Жаңалықтар

Аты бар да, заты жоқ кемпингтер бұзылып, жаңасы салынады

Ақтөбе облысындағы автокөлік жолдары бойындағы 145  сервистік қызмет көрсету нысанының 60-ы мемлекеттік стандартқа  сай емес. Бұл жөнінде  облыс әкімінің орынбасары  Аманғали Бердалиннің қатысуымен өткен жиналыста «ҚазАвтоЖол»  ұлттық компаниясы» АҚ  бизнесті дамыту, стратегиялар және ақпараттар  басқармасының басшысы  Еркебұлан Тұрсынбаев  мәлімдеді. Осы жерде аудандармен тікелей байланыста автокөлік жолдары бойында сервистік қызмет нысандарын ашу  жолдары талқыланды.

Келіспеген кемпингтер тек Ақтөбеде ғана емес. Еліміздегі  1819  жол-сервистік нысанның  850-і ғана ұлттық стандартқа сай. Ендігі жерде жол бойындағы сервистік қызмет көрсету орындары Қазақстанда  2016 жылдың 24 шілдесінде бекітілген  А, В, С, Д стандарттары негізінде  жобаланып, салынуы тиіс.

Жақында  «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен «Бәйтерек» холдингі арасында жасалған меморандумда   кемпинг құрылысына  жергілікті кәсіпкерлерді тарту көзделген. Мақсат  —  ұзақ мерзімді, пайыздық ставкасы төмен несие беру арқылы  жол бойындағы елді мекендер мен  аудандарда сервистік қызметпен айналысатын  шағын және орта бизнес нысандарын көбейту. Сервистік кешен жобасына

1 миллиард теңгеге дейін несие рәсімдеуге болады. Ел бойынша бағдарлама бюджеті –15 миллиард теңге. Оған  екінші деңгейлі отандық бес  банк қатысса, бұлардың ішінде «Сбербанк» АҚ  6 миллиард теңге бөліп отыр.

«ҚазАвтоЖол» ҰК»  АҚ  бизнесті дамыту, стратегиялар және ақпараттар бсқармасының   басшысы  Еркебұлан Тұрсынбаев:

— Кемпинг, жанар-жағармай бекеті, көлік жуу кешені, асхана, сауда орындары, эстакада тәрізді құрылыстарды біріктіретін  үлкен кешен тұрғызуға 750 миллион теңге қаржы керек. Бұған облыстағы бір кәсіпкердің шамасы жетпейді. Бірнеше кәсіпкер бірігіп, әрқайсысы әр нысан салуды қолға алса жұмыс жүреді.  Біз осындай пилоттық жобаны Қарағанды облысы  әкімдігімен бірлесіп Осакаров ауданында  қолға алдық. 10-15  қарағандылық  аукцион арқылы 3,4, 5,10 сотықтан жер телімдерін  сатып алып, кешен тұрғызуға кірісті. Бұл  —  жол бойындағы сауда орындары, көлік жөндейтін және жуатын кешен, жанар-жағармай құю стансасы, қонақүй, асхана тәрізді құрылыстары бар ірі орталық.  Осы жерден  жанар-жағармай құю стансасы құрылысына  жер телімі аукционнан  2,5 миллион теңгеге сатылды.

Облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин  өңірдегі жол сервисі нысандарының сапасы мен  оған инфрақұрылымдар жүргізуге  назар аударды. Өңірдегі  көп кемпингтің  «Д» санатынан аспай отырғанын, «Батыс Қытай-Батыс Еуропа», «Астана-Ақтөбе Атырау-Астрахань» ( РФ шекарасы)  жолдары салынған кезде, бір мезгілде бір  жол бойында «А» не «В» санатындағы үлкен кешен салуды бастау керектігін айтты: «Бізде  жол бойындағы 145 сервис орталығының 60-ы ғана  талапқа сай. Ендігі жерде жол бойында бұрынғыдай үйшік салуға болмайды».

Темір ауданынан тікелей байланысқа шыққан Нұрлан  Есенғалиұлы  ауданның екі  кәсіпкері «А» және «В» санатынан кемпинг құрылысы үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына құжат тапсырса да, «Ақтөбе облысына осы жоба қаралмаған» деген жауап алғанын айтты. Ол жол  сервисі бойынша үкіметтің басқа бағдарламасын сұрады.

Кемпинг құрылысына жоба әзірлеген кәсіпкерлерге  «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы, кәсіпкерлік басқармасы және «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы мамандары кеңес береді. А. Бердалин аудан сәулетшілерінің жобаларға өте салақ қарайтынын, соның кесірінен облыстан өтпей жатқанын айтты: «Бұл жерде бастапқы жобаға мұқият қарау керек әрі соңғы  стандартпен жобалануы керек.  А, В, С, Д санатындағы сервистік жобалардың үлгісі аудандарға жіберіледі. Бір коммерциялық нысан құрылысы үшін 40-50 шақырымға су, электр жарығын тарту негізсіз. Егер ол жерде 10 кәсіпкерлік нысан салынса, сөз басқа. Жол бойындағы сервис жұмысы инфрақұрылымдарсыз алға баспайды. Ең қиыны –жанар-жағармай стансаларын салу болса, осы шаруамен  ауыл, аудан әкімдері өздері жүгіруі тиіс. Бүгінде ақшасы бар адам ауылда отырған жоқ.  Сіздер  қаладағы  жанармай бекеттерінің  басшыларымен  сөйлесіп, ауданда құрылыс салуға үгіттеңіздер. Жер телімін алуға жеңілдіктер ашсаңыздар, Қарағанды облысындағы сияқты пилоттық жобаларды жасауға болады. Әрі сервистік нысандар инфрақұрылым желілеріне жақын жерден салынуы тиіс».

«Атамекен» облыстық кәсіпкерлік палатасының сарапшысы  Нұрлан Махамбетов қазіргі жол бойы сервистерін салудағы қиындық  инфрақұрылымдар жүргізуден  туып отырғанын айтты. Себебі, соңғы стандарттар бойынша  А,В, С, Д санатындағы сервистік нысандардың қай жерге салынуы және арасында қанша шақырыммен тұрғызылуы біздің елсіз далалықтың жағдайымен есептелуі керек. Сол үшін ауыл-аудан әкімдері, кәсіпкерлер, жол мекемесі қызметкерлері қай жерде қандай нысан  салуды ақылдаса шешу  қажеттігін әңгімеледі. Республикалық маңызы бар жол бойындағы үйшік сияқты нысандарды бұзып, орнына  жаңасын тұрғызу қажет.

Аудан әкімдеріне республикалық маңызы бар жолдар бойындағы сервистік нысандарды  кәсіпкерлермен бірге жобалауға тапсырма берілді.

                                                                   

    Баян СӘРСЕМБИНА.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button