Басты жаңалықтар

«Цифрлық Қазақстан»: ақтөбеліктердің электрондық қызметтерге қызығушылығы қалай?

Мемлекеттік бағдарлама

«Бүгінде денсаулық сақтау, білім беру салалары, адамның күнделікті өмірі айтарлықтай өзгеріп, жаңа сипатқа ие болуда. Осыған байланысты коммуникациялар мен ақпараттық жүйелерге, көрсетілетін қызметтерге жаңа талаптар қойылуда. Алдыңғы қатарлы мемлекеттер цифрлық экономиканы дамытуға мейлінше басымдық беруде. Бұл — жаһандық күн тәртібінің маңызды бағыты.

Біз цифрлық сауаттылықты дамытып, мемлекеттік қызметтерді одан әрі цифрландыра отырып, халықты цифрлық экономикаға жаппай тартуымыз керек».

 Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Қазіргі таңда халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармайтын, ондағы мамандардың қызметіне жүгінбейтін адам жоқ. Өйткені кез келген құжатты алу үшін ең алдымен жоғарыда аталған мемлекеттік мекемеге жолымыздың түсетіні белгілі. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына айрықша маңыз беріп, электрондық қызметтерді мейлінше көбейту керектігін тапсырғаны және бар. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Ақтөбе облысы бойынша филиал директоры Руслан Ерғалиевпен екеуара өрбіген сұхбатымыз осы жобаның өңірдегі жай-жапсары, жаңашылдықтар мен мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі жөнінде болды.

 — Мемлекеттік қызмет көрсетудің Ақтөбедегі бүгінгі жай-күйі қалай? Әңгімемізді осыдан бастасақ…

— Биыл Ақтөбе облыстық «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының жұмыс істеп келе жатқанына 3 жыл толды. Осы уақыт аралығында атқарылған жұмыс аз емес, ал алға қойған жоспарлар одан да көп. Қазіргі таңда облыстық филиалда 18 фронт-кеңсе бар. Сондай-ақ біз реестрдегі 742 мемлекеттік қызметтің 635 түрін, яғни 85 пайызын көрсетеміз. Жалпы, «Азаматтарға арналған үкімет» адамның дүниеге келген күнінен бастап өмір бойы қызмет көрсетеді деп айтуға болады (күліп). Неге десеңіз, тұрмыстағы ең маңызды құжаттар мемлекеттік корпорация қызметімен тікелей байланысты. Мәселен, туу туралы куәлік, жеке куәлік, диплом көшірмелері, босану жәрдемақысы, зейнеткерлік төлемдер, жеке кәсіп ашу секілді маңызды қызметтер бізге қатысты.

— Соңғы жаңалықтарға тоқталсаңыз.

— Электронды қызмет көрсетудің басты артықшылығы — уақыт үнемдеуінде болса керек. «Мобильдік үкімет» жобасы аясында eGov.kz мобильдік қосымшасы жасап шығарылды. Мобильдік үкіметке тіркелу eGov.kz порталы арқылы немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы қызметкерлердің көмегімен жүзеге асырылады. Тиімділігі — электрондық цифрлық қолтаңбасыз қажетті анықтамалардың кез келгенін бір жолғы СМС арқылы жедел алуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, ұялы телефонның қосалқы «eGov» бағдарламасы арқылы әлемнің кез келген жерінен 90-нан жоғары қызмет түріне қол жеткізуге болады. Атап айтқанда, мекенжай анықтамасы, жылжымайтын мүліктің бар-жоқтығы, сотқа тартылғаны жөнінде анықтама, мемлекетке қарызы, тағы басқа. Қазір тұрғындардың egov.kz порталының қызметінен бөлек, mgov.kz мобильді қосымшасы мен телеграмдағы EgovKzBot-ты асқан қызығушылықпен меңгеріп жатқанын айтпай кетуге болмайды.  Бір сөзбен айтқанда, ақтөбеліктердің электрондық қызметтерге деген ынта-ықыласы зор.

— Сөзіңіз аузыңызда, телеграмдағы бот пайдаланушыларына қанша қызмет түрі көрсетіледі?

— Телеграм-бот — түрлі сервистерді бірден қамтамасыз ететін робот деп айтсақ болады. Ол өте ыңғайлы әрі жылдам. Бүгінгі таңда телеграм бот арқылы ең жиі қолданылатын және азаматтарға арналған 25 түрлі қызмет бар. Атап айтқанда, мекенжай, жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы, психо-нарко мен туберкулезге қарсы диспансерлер анықтамалары, сондай-ақ онлайн кезек брондау, дәрігер қабылдауына жазылу.

Мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі туралы айтып өтсеңіз.

— Облыс бойынша халыққа қызмет ету орталықтарының мобильдік тобы шалғай елдімекендерге шығып, азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері 12 ауданға 5 автокөлік 279 рет қатынады. Барлығы 14462 қызмет көрсетілді. Бірақ мұндай қызмет көрсетудің саны жыл санап азайып келе жатқаны және бар. Өйткені ауылдардағы әкімдіктерге қажетті компьютерлер орнатылып, қызмет алушылардың өздері-ақ анықтама алуға көшті. Бұл, әрине, олардың цифрлық сауаттылығының артып отырғанын байқатады. Сонымен қатар биылдыққа бірыңғай  байланыс орталығы арқылы Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандардан түскен 1752 өтінішке қызмет көрсетілді. Бұл ретте мүгедек жандарға жабдықталған «арнайы терезенің» барын, оларға кезектен тыс

қызмет көрсетілетінін айта кеткен абзал. Орталықтарымыз арнайы пандуспен, шақырту түймесімен жабдықталған.

— Осында уақытша жүрген шетелдік азаматтарды тіркеу жайының қашан да өзекті мәселе екені рас. Бұған қатысты цифрлық қызметтер де айтарлықтай сұранысқа ие. Қазіргі ахуал қалай?

— Өткен жылдың соңында көші-қон халыққа қызмет көрсету орталығы ашылған еді. Сол жерде сіз айтып отырған азаматтарға «бір терезе» қағидасы бойынша бекітілген стандартқа сай мемлекеттік қызметтер көрсетіліп жатыр. Аталған орталықтан  медициналық тексеріс пен дактилоскопиядан өтіп, сақтандыру полисін рәсімдеуге және жеке сәйкестендіру нөмірін алуға болады. Нәтижесінде бұған дейін шетелдіктер Ақтөбеде жұмыс істеуге рұқсат алу үшін 5 күн жүрсе, енді рұқсатты бір-ақ сағаттың ішінде рәсімдей алады. Жалпы, көші-қон қызметтерін көрсету орталығы арқылы «Еңбекші көшіп келушілерге рұқсаттар беру және ұзарту» мемлекеттік қызметі бойынша осы жылдың 7 айында 7103 қызмет көрсетіліпті.

Цифрлық қызметтерге келетін болсақ, Ақтөбе  қаласы, Сәңкібай батыр даңғылы, 249 мекенжайынан былтыр Электрондық қызметтер орталығы ашылғаны белгілі. Мемлекеттік қызметтерді ұсынудың жаңа нұсқасы болып табылатын цифрлық халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтар өз бетінше қоғамдық қолжетімділік орындары, «Connection point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы электрондық өтініштер беріп, қызметтер алуда.

Филиал жұмысшыларының кәсіби біліктілігін жетілдіру бойынша ішкі жоспарға сәйкес оқыту жұмыстары әрдайым жүргізіледі. Айталық, уәкілетті орган мамандарының қатысуымен  дөңгелек үстелдер, ішкі оқыту семинарлары және  жеке оқыту сабағы өткізіліп тұрады.

—Автокөліктерді тіркеу және жүргізуші куәлігін алу бойынша жұмыстар жайы ше?

— Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы 2015 жылы Ақтөбе қаласында ашылды. Мұндағы қызметтер көліктерді тіркеу, қайта тіркеу, жүргізушілік куәліктері мен көліктерге мемлекеттік нөмірлерді берумен ерекшеленеді. Енді көліктерін тіркеуден өткізетін немесе жүргізушілік куәлігін алатын азаматтарға көрсетілетін қызмет уақыты қысқарып, 2 сағатты құрайды.

Орайы келгенде айта кетейін, соңғы жаңалық — жүргізуші куәлігіне арналған медициналық тексерістен өту жеңілдеді. Енді жүргізуші куәлігін рәсімдеу барысындағы медициналық комиссия құрамы 7 дәрігерден 4-ке дейін қысқартылды. Терапевт, оториноларинголог, көз дәрігері, психиатр-нарколог дәрігерлерінің тексерісінен өтсе жетіп жатыр. Кейіннен медициналық тексеріс барысында терапевт дәрігер қандайда аурулардың бар-жоғын «Диспансерлі науқастардың электронды тізілімі» ақпараттық жүйесі, ал психиатриялық немесе наркологиялық диспансерлердің есебінде тұрмауы жөніндегі ақпаратты мәліметтер базасы арқылы, сондай-ақ диспансерлердің анықтамасы негізінде тексере алады.

Аталған орталықта осы жылдың 7 айында 90473 қызмет түрі көрсетілді. Атап айтсақ, көліктерді тіркеу, қайта тіркеу 66597, жүргізуші куәлігін беру қызметінен 23876 құжат берілді.

Сұрақ сізден — жауап бізден

Редакцияға халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы, құжат рәсімдеу мәселесі бойынша сұрақтар көптеп келіп түседі. Осы жолы бірнеше сауалға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалының маманы Әсел Мұстафина жауап береді.

Сұрақ: Өткен демалыста жеке куәлігім мен үйдің барлық құжаттарын жоғалтып алдым. Енді соны барып қайта жасатуға уақыт жоқ, жұмыстан шыға алмаймын. Электрондық үкімет арқылы, ғаламтордың көмегімен қандай құжаттарды алуға болады? Электрондық цифрлық қолтаңбам бар.

Асқар Беков,

Ақтөбе қаласының тұрғыны.

Жауап:Жеке куәлікті ауыстыру үшін өзіңіздің үйіңізге жақын орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығындағы көші-қон бөліміне жолығыңыз. Мемлекеттік баж салығы — 505 теңге, 15 жұмыс күн ішінде дайын болады. Тездету үшін қосымша 4983 теңге төленеді. Электрондық портал арқылы өтініш беруге де болады. Жылжымайтын мүлікке қатысты құжаттарды да электронды нұсқада жіберіп, нәтижесін «жеке кабинеттен» ала аласыз.

***

Сұрақ: Құжаттарымды рәсімдейін десем, ылғи үлкен кезекке тап боламын. Бұл еліміздегі ХҚКО-дағы өзекті мәселенің бірі десем болады. Осы орайда алдын ала ғаламтор арқылы кезекке тұрып, белгіленген уақытта барып, шаруаңды реттеуге мүмкіндік  бар ма?

Жаңылсын Темір,

Ойыл ауданы.

Жауап:  ХҚО-ға кезекті egov.kz электронды порталы және телеграмдағы @egovkzbot арқылы брондауға болады. Электрондық үкімет порталы арқылы немесе ұялы телефоныңыздағы телеграм қосымшасынан @egovkzbot-ты тауып, ондағы «старт» тетігін басасыз; мәзір арқылы телефон нөмірін жіберіп, қызметтер тізімінен «ХҚО-ға электронды кезекті брондау» тетігін таңдайсыз; Телеграм-бот қызметін пайдалану үшін міндетті түрде мобильді азаматтар базасында тіркелу керек.Таңдаған ХҚО-ға келгенде жеке куәлігіңіз болуы керек.

***

Сұрақ:Екі мамандығым бар заңгер және экономист. Бірақ бала күтіміне байланысты үйде отырып қалдым. Бір арманым халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істегім келеді. Жұртшылықпен араласқанды, шулы ортада жұмыс істегенді жаным сүйеді. Сіздерге жұмысқа орналасу үшін кімге барам?

Кәмила Әмірова,

Мәртөк ауданы.

Жауап: Егер сіз халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істеймін десеңіз, әуелі арнаулы мемлекеттік қызметшілер тестілеуінен өтіп, кейін құжаттарыңызды онлайн тексеріп, өтінішіңізді тапсыра аласыз. Жұмысқа қабылдануыңыз үшін арнаулы комиссиядан өтуіңіз қажет.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button