Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Тері өңдеу: дәстүрлі технологияның негізі — ежелгі әдіс

Мәдени мұра

Юнеско сарапшылары шұбарқұдыққа келді

Өткен аптада облыс орталығындағы «Ақтөбе» қонақүйінің мәжіліс залында «ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі конвенциясын іске асырудың халықаралық тетіктері» атты республикалық семинар-тренинг өтті.

Аталған шараны Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының рухани мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитеті, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы және ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы кластерлік бюросы және облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырды. Үш күндік семинарға облыстық, аудандық және қалалық мәдениет мекемелерінің, кітапханалар мен музейдің қызметкерлері, тарихшылар, өнер адамдары қатысты. Облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасы

ның басшысы Нұрхан Кәдірбаев семинар-тренингті жүргізуге келген қонақтармен танысып, ұлттық қолөнерді мейлінше насихаттауға атсалысатынын жеткізді.

Шара барысында рухани-мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитеттің төрайымы Ханзада Есенова материалдық емес мәдени мұраның сақталуына жауапты мамандарға түгендеу жұмыстарын қалай жүргізу керектігін егжей-тегжейлі түсіндіріп, ҚР Қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлова дәстүрлі технологияға негізделген қолөнерді насихаттау турасында біраз әңгімелер айтты.

Семинар-тренингтің ең қызықты сәті Темір ауданы Шұбарқұдық ауылында өтті.

Қатысушылардың бәрі теріні дәстүрлі өңдеудің жалғыз шебері Нұрлан Жақыбаевтың шеберханасындағы жұмыстарды өз көздерімен көрді. Ал ЮНЕСКО-ның фото және бейне құжаттама жөніндегі сарапшысы, режиссер-оператор Алексей Каменский тері илеудің дәстүрлі технологиясының әр процесін қалт жібермей, маңызды сәттерін бейнежазбаға түсіріп отырды. Ал Ханзада Есенова қолөнер шеберінің ЮНЕСКО-ға ұсынатын тері өңдеу элементінің әр процесінің мейлінше түсінікті болуын қадағалап, деректі фильм көріп отырған басқа елдің адамының айранның немесе терінің қайдан шыққанын білмейтіндігін ескеруіміз қажет екенін түсіндірді.

  • ЮНЕСКО ұйымына материалдық емес мәдени мұраны қорғау мақсатында тері өңдеудің дәстүрлі технологиясы элементін ұсыну үшін біз осындамыз қазір. Сол үшін де әр процесті қалт жібермей бейнежазбаға түсіріп алып жатырмыз. Сосын Қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлова да ұсынысын жазып береді. Барлық құжаттар дайын болған соң, ЮНЕСКО-ға жолдаймыз. Барлық жұмыс содан кейін басталатын болады. Әуелі шеберге ЮНЕСКО сертификатын жібереді. Оны табыстаймыз ғой. Алайда мемлекет есеп берер алдында үш жылға арналған жұмыс жоспарын жасауы тиіс. Жұмыс жоспарында жаңағы дәстүрлі тері өңдеу элементін сақтау, насихаттау, жалпы бұқараға тарату қалай жүргізілетіні қамтылуы керек. Сосын сертификат алғаннан кейін үш жыл бойы жергілікті билік өкілдері, облыстық әкімдік, тіпті республика деңгейінде қамқорлық қажет. Мысалы, әуелі облыстың әр ауданында кішігірім үйірме ретінде ашылып бастап, кейін республика аймағында бұл кеңінен қолдау табуы керек. Бір қиындығы бар, егер бұл элемент бизнеске айналып кететін болса, онда ЮНЕСКО талаптары орындалмай, рухани мәдени мұра тізіміне жатпайды, — дейді рухани мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитеттің төрайымы Ханзада Есенова.

Шебер мен шаңырақ

Біз барғанда үстіне оюлы жейдесін киген шебер — №1 Шұбарқұдық мектеп-гимназиясының технология пәнінің мұғалімі Нұрлан Жақыбаевалдымыздан шықты. Ауласына екі киіз үй тігіпті. Бірінде қолөнершінің қолынан шыққан дүниелер мен ғылыми жұмыстары, сондай-ақ, өзі туралы жазылған газет-журналдардың тігінділері қойылған. Осы жерде Байғанин аудандық тарихи-өлкетану музейінің де жәдігерлері орналастырылған. Екінші киіз үйге тері өңдеу шеберханасы көшіп келгендей…

Әуелі қаладан барған топ осы екі киіз үйді аралап көрдік. Шебердің қолынан шыққан теріден жасалған бұйымдарды, атап айтсақ, торсық, кесеқап, көнек, тіпті, тең, жағылан сандық, сосын тобылғы сапты қамшыларды тамашаладық. Бір қуантарлығы — бұл бұйымдардың бәрі ежелгі әдіспен, яғни дәстүрлі технологиямен жасалыпты. ЮНЕСКО сарапшыларының арнайы келіп, деректі фильм түсіруінің себебі де — осы.

Түсірілім кезінде де семинарға қатысушылар белсенділік танытып, қолөнер шеберіне сұрақтарын жаудырып жатты. Біз де осы сәтті пайдаланып, Нұрлан Жақыбайдың әңгімесін қағазымызға түртіп алып отырдық.

  • Қолөнерге қызығушылық қалай пайда болды?
  • Естеріңізде болса, бұрын еңбек пәні (қазіргі технология пәні) қалай өтетін еді? Ұлдар қар аршып, аула тазартатын. Ол кезде мұғалім де, оқушылар да мектеп басшысы қайда жұмсайды, соны жасап жүре беретін. Беделі жоқ пән болды. Сосын мен намысқа тырысып, осы пәннің беделін қайткенде көтеруге болатынын көп ойландым. Содан 1989 жылы қазақтың қолданбалы өнерін насихаттау мақсатында «Халық қолөнері — асыл қазына» атты шығармашылық жұмысты бастадым. Бұл жұмысыма қоғамда екі түрлі көзқарас болды. Біреулер бұрынғының сарқыншағы десе, екіншілері қажет деп жатты. Бірі «мектеп бағдарламасына қосу керек» десе, тағы біреулері «алып тастау керек» деді. Сонымен өзімнің күшіммен, жігеріммен мектеп жағдайында осы қолөнерді дамытып келе жатырмын. Шығармашылық жұмыс қазір кеңейіп, дамып, түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау тапты. Соның бірі — 2006 жылы Мәдениет министрлігінің «Халық қолөнерін кәсіпкерлік негізінде дамыту» бағдарламасы шықты. Осы бағдарламаның біздің шығармашылық жұмысқа қолдауы күшті болды. Қолдау негізінде жұмысымыз дами түсті. Қолөнерге бетбұруыма осындай әлеуметтік, нағыз педагогикалық, ұлттық тәрбие мәселесі негіз болды дей аламын.
  • Негізі, арғы аталарыңыз да тегін болмаған шығар?
  • Шешемнің айтуынша, нағашы атам мықты шебер кісі болған екен. Ағаштан түйін түйген. Тазы ұстаған, соны кәсіп қылған. Шешемнің аяғы ауыр кезінде әкесі түсіне еніп, аян беріпті. Содан менің атымды Нұрлан деп қойыпты. Нағашы атам батасын беріп кеткен-ау деймін сөйтіп (күліп.)
  • Терімен жұмыс істеуге нақты қай жылы бет бұра бастадыңыз?
  • Ауылдың балаларына нені үйретуге болады? Қолжетімді шикізатты қайдан алуға болады? Ауылда не көп? Ізденіс үстінде жүргенімде менің көзіме малдың терісі түсті. Тері — ауылда ең тиімді, әрі қолжетімді ресурс. Тері илеуге арналған өндірістік заттар, шикізаттың бәрі сол ауылдан, малдан алынады. Айран, малдың басқа да өнімдері. Тері бояуға арналған өсімдіктер де ауылда өседі. Осылардың бәрінен керемет дүниелер жасауға болатынына көз жеткіздім. Содан кейін мен тері өңдеу технологиясын басым бағытқа қойдым. Металл — қымбат, ағаш та қолжетімсіз. Мектепте технология пәніне материалдық тұрғыдан қаржы қаралмайды. Сондықтан мен теріні ауылдық жерде ең қолжетімді материал екенін көріп жүрген соң, балаларға теріден неше түрлі дүниелер жасауға болатынын көрсеттім. Біздің балалар қазір, торсық, кесеқап, тең, көнек, бәрін жасап жатыр. Қамшы да өреді. Алдағы уақытта да теріден қазақ халқының бұрын пайдаланған тұрмыстық бұйымдарын жасау ойда бар.
  • Тері өңдеу технологиясын қайдан көрдіңіз? Кімнен үйрендіңіз?
  • Іздендім. Кітаптардан, газет-журналдардан оқыдым. Сосын белгілі этнодизайнер, мықты шебер Дәркембай Шоқпарұлынан дәріс алдым. Қасында жатып, шеберханасында болдым. Сағаттап әңгімелерін тыңдадым.
  • Теріні қалай таңдайсыз?
  • Мал базарына барып, тері сататындардан әуелі малдың денсаулығын растайтын құжаттарын сұраймын. Егер бәрі дұрыс болса, сосын барып, терінің тесіліп, бүлінбегенін тексеремін. Терінің сапалы болғаны маңызды. Әсіресе, гигиеналық-санитарлық жағдайына, ұрғашы-еркектігіне де мән беру өте маңызды. Ең әуелі, дені сау малдың бүлінбеген терісі болуы тиіс. Сосын 4-5 жастағы өгіздердің терісін құп көремін өзім. Негізі, төрт түліктің ішінде ең сапалы тері — түйенікі. Өзіне тән теңбілі болады. Бояғанда да әдемі көрінеді. Жылқы, өгіз терілерінің де өзіне тән қасиеттері болады. Біздің ауылда қолжетімдісі — ірі қара малдың терісі.
  • Аң терісін қолданасыз ба?
  • Қолданамын. Өте сирек.
  • Келіннің аяғының астына тулақты қандай теріден дайындайсыз?
  • Жылқының терісі ғой. Шикілей илеп, төсеп тастайды. Қатып қалады. Сапа жағынан алғанда жылқы мен ешкінің терісі өте керемет.
  • Таңдап алынған тері қалай өңделеді?
  • Таңдап әкелінген 4-5 жастағы өгіздің терісін әуелі жүнінен арылтамыз. Ол үшін теріні жібітуіміз керек. Менде қазір осы тері өңдеу процесіне пайдаланатын арнайы ешқандай темірі жоқ ағаш бөшке бар. Оның сыртын да ағаштың беріктігін күннен, желден қорғау үшін терімен қаптап қойдым. Сол бөшкеге 80 литрдей майы алынған, тіпті, көк суынан ажыратылған айран құйып, оған тазартылмаған бір келідей қара тұз салып ашытып аламыз. Сондай ашып тұрған айранға көк еттері алынған жаңағы теріні салып қоямыз. Бірнеше уақыттан соңтерініқырғыштың көмегімен тазартамыз, ащы айранға салынған теріден жүн оңай ажыратылады. Сосын теріні кәдімгі қапшыққа салып, құдық ішінде суға салмай, ауада, қараңғы, салқын жерде сақтаймыз. Бұл оны шыбын-шіркейлерден, күн көзінен қорғайды. Ол жерден алып, ою салатын болсақ, арнайы қалыптау әдісімен бедерлеп ою салынады. Ал қамшыға арналған теріні илеу үшін талқыға саламыз. Талқы — теріні керіп, созып, иін қандыра жұмсартатын ағаш аспап.
  • «Талқыға салу, талқылаймыз» деген сөздер осыдан шыққан ғой шамасы. Бұл аспап туралы айтсаңыз…
  • Тәжірибе жинақтай келе, талқыны өзім әр жерлерден оқығаныма сүйеніп, бірнеше мәрте жасадым. Біразы сынды. Ағаштан жасалатын құрал ғой. Қазір шеберханада тұрғандыДәркембай Шоқпарұлының кітабынан көріп, қара талдан жасап алдым. Тері илеуде таптырмас аспап. Барлық теріні талқыға салуға болмайды. Мен өзім қамшы жасайтын теріні ғана талқыға салып, қайыс дайындап аламын.

ЫСТАУ МЕН БОЯУ

  • Сіздің аулаңыздан бұрын-соңды еш жерде көрмеген ошақты көрдік. Ол қандай пеш?
  • Тері өңдеудегі ең соңғы кезең — дайын бұйымды ыстау. Қазіргі тілмен айтқанда, стерильденеді. Ыстауға арналған пештің аузы мен мұржасының арасы едәуір ұзынболып жасалады, ол жерді ыстау орны деуге болады. Яғни сол аралықтан өткен түтінге дайын өнім ысталады.
  • Бұйымдарды сонда немен ыстайсыз?
  • Теріден жасалған дайын өнімді жусанмен ыстаймын. Жусан — қурамаған кезде де, көк күйінде жанатын бірден-бір өсімдік. Теріп әкелеміз де, отқа сала береміз. Оның түтінінің өзі жағымды иіс береді. Тері илеудегі ең соңғы процесс — теріні жусанмен ыстау. Жусан да ауылдың кез келген жерінде өседі. Қолжетімді.
  • Шеберханаңыздан шоғайнаның жапырақтарын көрдік. Оны неге қолданасыз?
  • Шоғайна да ауылда өседі. Орыс тілінде «лопух» деп аталады. Біздің жақта «шоғайна» дейді. Әр жерде түрліше атауы бар. Аймақтық сөздіктерде Қызылорда, Арал, Қостанай жағында ошаған деп аталатыны жазылған. Бұл өсімдіктің дәрілік және бояулық қасиеті бар. Теріге ешбір химиялық бояудың түсін қайталамайтын әдемі түс береді, жасыл мен қоңырдың ортасы. Мен мұны «Ұлы дала түсі» деп атадым. Мықты бояу, керемет түс. Ондай түсті еш жерден көре алмайсыздар. Менің таза табысым — бұл. Шоғайнаның бояуын шығарған — мен. Авторы өзім. Бүкіл әлемге жариялаймын. Тері бояу үшін арнайы теріп әкелінген шоғайна жапырақтарын қазанда қайнап жатқан суға саламыз, жарты сағаттан соң судың түсі өзгереді, яғни жапырақтан бояу бөлініп шығады. Сол кезде жапырағын сүзіп алып тастаймыз да, бояуы бар суды арнайы ваннаға құйып қоямыз. Сәл суыған соң, сол суға теріні салып қоямыз. Бір күн тұрса, тері басқа түске боялып шыға келеді.
  • Шоғайнаны қай уақытта тересіз?
  • Мамыр айында терген жөн. Көк күйінде теріп аламыз.

БАҒАЛЫ ӘРІ БАТАЛЫ ҚАМШЫ

  • Осы ауылдың әр үйінде сіз жасаған бұйымдар бар ма?
  • Шәкірттерім арқылы жетіп жатқан болуы керек. Санаған жоқпын. Айтпақшы, бірде санап көрген едік. Мыңнан асып кетті. Журналға тіркегенім. Мысалы, жаңа шеберханада шәкірттерімнің бірі Ерасыл Сүйеніштің қамшы өргенін көрдіңіздер. Ол өзім жұмыс істейтін №1 Шұбарқұдық мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы. Қамшы өруді үйреніп жүр.
  • Қайыс пен былғарының айырмашылығы қандай?
  • Өңделген тері «қайыс» деп аталады. Қайыс қамшы өру үшін таспаланып тілінеді. Сосын өріледі. Үшіншіден қамшы сапталады. Былғары — химиялық жолмен өңделген тері түрі. Ірі қара малдың асықтарымен таспаларды тегістеп, құйрық маймен майлап отырады.
  • Қамшыға тапсырыстар бар ма?
  • Қамшыға еліміз бойынша апта сайын тапсырыс түсіп тұрады.
  • Бір қамшы қанша тұрады?
  • Бес мың теңгеден басталады. Ең бағалысы — тобылғы сапты қамшы.
  • Қамшының тағы қандай түрлері бар?
  • Мен көріп жүрген үш түрлі қамшы бар. Бірі тұяқты, еліктің тұяғынан жасалады. Мүйізден жасайтын қамшылар бар. Сосын тобылғымен сапталған қамшылар бар. Этнографиялық еңбектерде ең дұрысы — тобылғы сапты қамшы делінген. Сосын түсіндіреді: тобылғы қараған құсап быжырлап, көп боп өсетін өсімдік. Сосын да оны «Тұқымың көп болсын! Жапырағың жайылсын!» деген тілекпен ұсынылатын баталы қамшы дейді. Тұяқты қамшыны сыйға бермейді дейді. Тұяқсыз қаласың деген ырым бар екен. Бұны мен емес, этнограф ғалымдар жазып жүр. Тобылғының өзінің қасиеті бар, киелі өсімдік. Оған қамшының киелілігі қосылып, шаңырақта қасиетті мүлік боп есептеледі. Тобылғымен де тері ыстауға болады. Бірақ, мен оны қамшыға сап ретінде ғана қолданамын.
  • Тобылғыны қай кезде жинап аласыз?
  • Күзде жиналады. Түбімен жұлынып алынады.
  • Сіз жасап жатқан қолөнер бұйымдарына халықтың сұранысы қандай?
  • Қазіргі уақытта ұлттық нақыштағы аксессуарлармен үй бөлмелерін безендіру сәнге айналды. Осыған байланысты халықтан сұраныс бар. Сосын музейлерден қор толықтыру үшін тапсырыстар түсіп тұрады.
  • Халықтың арасында торсық секілді ыдыс-аяқтарды, қамшыны күнделікті пайдаланам деушілер бар ма?
  • Қазір жылқы, түйе бағатын кісілер бар. Солар қымызды, шұбатты бұрынғы дәстүрлі ыдыстарға құйып, сақтап, ұсынғанды тәуір көреді. Соған бет бұрып келеді. Теріден тігілген мес, күбілерді көп сұрайды. Бірақ, мес жасау үшін ешкіні бітеу сойып беретін адам жоқ. Мәселе сонда болып тұр. Ол үшін мен барып айтып, түсіндіріп, көрсетуім керек. Қойды сою оңай шығар, ал серкені бітеу союдың да өз әдісі бар. Сондықтан да оны екінің бірі жасай алмайды.
  • Сіз жасаған дүниелердің арасынан көне ыдыстардың бірі — көнекті де көзіміз шалды. Оны да өзіңіз жасадыңыз ба?
  • Иә. Өзім жасадым. Бұрын ата-бабаларымыз бие саууға арнап теріден көнек жасатқан ғой. Теріден салдырлаған дыбыс шықпайды, бие де қорықпайды.Бір қарағанда көнек қазіргі шәйнектерге ұқсайды, үлкен ыдысқа оңай құюға арналған шүмегі болады.
  • Ат әбзелдерін жасайсыз ба?
  • Мен әлі оған жеткен жоқпын. Әзірге теріден ыдыс-аяқ жасап жүрмін. Қажеттіліктен туындайды ғой жұмыстың бәрі.
  • Теріден аяқ киім жасап көрген жоқсыз ба?
  • Ол жоспарда тұр.

ОТБАСЫ ЖӘНЕ ШӘКІРТТЕР

  • Балаларыңыз да қолөнерге қызыға ма?
  • Қызыққанда қандай. Қолөнер — отбасылық кәсіп. Балаларым кішкентайларынан менің не істеп жатқанымды көріп өсті, қазір бәрі де қолынан қолөнер бұйымдарын жасай алады. Ұлым Алтынбек мен не жасаймын, ол да солардың бәрін жасай алады. Тіпті кейбір нәрседе шеберлігі менен асып түседі. Қыздарым Орынгүл мен Әсемгүл де қолөнерден құр алақан емес, бала күндерінен шашқа тағатын әшекейден бастап, теріден торсық, басқа да ыдыстар жасап үйренді.
  • Жолдасыңыз да шебер ме?
  • Ия. Жолдасым да қолөнерге жақын. Негізі менің шығармашылыққа ден қойып, қолөнермен кірісіп айналысуыма бірден бір себепші — жолдасым. Үйдегі берекенің ұйытқысы боп отырған — сол. Шығармашылық жұмыс жеке уақытың мен қаражатты жейді, соның бәріне төзімділік керек. Бұл жағдайда жолдасым мені әркез қолдап отырады. Тіпті, шәкірттеріме дейін біздің үйдің баласы секілді боп кетеді, тамақтанады, кейбірі апталап жатады. Бұл да сол жолдасымның арқасы.
  • Шәкірттеріңіз туралы айтсаңыз?
  • Мектепте отыз жылдан астам уақыт сабақ беремін. Сол жылдар ішінде алдымнан қаншама шәкірттер өтті. Мен өзім сабақ кезінде балаларға ұлттық өнерді, оның ішінде былғары, металл мен ағаштан жасалатын ұлттық бұйымдардың дайындалу тәсілін үйретуге тырысамын. Шәкірттерімнің жетістіктері де жетіп артылады.Айталық, оннан астам шәкіртім қолөнер бойынша өткен ғылыми жарыста топ жарып, гранттарға ие болды. Айталық, Халықаралық жарыстан топ жарып, жеңімпаз атанған Мирас Асқар байқаудан босатылып, оқуға грант негізінде түсті. Қазір ол — Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия Қазақ Ұлттық университетінің радиотехника, электроника және коммуникациялар мамандығы бойынша

ІІ курс студенті. Жазғы демалысын менің қасымда шеберханада өткізді. Шеберханада сіздер келгенде талқыға тері илеп жатқан бала — сол. Қыздар жағы тері бояуға арналған қына және шоғайна жапырақтарын теріп әкеледі, торсықтарды тігіп үйренеді. Үйренем деп келгенге есігім ашық. Кейде Ақтөбеден не басқа аудандардан да балаларын жіберіп жататын ата-аналар болады. Мені көрмесе де, өздері әкелмесе де, қоңырау шалып, баласын жібергенін айтып жатады. Ондай кезде баланы өзім күтіп алып, шеберханада қасымда біраз күн тәрбиелеп, сосын қайтадан шығарып саламын. Ондай сәттер де болды.

  • Кейбіреулер білгенін үйретсе де, құпия-сырларын бүгіп қалып жатады. Бұл тұрғыда сіздің ұстанымыңыз қандай?
  • Мен ашық саясатты ұстанамын. Ұстазым Дәркембай Шоқпарұлы маған: «Кең жүректі бол, ашық бол» деп айтқан болатын. Бар білетінімді ішімде сақтап алып кеткеннен не пайда? Одан да ұлттық өнерді насихаттап, қолөнерге қатысты қолымнан не келеді, соны жас ұрпаққа үйретуден жалықпаймын. Мен өзімді туған жерімнің, өз елімнің патриотымын деп есептеймін.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button