Спорт

Шапшаң голдар шаршатқан шақ

Премьер-Лига

Бұл турда «Атырау»-«Астана» кездесуі кейінге қалдырылуы елордалықтарды екі сатыға кейінге сырғытты. Жеңіске жеткен «Қайрат» бірінші рет көш басына шықса, тең ойынды қанағат тұтқан «Тобыл» топ бастаушылықтан кезекті рет екінші орынға ығысты. Ал «Ордабасы» алғашқы үштіктің желкесінен демалып тұр.

«Ақтөбе» бұл турда ірі есеппен ұтылды.

Бір жағынан, бәрі де әдеттегідей шапшаң голдан басталған сияқты көрінеді. Өйткені, міне, төртінші тур бойы жерлестеріміз қақпамызға шапшаң голдар енгізіп алып жүр: 7-минут, 8-минут, 10-минут, 11-минут.

Ал, екінші жағынан, екі айналым бойы тың күш қосылмағандықтан, еш демалыс көрмей, жасыл алаңға сол баяғы үйреншікті құраммен үзіліссіз шыға бергендіктен, жігіттеріміз шаршаған да болуы керек.Әрине, энтузиазм мен эмоция керек-ақ, бірақ ФИФА-ның қатаң тәртібіне тап болған біздің санаулы жерлестеріміз түгілі, запасқа шығатын ойыншылары жеткілікті командалардың өзі маусым соңына қарай қалжырай бастайтыны қалыптасқан заңдылық. Әсіресе, қарсыластардың небір таңдаулы футболшыларын аңдумен тыным таппайтын қорғаушыларымызға обал-ақ.

Бұның алдында өткен 22-турдан соң бір бапкердің төрт рет 0:1 есебімен ұтылғаннан гөрі бір рет 0:4 есебімен ұтылған тәуірлеу екендігі туралы әңгімесіне құлақ қойғанымызбен, чемпионат барысында алтыншы рет ірі есеппен жеңілуіміз аса жұбанарлық көрсеткіш емес екендігі және рас.

Ойын барысына келейік.

11-минутта Камо Оганесян сол жақ қапталдан айып алаңына тамаша пас тастады да, қақпаның дәл алдына келе қалған Айбар Жақсылықов шалт соққы жасады. Тура сол тұста жүрген ақтөбелік Бағдат Қайыровтың зымырап келе жатқан допты басымен сыртқары жібермек болған әрекеті қателікке ұрындырды, доп ентелей жүгірген Айбарға қарай өтті де кетті — 1:0.

30-минутта жетісулықтар алаңнын нақ ортасынан біздің қақпаның маңайына әуелете тасталған допты тағы да голға айналдырды. Ақтөбелік қорғаушылардың абдырай қимылдағаны соншалық, доп алаң иелерінің екі-үшеуіне тиіп барып, ақыры Камо Оганесянның соққысынан соң қақпаға лып етіп енді де кетті — 2:0.

Екінші таймда да қонақтар алаң иелеріне айтарлықтай қарсылықтар көрсете алмады.

65-минутта Айбар Жақсылықов «Ақтөбе» қақпасы алдындағы алас-қапас сәтті тағы да тамаша пайдаланды. Камо Оганесян жылжытып бере салған допты ысырап етпей, ақтөбелік екі-үш қорғаушының ортасынан саңылау тауып, қақпашы Равиль Нұрмұхамбетовті қапы қалдырды — 3:0

71-минутта Мантас Куклис пенальтиді қатесіз орындап, есепті одан әрі ұлғайтты — 4:0.

Ал 80-минутта соғылған бұрыштама доп «Ақтөбе» қақпасының алдына тағы бір қарбалас сәт әкелді, Равиль бір соққыны қайтарғанымен қонақтар бәрібір қорғаушыларымыздың осал жерін тауып, Никита Наумов қақпаға бесінші голды енгізіп жіберді — 5:0.

Ал ақтөбеліктер ше? Бұл ойында, расы керек, ұтылған күнде де, барынша жанкешті қимылдайтын жерлестерімізді тани алмадық. Алмат Бекбаев қорғаған қақпаға үш-төрт рет қана тіке соққы бағытталды. Дегенмен Абат Айымбетов тамаша пасты ысырап етсе, Асланбек Кәкімов жетісулық қақпашыны алдап өте тұра 100 пайыздық мүмкіндікті пайдалана алмады.

Осылайша «Ақтөбе» биылғы чемпионаттағы ең ірі есеппен ұтылды.

«Жетісу»-«Ақтөбе» — 5:0

Гол авторлары:Айбар Жақсылықов, 11-минут (1:0); Камо Оганесян, 30-минут (2:0); Айбар Жақсылықов, 65-минут (3:0); Мантас Куклис, пенальти, 71-минут (4:0); Никита Наумов, 80-минут (5:0).

Ескерту қағаздары көрсетілген жоқ.

«Жетісу»: Алмат Бекбаев, Мирам Сапанов, Никита Наумов, Дэвид Мавутор, Ермек Қуантаев, Камо Оганесян (Еркін Тапалов, 79-минут), Ненад Адамович (Альмир Мухутдинов, 70-минут), Мантас Куклис (капитан), Аслан Дарабаев, Айбар Жақсылықов, Руслан Степанюк​.

Бас бапкер Дмитрий Огай.

«Ақтөбе»: Рамиль Нұрмұхаметов, Саят Жұмағали, Виталий Волков, Есен Жасанов (Асланбек Кәкімов, 53-минут), Бағдат Қайыров, Антон Шурыгин (Рустам Темірхан, 61-минут), Александр Кицак, Ардақ Сәулет, Әлішер Әжімов, Маркос Пиззелли (капитан), Абат Айымбетов (Әбілхан Әбдікәрімов, 80-минут).

Бас бапкер Александр Седнев.

18 тамыз 2019 жыл. Талдықорған,  «Жетісу» стадионы, 3000 адам.

*   *   *

Басқа кездесулердің нәтижелері:

«Оқжетпес» (Көкшетау)-«Ордабасы» (Шымкент) — 0:4

«Тараз» (Тараз)-«Қайрат» (Алматы) — 0:2

«Шахтер» (Қарағанды)-«Қайсар» (Қызылорда) — 3:0

«Ертіс» (Павлодар)-«Тобыл» (Қостанай) — 0:0

«Атырау» мен «Астана» кездесуі елордалықтардың Еуропа Лигасындағы ойынына байланысты 25 қыркүйекке қалдырылды.

*   *   *

Бұл 23-турда барлығы 14 гол соғылды. Үшірі есеп нәтижесі тіркелді. Бір ойын тең есеппен аяқталды.

20 рет ескерту қағазы көрсетілді, алаңнан қуылған футболшы болған жоқ.

Бір ойында екі футболшы  екі голдан соқты —ЖоаоПауло («Ордабасы»);Айбар Жақсылықов («Жетісу»).

Екі пенальти белгіленіп, оның біреуінЭливелто («Тараз») іске асыра алмады, қақпадан биік тепті.

Шапшаң гол авторлары — Айбар Жақсылықов, 11-минут («Жетісу»); Мирзад Механович, 13-минут («Ордабасы»)

*   *   *

Сонымен 1-3 орын иелері: «Қайрат» (47 ұпай), «Тобыл» (46 ұпай), «Астана» (44 ұпай). «Астананың» басқалардан бір ойыны кем.

4-6 орындардағы командалар: «Ордабасы» (43 ұпай), «Жетісу» (38ұпай), «Қайсар»» (37 ұпай). «Жетісу» бір саты ілгері жылжып, оның орнына  «Шахтерден» ұтылған «Қайсар» орналасты.

7-9 орын иелері өзгерген жоқ: «Шахтер» (33 ұпай), «Оқжетпес» (27 ұпай), «Тараз» (19 ұпай).

10-12 орындағы командаларда орын ауыстырған жоқ: «Атырау» (18 ұпай), «Ертіс» (18 ұпай), «Ақтөбе» (4 ұпай). «Атыраудың» басқа командалардан бір ойыны кем.

ФИФА шешімімен «Ақтөбе» командасынан 12 ұпай шегеріліп қалғанын еске саламыз.

*   *   *

24-тур ойындары 24-25 тамыз, сенбі-жексенбі күндері өтеді.

25 тамыз күні «Ақтөбе» өз алаңымызда Павлодардың «Ертіс» командасын қабылдайды.

Басқа кездесулер:

24 тамыз, сенбі

«Тобыл» — «Атырау»

«Ордабасы» — «Шахтер»

25 тамыз, жексенбі

«Қайрат» — «Оқжетпес»

«Астана» — «Тараз»

«Қайсар» — «Жетісу»

…және шаршамайтын ақтөбелік жанкүйерлер

Биылғы чемпионаттың екінші айналымнан кейінгі қорытындысы шығарылды. 22 турға созылған 132 кездесудің нәтижесі есептелгенде ақтөбелік жанкүйерлер қай кездегідей де тағы да жарқырай көрінді.

«Ақтөбе» командасы қатысқан ойындарға ең көп жанкүйер — 123 600 адам жиналыпты. Бұл әр ойынға орта есеппен 5618 жанкүйер келді деген сөз. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, екінші-үшінші орында тұрған «Қайраттың» әр ойынын 4309 (барлығы 94 800) адам, «Ордабасының» әр ойынын 4173 (барлығы 91 800) адам тамашалапты.

Командалардың өз алаңында өткізген кездесулерін талдағанда да, әрине, тек «Ақтөбе» ілгері шығатынына ешкімнің күмәні болмаса керек.

Екі айналымның кезінде Ақтөбенің стадионы 79 200 жанкүйер немесе орта есеппен әр ойында 7200 адам жинаған екен. Ал көш соңындағыларды айтпағанда, екінші-үшінші орынға шығып тұрған тағы да «Қайрат» пен «Ордабасы» бізге әзір ілеседі. «Қайраттың әр кездесуіне Алматыда 5618 (барлығы 61 800) адам, Шымкентте «Ордабасының» әр ойынына 4382 (барлығы 48 200) адам келген екен.

Бір айта кетер жайт, өз стадионымыз дайын болмауы себепті «Ақтөбе» ерте көктемде өз алаңымызда өтуі тиіс екі кездесуін бөгде алаңдарда (Шымкентте, Қостанайда) өткізгенін ұмытпауымыз керек.

Жалпы алғанда чемпионаттың екі айналымында стадионға келген футбол жанкүйерлері 489 250 адам болыпты, яғни әр ойынды орта есеппен 3706 жанкүйер тамашалапты.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button