Жаңалықтар

Сенат депутаттары ауданды аралады

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Марат Тағымов пен Мұхтар Жұмағазиев Nur Otan партиясы Хромтау аудандық филиалында облыстық және ауданық мәслихат депутаттарымен кездесті. Кездесу барысында қолданысқа енгізілген заңнамалардың орындалу барысы талқыланды.

Сенаторлар әуелі«Агрофирма «Тау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, кәсіпорынның тыныс тіршілігімен танысты. Кәсіпорын басшысы Тимур Ибрагимовтің айтуынша, бес жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан кәсіпорын айына 36 түрлі атаумен 300 тонна дайын өнім шығарады.«Milky land» таңбасымен таралатын сүт өнімдері еліміздің 6 аймағына жіберіледі. Сондай-ақ аудан аумағындағы ірі өндіріс ошақтары да жергілікті өнімге басымдық береді. Екі ауысыммен жұмыс жасайтын кәсіпорындағы 60-тан астам жұмысшының орташа еңбекақысы 80 мың теңгені төңіректейді. Ірі кәсіпорындар тарапынан бәсекелестіктің жоғарылығы салдарынан жергілікті тұрғындар мұндай жалақыға жұмыс істегісі жоқ. Сондықтан компания жұмысшы күшін өзге аудандардан алдыруға мәжбүр. Жұмысшылар жатақханамен қамтамасыз етілген.

Жергілікті шаруашылықтардан күніге бір тоннаға дейін сүт қабылдайды. Бұған қоса, шикізатты Белорусь елінен тасымалдайды.

Халық қалаулылары Хромтау тау-кен техникалық колледжінің конференц-залында көпбалалы аналармен кездесіп, олардың мұң-мұқтажына құлақ түрді. Көпбалалы аналар тарапынан түскен ұсыныс-тілектерді түртіп алған Сенат депутаттары заң шығару барысында оларды әріптестерінің талқысына салатынын жеткізді. Көпбалалы аналарды көбіне баспанаға қатысты сұрақтар толғандырды.

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Марат Тағымов пен Мұхтар Жұмағазиев Хромтау тау-кен техникалық колледжінің техникалық базасымен танысты. 1979 жылы іргетасы қаланған оқу орны бүгінде еліміздегі тау-кен саласындағы мамандарды даярлайтын үздік білім ошақтарының қатарында. Мұндағы мамандар шетелдерде білімдерін жетілдіріп, жоғары санатты мамандарды даярлауға өз үлестерін қосып келеді.Дуалды оқыту жүйесі бойынша білім алатын Хромтау тау-кен техникалық колледжінің түлектері 100 пайыз жұмыспен қамтылады.

Халық қалаулылары одан соң Дөң ауылдық округіне қарасты Оңғар ауылында орналасқан «Восход-Ориел» ЖШС-на барып, ондағы шахталық суларды тазарту ғимаратында болды. Өндіріс ошағының мамандары халық қалаулыларына шахта астынан шығатын лай суды тазарту арқылы тұрмыстық қолдануға жарамды ауызсуға айналдыру технологиясын  көрсетті.

Сенаторлар ауданға сапарларының соңында Ақжар ауылдық округіндегі «Ақжар-Агро» ЖШС-ның егіс алқабына барып, жиын-терім жұмыстарын бақылады. Шаруашылық басшысы Қайрат Төлепбергенов биылғы қуаңшылыққа қарамастан гектарына 10 центнерден арпа алуды жоспарлап отырғандықтарын жеткізді. Бұдан бөлек, 2010 жылдан бері егіншілік бағытында жұмыс жасап келе жатқан шаруашылық қатты бидай мен мақсары және күнбағыс өсіруменайналысады.

Қуандық РЕЙМОВ,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button