Ақтөбе — 150

Ардагерлерге құрмет

Ақтөбе қаласының денсаулық сақтау саласының 46 ардагері жергілікті медицинаны дамытуға қосқан үлесі үшін құрметке ие болды.

Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған шара Ақтөбе медицина орталығындағы медицина музейінде өтті. Еңбек ардагерлерін құрметтеуге арналған жиынға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов пен қала әкімі Мавр Абдуллин қатысты. Олар денсаулық сақтау саласы майталмандарына жылы лебіздерін білдірды. Сондай-ақ, шақырылған қонақтарға гүл ұсынылып, мерекелік медальдар мен сыйлықтар табыс етілді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев жиналғандарға облыстың медицинасы дамуының кезеңдері туралы айтып берді.

— Бізде барлық салада да диагностика мен емдеудің жоғары технологиясы енгізіліп, дене мүшелерін алмастыру жүзеге асырылуда. Ақтөбе Батыс Қазақстан медицинасының көшбасшысы болу тұғырын берік орнықтырды,— деді ол.

Медицина саласы кәсіподағының жетекшісі Қайрат Сабыр облыс аумағын осындай жетістіктерге жеткізген оң бастамаларға құптаушылығын білдірді.

— Емдеудің барлық озық деген әдістері мен технологиясы бізде жүзеге асырылуда. Бізге іргелес облыс орталықтарының ешқайсысы да мұндай ілгерілеуге жете қойған жоқ,— деп атап көрсетті «Сенім» медицина қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы.

— Бүгінгі мереке ардагерлердің есінде ұзақ уақыт сақталатын болады. Жиынға шақырылғандар арасында медицина мекемесі әкімшілігі өкілдері ғана емес, сонымен бірге біздің қаламызда көпшілік құрметіне бөленген тәжірибелі, қатардағы дәрігерлер де бар. Менің өзім — дәрігерлер әулетінің өкілімін. Менің анам Зібира кезінде еңбегі үшін Еңбек Қызыл ту орденімен, медальдармен марапатталды. Ол республиканың еңбек сіңірген дәрігері атағын алғашқы боп алған қазақ қыздарының бірі,— деді сөз алған Нұрлан Ағзамов. Ол отыз жыл облыстық туберкулезге қарсы диспансерді басқарды, жеті жылдай қалалық денсаулық сақтау бөліміне жетекшілік етті.

Салтанатты шарадан соң кәсіподақ өкілдері денсаулық жағдайына байланысты келе алмаған ардагерлерді құттықтау үшін олардың үйлеріне барды.

Алина СҮЛЕЙМЕНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button