Басты жаңалықтарМәселе

Берсиевті әлемге танымал еткен тары Ақтөбеде неліктен таңсық асқа айналды?

Тары өсіруден әлемдік рекорд орнатқан Шығанақ Берсиев — осы өңірдің перзенті екені, тиісінше Ақтөбенің брендінің қатарына аталған дақылды қосатынымыз белгілі. Сонау 1943 жылы 1 гектардан 201 центнер (!) өнім жинаған даңқты диқанның мол табысын қайталай алғандардың әлі күнге кездеспегенін де мойындамасқа лаж жоқ. Бұның басты себебі неде? Егіншілікпен айналысатын шаруаларды қандай мәселелер толғандырады? Ал агроном мамандардың айтар уәжі қандай? Біз халық арасында «жауынгер дақыл» атанып кеткен, құрамы дәруменге бай тары шаруашылығының неліктен тұралап қалғанын білуге тырысқан едік…

Егінші Талғаттың екі түйткілі  

Талғат Нұржігітовтің Ақтөбе қаласының іргесіндегі Қурайлы елдімекенінде шаруашылықпен айналысқанына он жылдан асты. Мал бағып, егіншілікті де қатар үйлестірген жігіт ағасы тары дақылын өсіруді әдетке айналдырған. Әне-міне дегенше егін ору науқанына кіріскелі отырған кейіпкеріміз биыл жауын-шашынның өте аз болғанын айтады. Бұның егіннің шығымына кері әсер ететіні түсінікті.

— Нарықта сұраныс болған соң, 2011 жылы тары егуді қолға алдым. Оған дейін де бұл жағынан аз-кем тәжірибем бар еді. Сол алғашқы жылы-ақ дақылдың шығымы жақсы шықты, гектарынан 15 центнерден жинадым. Ал 2016 жылы тіптен 1 гектардан 38 центнер өнім түсті.Өкінішке қарай, биыл қуаңшылықтың кесірінен 7-8 центнер орамыз деп отырмыз. Бұл, әрине, көңіл қуантарлық көрсеткіш емес.

Дей тұрғанмен, тары өспеген, өнім бермеген кез болған емес. Жаңбыр жаумаса да бұл дақыл түрі шаруаны жерге қаратпайды. Тары сонысымен пайдалы ғой.

Осы салада біраз жылдан бері еңбек етіп келе жатқан диқан ретінде айтарым, Шығанақ атамыздың рекордын жаңартпағанмен, соған жетеғабыл, гектарынан 100-150 центнер тары жинауға мүмкіндік бар. Ол үшін ең алдымен ылғалды ауа райы, болмаса егінді суаратын арнаулы құрылғы қажет. Ондай техника Германия, Австралия мемлекеттерінде бар. Құны — 500 миллион теңгеге жуықтайды. Бұйыртса, келесі жылы аграрлық корпорация арқылы несиеге сол соманы алмақ ойым бар. Кейіннен әлгі суаратын қондырғыны сатып аламын. Оның шаруашылықта көмегі орасан. Егер бәрі ойдағыдай іске асса, бүгінгідей жауынның түсіміне қарамай, мол өнімге қол жеткіземін.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Ақ тары өсірудің әйгілі шебері — Шығанақ Берсиев звеносы әр гектардан 1939 жылы — 25,5; 1940 жылы — 155,8; 1941 жылы — 165; 1942 жылы — 175, ал 1943 жылы 201 центнер өнім жинап, осылайша, үздік көрсеткішке қол жеткізді. Ол құнарлы жерге қойдың қиын төгіп, өсімдіктің өсіп-жетілу кезеңінде егістікті 4 рет суарып, жаз бойы арамшөпті 3 рет отаған. Тарыны пісуіне қарай іріктеп орған. Жыл сайын Ойыл ауданындағы ақ тарының сабағы майысып тұрған күлтелерін таңдап, оның ірі дәнін ғана тұқымға алған. Сөйтіп, тарының жақсартылған жаңа сортын өсірді.

(«Ақтөбе — құтты мекен» энциклопедиялық анықтамалығынан алынды)

Одан бөлек, шаруашылыққа газ, жарық тартылмаған. Су мәселесін әлгінде айттым. Бір сөзбен айтқанда, жерден басқа ештеңе жоқ. Осы жағынан Үкіметтен қолдау болса, мен сияқты егіншілікке ден қоятындарға үлкен жәрдем болар еді, — деген Талғат биыл 240 гектар жерге тары еккенін, оның басым бөлігі «Жарқын» («Яркий») сұрпынан(сорт) екенін атап өтті. Өзіміз де барып көрдік, биіктігі тізеден асатын қызыл-сары тары дақылын 1-2 аптаның ішінде оруға болады екен. Диқан өзінің иелігіндегі егістіктің маңына тақтайшалар іліп, онда науқанның басталып-тәмамдалатын мерзімін, егілген тарыға қатысты мәліметті ұқыптылықпен жазып қойыпты.

«Шығыны көп, пайдасы аз…»

Тары-талқанды тұтынатындар жақсы біледі, бір жылдары шаһардағы супермаркет, азық-түлік дүкендерінен жергілікті өнімді табуға болатын еді. Шағын қорапқа оралғанұлттық тағамды Талғат Нұржігітов басшылық ететін «Темір Тұлпар Батыс» ЖШС дайындаған-ды. Алайда бұны қазір іздеп таппайсыз. Бұныңжай-жапсарыжөнінде:

— Осыдан 6-7 жыл бұрын Ақтөбе қаласындағы ірілі-ұсақты дүкендерге тары саудалағанымыз рас. Оны өсірумен шектелмей, өңдеп, қуырып, кейіннен сауда-саттықпен айналысатын кәсіпкерлерге дайын өнім ретінде өткізгеніміз бар. Бірақ бұл кәсіптің пайдасынан шығыны шаш етектен екенін көп ұзамай түсіндік. Неге десеңіз, әлі күнге дейін тарыны тазалайтын, қуырып, түйетін технология жоқ. Соның салдарынан бұл процесс ұзақ уақытты алады, бәрін қолмен жасадық. Жұмысшылардың жалақысы бар. Оған жол шығыны, қорапқа кететін қаражат пен сыртқы безендіруді қосыңыз, айналып келгенде барлығы қып-қызыл шығын. Ал сөреге қойылатын тарының бағасы 250 теңгеден аспайды… Яғни өте арзанға бағаланады. Сондықтан бұл бастамамызды уақытша тоқтата тұруға тура келді. Егертарыны өңдейтін технологияны ойлап табатын өнертапқыш, ғалымдар табылса, жұмысты едәуір жеңілдететін еді, — деп сыр ақтарады шаруа.

15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған серіктестік басшысынан тарыдан бөлек, бидай, арпа, жүгері дақылдарын егетінін білдік. Төрт түліктің азығы — жем-шөпті де осы шаруашылықтан табуға болады. 230 жылқысы, 10 бұқасы, сиыр, қойлары да бар. Жалпы, 3 мың гектардан астам жерге иелік етіп отырған ірі шаруашылық иесі сөз арасында соңғы жылдары тары егілген әр гектар жерге төленетін субсидия беру тоқтатылса да, келер жылы дақылдың басқа да сұрыптарын егетінін тілге тиек етті. Оның сөзінше, шикі тарының өзі табыс әкеледі, бабын тапса аталған кәсіптен көл-көсір пайдаға кенелуге болады. «Алдағы жылда «Шығанақ Берсиевті еске алу» сұрпын егіп көргелі отырмын. Оған дейін тарыны сақтайтын үлкен қойманы салып бітірсем, суаратын қондырғының арқасында мол өнім жинамаймын ба? Құдай тек денсаулық берсін… Әйтпесе, тарыны көптеп орсақ, Ресей, Израиль елдерінен экспортқа деген ынта-ықылас зор. Әзірге тек ішкі нарықты ғана қамтып отырмыз», — деп ой-жоспарымен бөлісті Т.Нұржігітов.

Биыл 3,9 мың гектар жерге тары егілді

Тарының отаны саналатын Ақтөбені есептемегенде, астық тұқымдасына жататын біржылдық шөптесін өсімдік шаруашылығына Павлодар, Қостанай, Ақмола мен Батыс Қазақстан облыстары ден қойған. Аталған дақыл түрінің өңірдегі жай-күйін білмек болып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әбтиевке жолыққанбыз. Оның айтуынша, тарышылар арасында «Жарқын» мен «Шығанақ Берсиевті еске алу» сұрыптары ерекше сұранысқа ие.

— Өткен жылы облыста тары дақылы 8,8 мың гектарға егіліп, өнімділігі гектарына 9,4 центнерді құрады. Былтырғы көрсеткіштерден диқандардың таңдауы негізінен «Жарқын», «Шығанақ Берсиевті еске алу» сұрыптарына түскенін байқауға болады. Ал биыл тары 3,9 мың гектарға егілді. Оның басым көпшілігі Ойыл, Қобда мен Қарғалы аудандарының үлесінде екенін айта кету керек. Осы дақылға маманданған ірі шаруашылықтар деп «Қазақстанның 30 жылдығы», «Степное», «Темір Тұлпар Батыс» серіктестіктерін атауға болады.

Тарышылар еккен әр гектар жерге субсидияның енді берілмейтіні рас. Әйткенмен, олар сатып алған минералды тыңайтқыштар мен ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеуге арналған гербицидтердің 50 пайыз құны, ал тұқым шаруашылығын дамыту үшін себілетін тұқымдарға жұмсалған қаражаттың 30 пайызы мемлекет тарапынан субсидия ретінде төленеді. Бірақ шаруалар бұны жасауға қиынсына ма, әлде жерді тыңайтуды қымбат көре ме, бұл қолдауға аса құлық таныта қоймайды, — дейді Асылхан Сержанұлы.

Өңірде тары егістігінің аумағы азайған уақытта экспорт туралы айтудың өзі артық екенін ескерсек, төл тағамымызды өндеу,оны жарнамалау жайықалай шешіліп жатқаны соқырға таяқ ұстатқандай…

Тары өндірісі біздің өңірде ғана емес, республикада өзекті мәселеге айналып отырғаны хақ. Агрономдар ақ тарының атасы атанған Шығанақ Берсиев ойлап тапқан сұрып түгілі, мол өнім беретінөзге де тұқымдардың келмеске кеткенін алға тартады. Ал өткен ғасырдың орта тұсындағы ірі, дәмді һәм нәрлі тарыларды табу да оңай емес… Тары тұқымының тапшылығынан бөлек, оны өңдейтін, тұтынушыларға дайын күйінде ұсынатын өнеркәсіптің жоқтығы да «жығылғанға жұдырық».Тарыны түйіп, үй жағдайында әзірлеудің қыр-сырын кезінде көзкөргендерден меңгерген әйелдердің де жасарып бара жатпағаны, олардан үйреніп қалуға ниетті қыз-келіншектердің ілуде біреу екендігі тағы бар…

P.S.Тағамдық құнарлығын айтпағанда, емдік қасиетінің өзі басқа мақалаға сұранып тұрған төл тағамымыз — тарыны «жеңсік ас» дегеннен гөрі, қазіргі таңда таңсық ас деуге болады. Бұған тасада қалған тары өндірісі, үлкендердің өзі тары-талқаннан тағам әзірлеуді былай қойғанда, шайға қосып ішпейтінін, т.б. қарапайым мысалдарды тізбектесек те жетіп жатыр. Бұл дақылдың дастарқанға негізінен тек ұлттық мерекелерде ғана әкелінетінін де ешкім жоққа шығармас.

…Талайлардың таңдайын қақтырған жерлесіміз Шығанақ Берсиев тірі болса, бұған не дер еді?..

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ. 

 

 

 

 

СІЗ БІЛЕСІЗ БЕ?

Тарының шығу тарихы тереңде жатыр. Дәнді дақылды 5-7 мың жыл бұрын еге бастаған деседі. Дүниежүзінде тарының 500-ден астам түрі өседі деген дерек бар.

Ал оның құнарлығы — бөлек әңгіме. Халқымыздың «Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша…» деп айтуы тегіннен-тегін емес. Ғаламтордағы мәліметтерге жүгінсек, 1 келі тары сабанында 0,41 азықтық өлшем, 23 грамм сіңімді протеин бар екен. Тары жармасының құрамында крахмалдың мөлшері — 81 пайыз болса, ақуыз 12 пайыз, ал май мен қант жеке-жеке 3,5-0,15 пайызды құрайды. Яғни ондағы ақуыздың мөлшері күріш, қарақұмық жармаларынан едәуір көп. Тарыны неліктен «жауынгер дақыл» деп атайтынына келсек, ол анау айтқандай күтімді қажет етпейді, жері құнарлы, ылғалды болса жеткілікті. Сөйте тұра, тоқ тағам, бір кесе сүтке тары бөктіріп жеген адамның күні бойы қарны ашпайды.

Тарының сабаны, топаны мен кебегі малға таптырмас азық болса, дақылдың дәнінен спирт алынады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button