Басты жаңалықтарМереке

Ұрпақты ұлықтаған Ата Заң

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Өнер орталығында Конституция күніне арналған «Ұрпақты ұлықтаған Ата Заң» атты салтанатты шараға қатысты.

Мерекелік шараның шымылдығы тақырыпқа байланысты театрландырылған қойылыммен ашылды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин ақтөбеліктерді ел тарихында алар орны ерекше мемлекеттік мереке-Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтады.

-Ел болып, етегімізді жинап, өткен-кеткенге көз салып, есемізді қайтаратындай мүмкіндікті пайдаланып, бақытқа ие болғанымызға да міне, ширек ғасырға жуықтапты. Осыдан жиырма төрт жыл бұрын миллиондаған қазақстандықтар жаңа Конституцияны, Ата Заңымызды қабылдап, бір ауыздан дауыс беріп, өзінің тарихи таңдауын жасады. Осылайша халқымыздың ғасырлар бойғы аңсаған асыл арманы жүзеге асып, тәуелсіз еліміздің жаңа Заңы дүниеге келді. Қазақ халқы сонау ықылым замандардан жаратылыспен үндестік тапқан дала заңдарына бағынып, оларды құрметтей білген ел,-деген облыс әкімі «Есім ханның ескі жолы»,» Қасым ханның қасқа жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысы» дала демократиясының айқын көрінісі тәрізді екенін де өз сөзіне арқау етті.

Аймақ басшысының айтуынша, ата-бабаларымыз дала заңдарына, билер билігіне сөзсіз бағынған. Сондықтан тарихтан тағылым алған бүгінгі буын да игі дәстүрді жалғап, ұрпақ сабақтастығын үзген емес.

-Бүгінде Қазақстан бейбітшілік пен келісімнің, тұрақтылық пен тұтастықтың үлгісін көрсетіп, жүздеген ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына топтастырған мемлекет. Ең бастысы- халықтың әл-ауқаты артып, тұрмысы түзелді. Осының бәрі Елбасы-Тұңғыш Президентіміздің көрегендігінің, сарабдал саясатының, Ата Заңымыздың әлеуетінің артықшылығы деп мақтанышпен кеуде кере айта аламыз. Констуцияны дайындау барысы кезінде әлемнің жиырмадан асқан елінің Конституциялары қарастырылған. Оның ішінде, әлемдік дамудың тенденциялары, түрлі дамыған елдер Конституцияларының озық тұстары, қазақ халқының, әлемдегі өзге де ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүрлері, тарихы ескерілді. Сарапшылардың ұзақ талқылауының нәтижесінде, қазіргі Конституциямыздың ең үздік жобасы дүниеге келіп, тұтас халықтың толықтай қолдауына ие болды,-деген облыс әкімі Ақтөбені елімізде қарқынды дамып келе жатқан облыстардың бірі ретінде атап өтті. Оның айтуынша, облыс республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосуда. Экономикалық өсім деңгейі облыстың әлеуметтік, яғни білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларының сапалы дамып келе жатқанымен, соның нәтижесінде аталған салаларда материалдық базаның нығаюына да ықпал етеді.

Мерекеде облыс әкімі Конституция күні қарсаңында өмірге келген үш сәбидің ата-анасына туу туралы, бір топ жасқа ҚР азаматы, сондай-ақ екі жас жұбайға неке туралы куәліктерді салтанатты жағдайда табыстап, оларға естелік сыйлықтар ұсынды.

Шара соңы жергілікті өнерпаздар мен эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button