов:

  1. «Абай шағатай әдебиетімен жақсы таныс болып, оны баурап алып, соның үлгісімен өлең жазып та көрген. Бірақ оны қанағат қылмай, оның ішінде қалмай, сыртына шығып, соныдан жол іздеген.
  2. Абай қазақтың халық әдебиетін жақсы біле тұра, оның айдын жолымен жүріп кетуге шамасы келе тұра, оны да өзіне баянды жол деп есептемеген, онан да шетке шыққан.
  3. «Абай жер жүзінің классикалық әдебиетінің үлгісін таңдап та, қазақ әдебиетін Байрон, Шиллер, Гете, Пушкин, Лермонтов, Толстой ізімен Батысқа жетелеген» (Жұбанов Қ. Шығармалар мен естеліктер. – Алматы: Өнер, 1990. – 208 б.). Бұл –Абай сусындаған үш арнаның ашылуы. Методологиялық мәнге ие теориялық тұжырым.

Уағдаласып қойғандай дәл осы 1934 жылы баспа көрген «Абай ақындығының айналасы» мақаласында М.О.Әуезов: «Біз көп тексеріліп зерттелмеген, сонылау бір саланы ғана сөз қылмақпыз. Ол – Абай ақындығының, Абай шығармаларының айналасы, – дей келе, – Абайдан қалған мұраның ішінде көп оқушыға даусыз боп айқын сезілетін сыртқы әдебиеттер белгілері бар. Олар – Шығыс әдебиеттері мен Батыс әдебиетінен қосылған белгілер», – дейді. Бұрын шиырланған қазақ халқы әдеби мұрасынан өзге шығыс, батыс мәдениетінен келген әсерлер ортаға салынған. Яғни Абай нәр алған қайнар бұлақтар мәселесі алғаш рет ғылыми айналымға түсті. Сөйтіп, Қ.Жұбанов пен М.Әуезов абайтанудың ғылыми-теориялық, методологиялық іргетасын негіздеді. Біраз жылдар араға салып Әуезов 1944 жылы «Орыс классиктері мен Абай» мақаласында: «Тегінде, Абай шығармаларының барлық қор, нәрі үлкен үш арнадан құралады. Бұның біріншісі, ең молы – қазақтың халық әдебиетінің мұра-тумалары, екіншісі – шығыс әдебиетінен келген және ең аз сезілетін белгілер. Үшіншісі – Абайды мәдениетті, үлкен аңғарлы зор ақын етіп көрсететін батыс әдебиетінің үлгі-өрнектері», – деп қадап айтты. Бұл абайтанудың ғылыми сипатын, басты принциптерін белгілеудегі бетбұрыс кезең еді.

Құдайберген Жұбанов «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» мақаласы мен ұлы ақынның поэзиялық мұрасы, ондағы көркемдік ізденістер, жаңашылдық сипат, ұлттық мұраттар, заман алға тартқан толғақты мәселелердің түйінін тарқату, тағы да басқа әдебиет қазынасына қосылмақ олжаларды теріп-теріп көрсетті:

  1. Абай – ойшыл ақын. Өлеңін пікір кернеп тұр. Оның сезімі –ойшыл сезім. Оның ойы да сезімшіл ой. Сондықтан Абай өлеңінің мазмұны түрін көрсетіп тұрады да, түрі мазмұнын ашып тұрады.
  2. Абай тілінің сөздігі (лексикасы), грамматикасы, Абай өлеңінің өлшеу, ырғағы, ұйқасы, Абай суретінің бейнесі – бәрі бірге қосылып та, жеке тұрып та негізгі тақырыптың күйіне билеп тұрады. Оның сөздері тек бермек ұғымын жеткізерлік амал болып, поэтикасы өлең қалыбына сыярлық қана болып қоймай, бірі олай, бірі бұлай да кетпейді, солардың әрқайсысы үлкен симфония оркестріндегі жеке музыка аспаптары сияқты өздері бір-бір күй тартып тұрады да, бәрі қосылып негізі күйді шығарады, тақырып соның бәріне дирижер болып тұрады.
  3. Абай – шығыс үлгісін көрмей, білмей, аман кеткен ақын емес, белшесінен кешіп барып, одан шығып, тастап кеткен ақын.
  4. Басы артық бір сөз де өлең ішінде тұрмауын, өлеңнің «теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» деген шарттарды қояды Абай. Сондықтан оны ағызып оқып, сыдыртып өте шықпай, ішкі мәніне жетпей қаламын деп кідіріп, салмақтап, ақынның кестелеген айшықтары мен қошқар мүйіздерін танып оқуға тура келеді. Абай айтар сөзінің бәрін айтып, орнын тақырлап кетпейді, оқушыға да шығармашылық сыбаға қалдырып кетеді.
  5. Абай өлеңдері бейнелі, суретті келіп, шын мағынасымен көркемдік шартын орындап отырды. Сонда Абай образды қолдан жасап, жат кейіп қылып шығармайды. Қазақтың өзіне қашаннан таныс, оны келтіргенде бермекші суретінің бояуын қандырып, ашып кететін суреттерден алады.
  6. Абайдың музыкаға енгізген жаңалығы – жаңа түрлі әндері де осы өлең құрылысын қайта құруымен байланысты. Жаңа, жат өлшеулерді жұрт құлағына сіңдіріп, көп ұғымына жуықтату үшін оларға ән де шығарып берген.
  7. Ойдағы сыншылдық, жалпы бағыттағы жаңашылдықты істе көрсете алу – онда да әдеби формада – ырғақ пен ұйқасымда, бейне мен сөздікте көрсете алу – бұл ол сыншылдықтың тамыры терең бойлап кеткенінен келеді. Абайдың тұла бойын түгел алып кеткен осындай өз ортасына наразылық бар. Абай – сол заманды, сол ортаны соя сынаған адам. Абайдың әдебиеттегі сыншылдығының түп-тамыры осында жатыр…

Тізіліп берілген шымыр толғамдар Абайдың ақындық құдіретін, поэзиясының күллі адамзаттың сипатын жарқыратып ашқан. Әуепкі мақалалық қызметінен әлдеқайда асқақ шырқау биікке бой түзеп абайтану аспанында жарқ етіп көрініп, тың серпін туғызды.

Бір ғана мақаласымен талай монографияларға жүк боларлық зілбатпан салмақты қайыспай көтерді. Сөйтіп, абайтану ғылымында мүлдем жаңа идея дүниеге келді. Бұл – сөз өнерінде сирек ұшырасатын, қайталанбайтын  құбылыс.

Арап ЕСПЕНБЕТОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген

қайраткері, профессор

Семей

Басқа жаңалықтар

Back to top button