Басты жаңалықтар

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Сүт өңдеуге маңыз беруіміз керек, оған ауылдағы халықтың өзі ерекше қызығушылық танытып отыр

Өңірімізде ауыл шаруашылығы саласының мамандарын басын қосып, олармен пікірлесу дәстүрге айналды. Ондағы мақсат — мал және егін шаруашылықтарын дамытып, өнім көлемін молайту. Кеше Мәртөк ауданында өткен «Ақтөбе облысында мал шаруашылығы, мал азығы және көкөніс өндірісінің дамуы» атты көшпелі семинар да осы бағытқа арналды. Облыс әкімінің төрағалығымен ұйымдастырылған шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Марат Тағымов пен Мұхтар Жұмағазиев, басқармалар басшылары, аудан әкімдері, 130-ға жуық ауыл шаруашылығы саласы мен қаржы институттары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Ақтөбеде арнаулы технологиямен жоңышқа өсірілмек  

Облыстың барлық ауданынан келген делегаттар алдымен бірқатар шаруашылық һәм кәсіпорынның жұмысымен танысып, олардың табысқа жетудегі тәжірибесі жөнінде білді. Мәселен, «Алманов» шаруа қожалығының иесі Данияр Алманов — 90 гектар аумақты алып жатқан жерден өз ырыздығын қалай тауып отырғаны жайында айтып берді. Жеміс-жидек, көкөніс өсіріп, мал шаруашылығымен де айналысатын жігіт ағасы еңбек еткеннің есебі түгел болатынын іспен дәлелдеп жүргендердің бірі. Ісін кеңейткісі келетін ол «Даму» қорынан 90 миллион теңге несиеге алып, сол қаражатқа 1 гектарға шақталған жылыжай салып жатқанын да айта кету керек. Ал «Пригородное» ЖШС —  көкөніс өсіруге маманданған өңірдегі ірі шаруашылық. Мұнда 65 адам жұмыс істейді. Серіктестік басшысы Степан Гайдардың айтуынша, иелігінде 74 ірі қара малы және бар. Осыдан 4 жыл бұрын көкөніс сақтайтын қойма салған кәсіпкерден олардың өнімдеріне көршілес облыстардан да сұраныстың барын білдік. Сол сияқты қатысушылар «Нан» шаруа қожалығының егістік алқабымен, «Рад Агро» ЖШС-ның суармалы жерлерінде өсіріліп жатқан жүгерінің аужайымен, «Мәртөк сүт» зауытының тынысын барып көрді. Облыста баламасы жоқ мал азығын дайындауға кірісіп кеткен «Милкер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де назардан тыс қалмады. Жобаның құны — 2,5 миллиард теңге. Оның 85 пайызын шаруашылық «Аграрлық несиелік корпорациясы» АҚ-дан несиеге алыпты.

— Біздің компания 2017 жылдан бастап жоңышқа өсіруге қатысты жобаны қолға алды. Оны арнаулы технологиямен бөлшектеу мен сақтауға да маңыз бердік.

Қазіргі таңда шетелдік арнаулы 12 машинамызбен жоңышқа мен жүгеріні егіп қойдық. Егілген алқаптың көлемі — 1760 гектар. Енді өнімді сұрыптап, өңдейтін алаңның құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан жайымыз бар. Жақында жоғарыда аталған технологияларға арналған германиялық қондырғыны сатып алдық.  Жобаның жалпы қуаты — жылына 16 мың тонна. Қазірдің өзінде 25 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Алға қойған жоспарымыз — қатарымызға тағы 15 маманды қосу, — дейді «Милкер» ЖШС директоры Қуаныш Ищанов.

Оның сөзінше, енді егілген мал азығы — жоңышқаға сұраныс білдірушілер жетіп артылады. Айталық, Еуропа елдері, Біріккен Араб Әмірлігі мен Қытайдағы шаруашылық қожайындары экспортқа мүдделі екенін бірден білдіріпті.

Дақыл сақталатын цехтың құрылысымен танысқан облыс әкімі бастаманы оң бағалап, ішкі нарықты да ұмытпау керектігін жеткізді.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Облыста барлық суармалы жер көлемі бүгінгі таңда 30 мың гектарға жетті. 2020 жылы тағы 10,6 мың гектар суармалы жер игеріледі деп жоспарланып отыр.

«Бұл — Елбасы тапсырмасы»

Көшпелі жиында бірінші боп сөз алған Оңдасын Сейілұлы мұндай форматтағы шара, яғни жер-жерде жиі өтіп тұратын ауыл шаруашылығы саласы мамандарының басқосуы алдымен ортақ һәм өзекті түйткілдерді білуге, артынша біріге отырып соны шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Өз сөзінде өңір басшысы Елбасының аграрлық секторды экономиканың драйвері ету туралы тапсырма бергенін, сол мақсатта Үкімет тарапынан зор мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатқанын қосты.

— Ауыл шаруашылығы саласы өзімізді азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз ету болса, екінші жағынан бұл жаңа жұмыстарын ашу, жергілікті халықтың тұрмыс-әлеуетін жақсартуға зор серпін береді. Сондықтан көптеген бағдарламалар арқылы нақтылы қолдау көрсетіліп жатыр. Өз тарапымыздан да өңірдегі ауылшаруашылық кешенін дамытуға байланысты үлкен жұмыстар жүргізілу үстінде. Тиісті министрлікпен де келіссөздер жасалды.

Бүгінгі семинардың мақсаты — ең алдымен сіздерді ақпараттандыру, сосын өзара тәжірибе алмасуға жағдай жасау. 

Ақтөбеде егіншілік және мал шаруашылығымен айналысатындар аз емес. Олардың өзіне тән проблемасы бар. Соның барлығын білу, осында отырған құзырлы органдар арқылы мүмкіндігінше шешу — біздің көздегеніміз, — деді Оңдасын Оразалин.

Одан соң Қобда ауданының әкімі Мейрамбек Шермағамбет өзі басшылық ететін өңірде егіс алқабының ауқымын кеңейтуге бағытталған жұмыстармен таныстырса, «АкТеп» ЖШС басшысы Нұрлан Сағыналин тақырыпқа қатысты пікірлерін ортаға салды. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты мал шаруашылығы департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов саладағы жаңашылдықтар, жаңа мүмкіндіктер жөнінде әңгімеледі. Соның ішінде ведомствоның қолдауымен салынған ұңғымалар, оның саланы өркендетуге қосатын үлесіне тоқталды. Кейіннен қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Сауал қоюшылардың арасында субсидияның қаралуы, ізінше берілуі тым ұзаққа созылатынын айтып, жайбасарлыққа наразылығын білдіргендер, су тапшылығын мәселе етіп көтергендер кездесті. Шаруалардың әлі де құқықтық сауаты төмен екенін, олардың бұл тараптағы деңгейін көтеруге министрліктен мамандарды тарту қажеттігін сұрағандар да болды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі аталған ауыл шаруашылығы саласы — бизнестің бір көзі екенін, ел экономикасы мен халықтың әл-ауқаты соған байланысты екенін қадап айтты.

— Суармалы жерлерді көбейту — басты мақсаттардың бірі. Оған байланысты министрлікпен бірге бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Сол сияқты егінді суару жайы да ерекше көңіл аударатын жайт.

Төрт түлік санын көбейту, соның ішінде асылтұқымды мал санын молайту — күн тәртібіндегі негізгі мәселе. Осыны айтқанда, сүт өңдеу жайын да жолға қою керектігін назарсыз қалдыруға болмайды. Өйткені ауылдағы халықтың, шаруа қожалықтарының өзі соған ерекше қызығушылық танытып отыр. Оларға бұл табыс табудың өзі. Бұл — негізгі мәселе.

Көкөністердің импортына келсек, оңтүстік өңірлерден жеткізушілерге кедергі келтіруге болмайды. Бірақ өзіміз де талаптанып, жерлестеріміз пайда көрсе, ол екі жаққа да тиімді. Сырттан келіп, бізді ешкім жарылқамайтынын тағы да айтамын. Сондықтан қолда барды тек тиімді жүзеге асыра алуымыз керек, — деп түйіндеді сөзін Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімі екі айдың ішінде осындай кездесудің үшінші рет ұйымдастырылып отырғанын айта келе, оның оң нәтижесі көп ұзамай байқалатынына сенім білдірді.

Сандарды «сөйлетсек»…

Ресми деректерге сүйенсек, облыстың мал шаруашылығы саласына биыл 5,7 миллиард теңге бөлініп, бүгінгі таңда оның 4 миллиард теңгесі игерілген. Ал субсидияны 391 шаруашылық алған. Осы орайда өтінімнің көптеп түсуіне байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне 5,9 миллиард теңге қосымша қаржыға бюджеттік өтінім берілгенін айта кеткеніміз абзал.

Осындай қолдау арқасында облыста мал шаруашылығында өндірілетін өнім, мал басы жыл санап өсіп келеді.

Осы жылдың 6 айында 69,5 мың тонна ет өндіріліп, көлем 105,6 пайызға артты. Сүт тиісінше 163,7 мың тонна, жүн — 1919,3 тонна.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша шетелдерден ірі қара малының аналықтарын импорттау тапсырмасы 16 мың бас, қой аналықтарын сатып алу тапсырмасы 30 мың қой болса, бүгінгі таңда 10 301 бас ірі қара малы және 18844 бас қой сатып алуға өтінім мақұлданып, шаруашылықтар сатып алуға кіріскен.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Ақтөбе-Мәртөк-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button