Басты жаңалықтар

3 көпбалалы отбасына пәтер берілді

Сейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Қарғалы ауданына барды. Аудандағы әлеуметтік нысандар мен шаруашылықтарды аралап, тұрғындармен кездесті.

Саябақ ашылды

Алдымен облыс әкімі Қарғалы ауданының орталығы Бадамшадағы орталық саябақтың ашылу салтанатына қатысты.

Шарада облыс әкімі аудан тұрғындарын жаңа саябақтың ашылуымен құттықтады.

Биыл аудан орталығында көптеген оң өзгерістер болып жатыр. Бірнеше көше асфальтталып, жарықтандырылған, су мәселесі шешілген. Ал бүгін жаңа саябақ ашылғалы отыр. Мұның бәрі мемлекетіміздің,оның ішінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының арқасында жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар, алдымен, тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту, әл-ауқатын арттыру үшін жасалса, екінші жағынан, елді мекендерді абаттандыру, көркейту — заман талабы. Сондықтан бүгінгі салтанатты шарада аудан тұрғындарын жаңа саябақтың ашылуымен құттықтаймын.

Қарғалы ауданының азаматтары еңбекқор. Сіздер көктемгі егіс науқанына ерте кірісіп, күзге дейін күндіз-түні тынбай, еңбек етесіздер. Сондықтан алда келе жатқан орақ науқаны сәтті, табысты болсын!— деген облыс басшысы «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 көпбалалы отбасына пәтер кілтін табыстап, «Мектепке жол»республикалық акциясы аясында ауданға 500 мың теңгенің арнайысертификатын тарту етті.

Айта кету керек, жаңадан ашылған саябақтың құрылысы 2017 жылы басталған. Жоба құны — 155,3 млн теңге. Саябақтың құрылысын «СтройКомСервис» ЖШС жүргізген. Саябақтың жалпы аумағы — 3,12 гектар. Онда балаларға арналған ойын алаңдары, субұрқақ, сахна және орындықтар орналасқан. Сондай-ақ саябақ аумағына 500-ге жуық ағаш көшеті егілген.

Аудан әкімі Асқар Жүсібалиевтің айтуынша, биылғы жылы аудан орталығында4 көше асфальтталған. Қазіргі таңда ауданда су құбырлары қайта жаңғыртылып, жаңа спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Келер жылы Бадамша ауылында 7 көше жөнделіп, жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Сондай-ақ аудан орталығы мен ауылдар арасындағы жолдар да жөнделеді.

Бадамшадағы өнер мектебіне жаңа ғимарат салынады

Бұдан кейін облыс әкімі бастаған топ аудан орталығындағы аудандық балалар өнер мектебін аралады. 1953 жылы салынған өнер мектебінің ғимараты бүгінде апаттық жағдайда тұр. Бүгінгі күні мұнда 500-ден аса бала білім алып, әртүрлі үйірмелерге қатысады.

Аудан әкімінің айтуынша, биыл өнер мектебінің жаңа ғимаратының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Ал жаңа мектеп құрылысына жоба бойынша екі гектар жер бөлінген.

Ескі ғимаратты аралаған облыс әкіміне аудан әкімі Асқар Жүсібалиев өнер мектебінің жаңа ғимаратын салуға қолдау керектігін айтып, көмек сұрады. Облыс басшысы аудан әкіміне жаңа жоба бойынша ұсынысәзірлеуді тапсырды.

Айта кету керек, биылғы жылдың маусым айындағы «Инжиниринговый центр Азия Эксперт» ЖШС-ның техникалық қорытындысы бойынша мектеп ғимараты «қанағаттанарлықсыз»деп бағаланған.

Жалпы аумағы 2256,9 шаршы метрді құрайтын аудандық өнер мектебінде 55 адам жұмыс істейді. Тозығы жеткен мектеп жаңа ғимарат салынған соң толығымен бұзылмақ.

Науқастармен тілдесті

Облыс әкімі бастаған топ орталық аудандық аурухананың жұмысымен де танысты. Бүгінгі күні бір ауысымда 150 адам қабылдайтын аудандық аурухана заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған.

Аудандық аурухананың бас дәрігері Берік Жаржановтың айтуынша, аурухана ғимараты

1955 жылы салынған. Мұнда 54 орындық стационар, емхана, жедел жәрдем бөлімі жұмыс жасайды. Аудандық ауруханада қызмет істейтін ақ халаттылардың саны — 162.

20 жедел жәрдем көлігі бар.

Бүгінде тұрғындарды «ДамуМед» электрондық жүйесі арқылы қабылдайтын ауруханада науқастарға барлық жағдай жасалған. Мұнда УЗИ, рентген кабинеттері, жас дәрігерлерге арналған тренажер залы, асхана, т.б. бар. Сондай-ақ ауылдық округтерде аудандық ауруханаға қарайтын 6 дәрігерлік амбулатория мен 9 медпункт жұмыс жасайды.

Аудандық ауруханада ем алып жатқан науқастардың бірі бадамшалық Александр Бордюжа:

Зейнеткермін. Аздап сырқаттанып қалып, қазір ем алып жатырмын. Ауруханада барлық жағдай жасалған. Дәрігерлер мейірімді, қолдан келгенше барлық қызметті жасап жатыр. Жағдайым жақсы, — дейді ол.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин ауруханада жатқан науқастармен тілдесіп, олардың хал-жағдайын сұрап білді.

«Дилэндтің» алқабы

Бұдан кейін облыс әкімі Оңдасын Оразалин Велиховка ауылының аумағындағы «Дилэнд» ЖШС-ның алқабына барды. Серіктестіктің заманауи ауылшаруашылық техникаларымен танысып, өнімдерін көрді.

«Дилэнд» ЖШС-ның директоры Қайрат Байтүліктің айтуынша, серіктестіктің жалпы егіс көлемі 17 896 гектарды құрайды, оның ішінде дәнді дақылдар еккен алқап көлемі —13440 гектар. Сонымен қатар шаруа биыл1400 гектар жерге бұршақ, 450 гектарға зығыр еккен. Шаруашылықта қазір 80 адам жұмыс істейді.

— Біздің серіктестік 2008 жылы құрылды. Негізінен дәнді дақылдар өсірумен айналысамыз. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында, сондай-ақ субсидияның көмегімен біз шетелдерден заманауи техникалар сатып алып, бүгінде соның нәтижесінде жақсы өнім алып отырмыз. Қайтарымы мол, қауіп-қатерсіз жұмыс жасауға болады, — дейді ол.

Кәсіпкер биыл қаржы институттары арқылы 480 млн теңге несие, сондай-ақ лизингке бірнеше техника сатып алған. Бүгінде шаруашылықта 40 техника бар, оның ішінде алтауы — егін егуге арналған техникалар. Серіктестік соңғы жылдары жалпы мөлшері

1,3 млрд теңгеге жаңа техника сатып алыпты. Сондай-ақ биыл серіктестік 16 гектар егістікке және 6 мың гектар алқапқа химиялық өңдеу жүргізген.

Қосестек ауылына барған облыс әкімі елді мекендегі «Қосестек» ауыл шаруашылығы-өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты. 2016 жылдан бері жұмыс жасайтын кооператив ірі қара өсірумен, сүт өңдеумен айналысады.

Кооператив басшысы Еркін Өтегеновтің айтуынша, бүгінгі күні шаруашылықта 87 бас аналық ірі қарамалы бар. Ал шағын сүт өңдеу цехының қуаттылығы – тәулігіне 2 тонна. Кооператив құрамында 21 адам, ал сүт өңдеу цехында барлығы 7 адам жұмыс жасайды. Халықтан сүт жинайтын шаруашылықтың меншігінде 4 тонналы сүт қабылдау пункті және сүт таситын арнайы көлік бар. Кооператив өткен жылы 240 тонна сүт жинап, облыстағы «Айс» ЖШС-на тапсырған. Бүгінде сүт өнімдерінен құрт, май, ірімшік, сүзбе, айран, т.б. өнімдер шығарады.

Тұрғындарды жеке қабылдады

Кооператив жұмысымен танысқан соң облыс әкімі ауылдағы орта мектеп ғимаратында Қосестек ауылының тұрғындарымен кездесті.

Бүгінде 1500-ден астам тұрғыны бар ауылда 218 оқушы білім алатын орта мектеп, 100 орындық «Балауса» балабақшасы, ауылдық дәрігерлік амбулатория және кітапхана жұмыс жасайды. Округте 3 ЖШС, 35 шаруа қожалығы және 62 жеке кәсіпкерлік нысаны бар.

Қосестек ауылдық округінің әкімі Гүлжан Досмағамбетованың айтуынша, ауыл шетіндегі «Ақтөбе-Орск» автомобиль жолымен күніне жүздеген көлік өтеді, сол себепті мұнда жол қызметі сервисі жақсы дамыған. Ал Қосестек ауылы ауызсумен, газбен 100 пайыз қамтылған. Алдағы жылы Қосестек ауылдық округі бойынша ауылішілік жолдарды күрделі жөндеуден өткізу, сондай-ақ көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілмек.

Ауыл тұрғындарымен кездескен облыс әкімі бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына орай облыста халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отырғанын, осыған орай өңірде іс-шаралар жоспары жасақталып, жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

— Бүгін ауданның тұрмыс-тіршілігімен танысып, тұрғындармен кездесу үшін жұмыс сапарымен Қарғалы ауданына келіп отырмыз. Жалпы ауданның қай ауылы болса да  Ақтөбе агломерациясын дамытуда алар орны ерекше. Оның ішінде Қосестек ауылына келер болсақ, бұл елді мекен облыс орталығынан 70 шақырым қашықтықта, «Ақтөбе-Орск» халықаралық автомобиль жолының бойында орналасқан. Бүгінгі күні аудан тарапынан ауылішілік 4 көшенің жолын салу және 4 көшені толықтай жарықтандыру үшін жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, сараптамадан өткізілді. Бұл мәселелер алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешілетін болады. Ауылда жүзеге асырылып жатқан барлық жобалар халықтың игілігі үшін жасалуда. Алда атқарылар жұмыс аз емес, сондықтан сіздер де ауылдың көркеюіне, дамуына өз үлестеріңізді қосуларыңыз керек, — деді О.Оразалин.

Кездесуде аудан әкімі Асқар Жүсібалиев бүгінгі таңда Қосестек ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындамәдениет үйі салынып жатқанын, оның құрылысына облыстық бюджеттен қаржы бөлінгенін атап өтті. Мәдениет үйінің құрылысы биыл жыл соңына дейін аяқталмақ.

Басқосуда Қосестек ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жолдыбай Ысқақов облыс әкіміне ауыл тұрғындары атынан ауылішілік жолдарға жөндеу жүргізілсе, жөндеу жұмыстарына келер жылы қаржы бөлінсе деген тілегін жеткізсе, зейнеткерлер зейнетақы алуға арналған шағын ғимарат қажет екенін алға тартты. Ал «Степное» ЖШС директорыАманғос Төлеуов биыл облыс әкімінің қолдауымен «Ақтөбе-Орск» автомобиль жолының бітпей қалған 45 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтып, аудан тұрғындары атынан өз ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ ол ауданда орман шаруашылығын дамыту үшіноблыс әкімінен қолдау көрсетуді сұрады.

Кездесу соңында облыс басшысы тұрғындарға жеке қабылдаулар жүргізіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады.

Сондай-ақ облыс әкімі бастаған топ жұмыс сапарының соңында Қарғалы су қоймасына барды.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button