Басты жаңалықтарМәселе

Жастар үйленуге неге асықпайды?

Кейінгі жылдары айналамызда сүрбойдақтар мен кәрі қыздар қатары көбейіп барады. Қаншама тағдыр жалғыздан-жалғыз өз әлемінде өмір сүріп жүр.

Мамандар сөзіне сенсек, кеш үйлену тек біздің елде ғана емес, әлемдік деңгейдегі мәселе. Әлеуметтанушы, бірнеше кітаптың авторы Эрик Клиненберг бір кітабында әлемде ХХ ғасырға дейін жалғыздықты серік еткендердің аз болғандығын жазыпты. Ал қазіргі таңда АҚШ халқының отыз пайызы — жалғыз өмір сүретіндер. Бұл көрсеткіш 1970 жылы тек 17 пайыз болған екен. Әлеуметтанушының айтуынша, жалғыздық адамның денсаулығы мен психологиясына кері әсер етеді. Демек, ертерек жұп болуға асыққан абзал. Шынында да бүгінгінің жігіті отбасын құруға, қызы тұрмысқа шығуға неге асықпайды? Сыры неде?

Аға буын өкілдерінің айтуынша, ертеректе әскерден келген жігіттер жаппай үйлену науқанына кірісіп кетеді екен. Әскерден кейін үйленбей, жүріп қалу біртүрлі ұят саналатын бопты. Қыздардың жөні тіпті бөлек, жиырма екі жасқа дейін тұрмыс құрмаған қызды кәрі қыз санаған.

Ал қазір ше? Қазір жиырмадағы жігіттер бала секілді, оларға «Той қашан?» десеңіз, маған айтып тұр ма дегендей, таңданып қарап барып: «Үйлену туралы ойлануға әлі ерте ғой»,— дейді.

Үйленуге құлқы жоқ жастардыңөздері не дер екен? Бойдақ жігіттердің дені қазіргі қыздардың түр-келбетіңе қарағаны былай тұрсын, аспандағы айды сұрайтынын, жігіттерден көп нәрсе талап ететінін, қалағандарын жасатқысы келетін көкірек мінездері барын айтып, ренжиді. Енді бірі жасайтын жұмысың мен үй-машинаң барына, жалақыңның жоғары болғанына қатты мән беретінін алға тартады. Бойдақтардың бір бөлігі қалың мал, құдалық, той сияқты шығындардан қорқатындарын да жасырмайды. Ал жас кезінде бір қызды құлай сүйіп қалып, ол қызды басқа жігіт алып қашып, сол қыздан басқаға көңіл бөле алмай жүрген сүрбойдақтар да бар, дегенмен олар санаулы.

Облыста. Ақтөбе облыстық статистика басқармасының ресми сайтындағы демографиялық көрсеткіштерге сүйенсек, облыста жыл басындағы халық саны 871 мың адамнан асады. Оның 449 мыңнан көбі — әйелдердің, ал 422 мыңнан астамы ерлердің үлесіне тиесілі. Байқағанымыздай, бұл жерде қыз-келіншектерден гөрі ер-азаматтардың аз екені көрініп-ақ тұр. Статистика сайтын біраз ақтарып, бойдақтар туралы ешқандай мәлімет таппадық.

Ал тұрмысқа шықпаған қыздардың уәжі қандай? Олардың дені қазіргі жігіттердің өздеріне сенімі жоқ, ынжық, жауапкершіліктен қашатындығын айтса, енді бірі қыздармен тек көңіл көтеру үшін ғана жүретіндерін әңгімелейді. Енді бірі тұрмысы тәуір, мансапты қыздардың соңында жүретін альфонс жігіттердің де барын айтады. Тағы бір топ бірыңғай әйелдер жұмыс істейтін ортада қызмет ететіндерін тілге тиек етеді. Енді бірі «Үйде отырған адамды кім іздеп келеді? Шынымды айтсам, қазір көп үйден шықпаймын, шықсам да көпшілік ортаға бара бермеймін» деп шынын айтып жатады. Тұрмыс құрмаған қыздардың бір тобы бұрын ажырасқан жігіттермен бас қосқысы келмейтіндерін де жасырмайды.

Елімізде. 2009 жылғы халық санағына сәйкес, елімізде отыздан асып елуге иек артқан бойдақтардың саны 70 мыңнан асқан. Осы жастағы тұрмыс құрмаған әйелдер 110 мыңға жетіпті. Марқұм Мақаш Тәтімов демографиялық мәселеге әсер ететін бұл көрсеткішті ел әскерінен екі есе көп деп дабыл қаққаны есімізде.

Жалғызбастыларға ортақ бір уәж бар, ол — әлеуметтік жағдай. Қазірде жастар әуелі үй-күйін түзеп алып, үйленуді кейінге ысырып қоятын болды. Мектеп бітіріп, университетке түседі. Бітірген соң жалақысы жоғары жұмысқа орналасады, жұмыс істеп жүріп, әуелі үй алады, сосын көлік мінеді. Әрине, мұны орынсыз дей алмаймыз. Үй-күйсіз жүру жас отбасылар үшін өте қиын екенін білеміз. Алайда тұрмысты түзетуге талпынып жүргенде жүйрік уақыттың қалай зулап өте шыққаны байқалмай да қалады.

Көп кедергілердің бірі — жастардың бірін-бірі менсінбеуі. Мәселен, қыздардың кейбірі өз шаңырағы болғанын құп көріп, несиеге болса да, ұрынып, баспаналы болады. Өзі үй алып, өзін-өзі қамтамасыз етіп жүрген бойжеткен жалаңаяқ жігітке болашағын сеніп тапсыра алмайды. Ал отыздан асқан не қырыққа жақындаған жігіттердің дені өзінің қатарын менсінбейді, жас қыздарға жүгіреді. Сондай-ақ, өзі оқыған жігіт ауылда «әпке» боп отырған қызды қайтсін, өзі сияқты оқыған-тоқыған қыз іздейді. Ал оқымай қалған, ауылда мал шаруашылығымен айналысып жүрген жігітті қалада өзін-өзі күтіп қалған қыз тағы да менсінбей, дымын құртады.

Әлемде. Бірнеше 100 миллионнан асып-жығылатын сүрбойдақ қытай тек біздің елімізге ғана емес, бүкіл дүние жүзіне төнген үлкен қауіп екеніне әлем ғалымдары енді назар аудара бастады. Бұл дағдарыстан құтылудың төте жолын тапқан Қытай үкіметі шетел аза­маттығын, басқа мемлекеттің қызын ал­ған өз азаматтарына экономикалық кө­мек көрсете бастады.

Үлкендердің айтуынша, соңғы отыз-қырық жылда қазақтар ұлдардан гөрі қыздардың оқығанына көп көңіл бөліп кеткен. Ұлдарды тек шамасы жеткені ғана оқытқан. Оқымағаны «екі қолға бір күрек табылар» деп, ауылда қалады. Ата-ананың басым бөлігінің сондағы ойы: «барған жерінде қызымның еңсесі биік боп жүрсін» деген игі ниет. Мұндай кезде, әрине, қыздардың да талғамы өзгеретіні айдан анық.

Ресми деректер бойынша, елімізде жоғары білімді қыздар көп.Сондай-ақ, қыздардың саны ірі қалаларда басым болса, өндірістік қалалар мен ауылдарда жігіттердің саны көптеп саналады екен. Бұл жағдай қыздар мен жігіттердің бірін- бірі көрмей, теңін таппай еліміздегі сүрбойдақтар мен кәрі қыздардың санын арттыруға өз салдарын тигізіп отыруы мүмкін.

Бойдақтардың бір бөлігі жалғыздықтан қорықпайтындарын, жалғыз жүргеннің әлдеқайда артықшылығы барын алға тартады. «Мәселен, дейді олар, отбасы мүшелері көбейген кезде әлеуметтік мәселелер де көбейе бермек, ал қара басың болса, шығын да көп болмайды». Сүрбойдақтар арасында ғалымдардың «жалғыз адам көп өмір сүрмейді» деген пікірімен келіспейтіндері де кездеседі.

Әрине, бойдақтардың арасында «бұйырым болмай тұр» деген жұбаныш сөзге де бүйрегі бұратындары да бар.

Психолог пікірі

Үйленбей жүргендердің көбейіп кетуіне психологтар да алаңдаушылық білдіріп отыр. Олардың айтуынша, отыздан асып, отбасын құрмағандар сырт көзге бақытты көрінгенімен, негізі жан күйзелісіне ұшырағандар.

Облыс орталығында орналасқан «Шанс» әлеуметтік-құқықтық-психологиялық орталығының психологы Жайсан Ибадуллаева бойдақтардың үйленбей, салт жүруді таңдауы тек қана материалдық жағдайға байланысты емес, сол адамның өзіне деген сенімінің аздығынан деп түсіндіреді.

— Иә, соңғы жылдары бойдақтар саны сәт санап артып барады. Бұл, әрине, қорқынышты. Қаншама тағдыр? Негізі, бұл мәселеге психологиялық тұрғыдан келер болсақ, отыз-қырыққа келсе де шаңырақ көтермеудің басты себебі — отбасылық жауапкершіліктен қашу. Анығы, бұрынғы «үйленіп алсақ, бәрін бірге көреміз» деген стереотип өзгерген. Қазіргі таңда жастар арасында жауапкершілікті жалғыз өзі сезіну басым. Жастар үйленіп, үй болу, сәби сүю секілді жауапты істерге мойынсұнғысы келмейді.Тағы бір жағдай, жалғызбастылардың өзімшіл болып, өзгені менсінбей, әркез өзінікін дұрыс санауы. Эгоцентризмнің басым болуы салдарынан бойдақтар өзін қай мәселеде де әркез бірінші қояды. Салт жүрген адам өзін еркін сезінеді, соны кейбірі сән көруі де мүмкін. Шын мәнінде бұл уақытша құбылыс. Табиғат заңына қарсы тұруға болмайды. Қолдан келсе, ер де, әйел де жалғыз болмауы тиіс. Оны тұтастық дейді. Кейбір бойдақтардың отбасында ата-ана рөлдері дұрыс қалыптаспайды, содан да олардың біразы отбасылы болуға асықпайды. Тағы бір мәселе, соңғы жылдары гендерлік саясаттың да әсері басым. Қыздар ер- азаматтармен иық тіресіп, барлық жұмысты қатар атқарып жүргендіктен де, өздерін олармен тең ұстайды. «Өзім би, өзім қожа» — бұл феминистік көзқараста жүрген қыздардың талабы. Феминизмді жақтайтын қыздар өздерін ер азаматармен тең құқылымыз, бәрін өзіміз жасай аламыз деген ұстанымда болады. Ал қазақ отбасында ер-азаматтың мысы басым тұрмайтын ба еді? Қазіргі жігіттердің бойынан сондай қасиет табыла ма? Ал тұрмысымды түзеп аламын деп, отбасын құрмау, өкінішке қарай, ең көп кездесетін жайттардың бірі. Сондай-ақ, қазір салыстыру да көп, шамасы жетпесе де, дүркіретіп той жасау сәнге айналды, үйленгісі келетіндердің кейбірі осындай тойға шашатын қаражаты болмаған соң отбасын құруға талпынбайды, — дейді «Шанс» әлеуметтік-құқықтық-психологиялық орталығының психологы Жайсан Ибадуллаева.

Ислам не дейді?

Ислам діні де адамдардың неғұрлым ерте отбасын құрып, ұрпақ сүюге асығуы керектігін насихаттайды. Осы орайда біз «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Қайрат Дәрменовтің пікірін білген едік.

— Отбасы — көне әлеуметтік институттардың бірі. Бұл — қоғамның ажырамас бөлігі, шағын мемлекет. Бұл шағын мемлекеттің іргесі құламау үшін ең әуелі сүйіспеншілік керек, махаббат керек, сенім керек. Егер осылар болса іргесі берік болады.

Құран Кәрімнің «Рум» сүресінің 21-аятында: «Бірге тұруларың үшін, өздеріңнен жұбайлар жараттық және араларыңда мейірімділік пен сүйіспеншілікті пайда еттік» делінген. Сондықтан да жастар сүйіспеншілікпен үйленгендері абзал. Бойдақ жігіттер арасында үй-күйімді дұрыстап алайын дейтіндер бар. Алайда Құран Кәрімнің «Нұр» сүресінің 32-аятында былай делінген: «Іштеріңдегі бойдақтарды үйлендіріңдер. Егероларкедейболса да, Алла өзкеңшілігіменолардыбайытады. Алла аса кеңшілікиесі, толықбілуші». Біздің халық арасында да «бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген нақыл сөз бар. Пайғамбарымыздың бір хадисінде үйленудің ырыздығыңды арттыратыны жөнінде айтылады. Сондай-ақ, «Жұбайы жоқ адам бай болса да — міскін» дегенді де Пайғамбарымыз айтыпты. Құран сөзін өмір салтына айналдырған біздің халық «Бірінші байлық — денсаулық, екінші байлық — ақ жаулық» деп жұбайды байлыққа теңеп жататыны да осыдан. Мұхаммед пайғамбарымыз алты жағдайда асығуды әмір еткен. Соның алтыншысында: «Бойжеткен қызыңды күйеуге беруге асық» делінген екен. Негізі, үйленбей жүргеннен үйленудің пайдасы мол. Ең әуелі ұятты жерлерді сақтаумен бірге көзді бөгде қыз-келіншектерге қараудан тыяды. Бұл туралы да Пайғамбарымыз былай депті:«Ей, бойдақтар, араларыңдағы кімнің шамасы үйленуге жетсе, үйленіңдер. Шындығында ол көздеріңді тыйып, ұятты жерлеріңді қорғайды. Ал кімнің шамасы жетпесе, ол ораза ұстасын». Сонымен қатар, ол «Көбейіңдер, өсіп-өніңдер. Келешекте үмбеттерімнің көптігімен мақтанатын боламын» деген өсиет қалдырыпты,дейді «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Қайрат Дәрменов.

Басқа да мұсылман елдерiндегiдей, бiздiң халық арасында да сүрбойдақтар менкәрі қыздар бұрындары болып көрмеген.

Дәрігерлердің айтуынша, 30-40 жаста үйлену физиологиялық тұрғыдан да дұрыс бола қоймаса керек. Өйткені, медицинада 27-28 жастағы қыздар кәрі саналады. Жалпы кеш үйленуді мақсат тұтқандардың кейбірі еркін жүріп, зинақорлыққа ұрынып, тағы бірі жыныстық аурулар жұқтырып, денсаулығына зиян келтіріп алуы ықтимал. Оның ар жағында бала сүю арман боп қалу қаупі де жоқ емес. Себебі, медицина қызметкерлері тұрмысқа кеш шыққан қыздардың үштен бірінің ұрпақсыз қалуы мүмкін екендігін растап отыр.Кеш құрылған некенің бала санын шектейтінін күнделікті қоғамнан да көріп жүрміз. Марқұм Мақаш Тәтімов те өмірден өткенінше сүрбойдақтар мен кәрі қыздардың көбеюінің еліміздің демографиялық жағдайына кері әсер етіп жатқанын айтып кетті.

Дана бабамыз «он үште отау иесі» деп ұлды ерте үйлендіруге асыққан. Бесік құда болып, қызға ерте кезде құда түсіп қойған. Неғұрлым ертерек үйленудің жалпы денсаулық үшiн маңызды екенiн қазiргi медицина да анықтап отыр.

Р.S. Біздің халықта «Ерте үйленсең, қартайғанда қуанасың» деген қанатты сөз бар. Расы да сол. Айталық, балаларыңыз өзіңізбен қатар өседі. Ерте үйленіп, жалғыздықтың кері әсерлерін жұп болып жеңіп шығатындықтан, денсаулығыңыз мен жүйке жүйеңіз де қалыпты жұмыс істейтін болады. Ендеше, үйленіңіз!

Қай кездің де өз қиындығы болады. Үйленуге асықпайтындардың сылтауы да көп. Соғыс пен ашаршылық жылдары да ата-әжелеріміз үйленіп, шаңырақ көтеріп, бала сүйген. Ал жастардың жұптасып өмір сүруге ықыластары болмауы — әлеуметтік мәселелердің салдары емес, жастық эгоизм болуы да әбден мүмкін. Алайда жастық эгоизмнің 30-40 жаста да кездесіп, «қартайып» бара жатқаны алаңдатады бізді…

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button