Басты жаңалықтарМәселе

Ажырасудан әлемде алғашқы ондыққа ендік…

Дабыл

Өткен аптада  әлеуметтік желіде африкалық жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы жүктелген бейнесюжет таралып, жатқа кеткен қыз тақырыбы  қызу талқыға түсті. Африкалық  мемлекеттің азаматымен отау құрып, аста-төк той өткізген қазақ қызына келгенде,   қоғамдық пікір екіге жарылды. Әсіре ұлтшылдар ұлттық тәрбиенің өзегінен өрмеген соң арты осылай болады деп африкалықпен некелескен  қыз бен осы некеге келісім берген ата-анасын кінәласа, либералды ұстанымдағылар  «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген пікірмен, отбасына ие болар қазақ жігіті көп болса, қыз жаттан жылу іздемес еді  деп бойжеткенді ақтады.

Дегенмен,  бірнеше тіл біліп, шекараның арғы жағындағы  жұрттың менталитетін бойына сіңірсе де,  ұлттық құндылық өмірлік ұстанымына  қазық болып қағылмаған қазақтың қызы  басқа елдің азаматымен отбасын құруда ақыл сұрамайды. Бейнесюжетін әлеуметтік желіге жүктемей, үн-түнсіз жатқа кетіп жатқан қыздарымыз  да көп.  Көбі азаматтық алу үшін осындай қадамға барады. Дегенмен, көңілдегі сұрақ – осындай некенің болашағы қандай болады? Дәстүрі, діні бөлек жұрттың арасында  болмысты жоғалтпау өз алдына, өзге жұртқа сіңісе алмай,  елге оралар күн туғанда, өзіңнен туса да, басқа жақтың азаматы болып қалатын балаңның тағдыры не болады? Әзірге  — бұл өз ішімізде зерттелмеген тақырып.

Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті  тәуелсіздік алғаннан бері басқа мемлекеттің азаматтарымен некелескен қыздарымыздың дерегін әлі  түгендеген жоқ.

Жатқа кеткен қызды іздемек түгілі,  өз еліміздегі жараспаған жұптарды қайта  бітістіру жағы  келіспей жатыр.  Соңғы 4-5 жылда Қазақстан ажырасу бойынша әлемдегі ең алғашқы ондықтың  ортасынан  ойып орын алды. 2015 жылы «Economist» журналының статистикасында Қазақстан әлемдегі ажырасушы елдердің алғашқы ондығына кірді. Бұл тізімде Ресей екінші орында.

Ересектерге не жетпейді?

Соңғы 5-6 жылдан бері елімізде  құрылған некенің үштен бірі  бұзылумен келеді. Бұл жерде өмір жолы екіге айырылған әке-шешенің қайсысын жақтарын білмей дағдарған, ажырасу жүйкесіне  соққы болып тиген баланың жайын  ешкім ойлап жатқан жоқ. Бабаларымыз ұлттың  болашағы ретінде   ерекше жауапкершілік артқан  қазақы отбасылық  институты бүгінгі заманда   қаласаң құрап, қаламасаң  сындыра салатын  ересектердің  құрастырмалы  ойыншығына  айналды. Мына  тыныш  заманда  ересектерге  не жетпейді?

ZONA.kz сайтының мәліметіне қарағанда, 2018 жылы  елімізде 137 мың 800 жұп некеге тұрса, 54 мың 800 жұп ажырасқан. Негізінен қала тұрғындары жиі ажырасады. Неке бұзылуы жағынан 2018 жылы Алматы қаласы мен Алматы, Қарағанды облыстары алдыңғы қатарда тұрса, ажырасу ең аз тіркелген — Атырау облысы.  Жалпы, соңғы он жылда  елімізде тіркелген  1 миллион 500 мың некенің   үштен бірі бұзылған.  2007 жылы Қазақстан бойынша 36 мың ажырасу тіркелсе, 2017 жылы 54 мың  жұп ажырасқан.

2019 жылдың 1 тоқсаны бойынша Қазақстанда 27 мың 900 жұптың некесі тіркелсе,13 мың 100 жұптың некесі бұзылыпты. Осыдан көрініп тұрғаны, отау құрған екі шаңырақтың бірі күйреп жатыр.  Ақтөбе облысында осы мерзім ішінде 1229 жұп некелессе, 590 жұп  ажырасып үлгерген. 2017 жылы Қазақстанда әрбір үшінші неке бұзылыпты. Бұрын-соңды болып көрмеген  мұндай ажырасулар қарқынын тоқтату үшін не істеу керек? Сотта неке бұзу процесі ажырасушылар  екі миллион теңге айыппұл төлеген соң барып қаралар болса, талай ерлі-зайыптының құбылмалы көңіл күйі дереу қалыпқа түсер еді деген пікір соңғы кезде көп  айтылып жүр.

Неке тіркеу қызметі  мамандарының мәліметінше,  ажырасудың негізгі себептеріне  ер адамдардың жұмыссыздығы, маскүнемдігі не есірткіге тәуелділігі, отбасындағы зорлық-зомбылық, бала тәрбиелеудегі қабілетсіздік,  қаржылық қиыншылықтар, соның ішінде баспананың жоқтығы, мінез-құлық үйлесімсіздігі жатады. Осылайша, отбасының ойрандалуына әлеуметтік-тұрмыстық жағдай (тұрақты жұмыстың болмауы не жұмыссыздық, баспананың жоқтығы, белгілі бір кәсіпке маманданбау), екінші жағынан, психологиялық фактор (жалқаулық, енжарлық, отбасын асырауға деген жауапсыздық,  мінез жараспаушылығы), адами факторлар (интеллект, тәрбие, білім деңгейі) кіреді.

Бір анығы — ажырасудың негізгі себебін бүркемелеген әлеуметтік-тұрмыстық сылтаудың  артында ерлі-зайыптының  өзімшілдігі жасырынған. Бірақ оны ажырасқандар ешқашан да мойындамайды. Отау құрдың ба, соңына дейін   шаңырақтың туы биік болуы үшін күрес деген дәстүрлі ұстаным  бұл жерде жүрмейді. Өзеуреген өзімшілдік жолдағының  бәрін таптап жіберуге даяр.

Әкесіз ұл-қыз, ажырасқан мұғалім…

2018 жылдың 20 наурызында  мектеп,  колледж оқушылары арасындағы төбелес, мұғалімдер  мен оқушылар арасындағы жанжал    талқыланған облыс әкімі жанындағы қоғамдық кеңесте  профессор Амангелді Айталы   мектептердегі қиын әлеуметтік-психологиялық  ахуалды бір  мектеп директорының сөзімен жеткізді. Амангелді Айталының «Неге мұғалім мен оқушының арасында  жиі шатақ шығады?» деген сауалына  директор (ер адам) былай деп жауап берген: «Оқушыларымның 45 пайызының әкесі жоқ, ажырасқан отбасы балалары. Бұл оқушылардың  мінез-құлқы   әке-шешесі бар  отбасының балаларынан басқалау. Мұғалімдерімнің  де дені әйелдер, олардың 40 пайызы күйеуден  ажырасқан. Анау да жынды — әкесі жоқ, мынау да жынды – күйеуі жоқ, сөйтіп, сабақ үстінде  жанжал туады».

Отбасында жиі ұрыс-керіс шығаратын, әйел, бала-шағасын ұрып-соғатын, қатыгез не жалқау, табыс таппайтын әкелердің көбеюіне не себеп? Отбасындағы өзімшілдіктен туған қиын ахуал көп жағдайда әйелдің жесір, баланың тірі жетім болуына әкеліп соғады. Мұндай еркектер отбасындағы  қадірсіз әкелердің қатарын оңай толтырады. Жұмыссыз, енжар, жалқау еркектің әке ретіндегі отбасындағы рөлі төмен болатыны рас.

Қазіргі  қоғамда кең таралған  көргенсіз  ата-ана мен көргенсіз ұстаз құбылысының жауабын филология ғылымдарының докторы Алма Қыраубайқызының өзі  іске асыра алмай арманда кеткен  «Сенім» бағдарламасынан табамыз.  Алма апайдың   Мағжан Жұмабаевтың ұлттық педагогика ұстанымына сай  үлгілеген  қағидаларына үңілсек, «Шәкірттің кемшілігін көргіш болсаң, ықыласын өшіресің», «Жеңілісін емес, жеңісін ізде», «Сабақтың мақсаты  — баланың басқаға ұқсамайтын қасиетін аша білу», «Ұстаз қызметінің мақсаты — өз пәнін үйретуден тереңіректе, ол — адамды қалыптастырушы адам»,  — деген  қарапайым қағидаларды табасыз. Мұның жауабы — адамды сүю екен.  Осы ережелерді жүйкесі жұқарған мұғалім мен төбелеске сұранып  тұратын, ерме мінезді оқушылары көп мектепке салып жіберсек, «Тентек оқушы мен күйеуі жоқ ашулы мұғалімдердің» көбеюіне әкелген жайттың жауабы шығады. Тұтастай алғанда шыдамсыз адамдары көп  қоғамның  жауабы да осында.

Ер адам  отбасындағы басқарушылық міндетін қай кезде, қай жерде  жоғалтып алды деген сұрақтың жауабын  рух әлсіздігінен  іздеуге болады. Рухы әлсіз ата-ана мен ұстаздан қандай  бала қалыптасады? Дені сау адамның рух биіктігіне әкелетін негізі – намыс. Оған қосылатын қосымша тіреуіштер – ұят, қайсарлық, табандылық, еңбексүйгіштік, уәдеге беріктік қасиеттер.  Басты кемшілік — ер баланы еркекше тәрбиелей алмағанымызда. Еркекше тәрбиеленбеген  бала көбіне отбасын басқара алмайды. Ерін сыйламайтын әйелдің де тірлігі оңбайды. Әке қолдауынсыз, тұрмыстың қамымен жүйкесі жұқарған шешені көрген бала көп жағдайда ынжық, іштей үрей мен қорқыныш құрсауында өседі. Бұл — тұйық шеңбер. Тұлғалық тұрғыдан қалыптаспаған ер бала отбасын құрып, алғашқы  тұрмыстық қиыншылықтарға тап болғанда-ақ абдырап қалады.

Өмірде орын таппай, психологиялық күйзеліске түскен жігерсіз жан ішіп кетеді, миын улаған  «өзін өзгелерден қор сезінуден» арылу жолы   әйел-баласын қара күшпен бағындырып ұстау деп түсінеді.  Осындай надан, өзімшіл, рухы әлсіз еркектің баласы отбасында  қандай тәрбие алады? Ешқандай. Оның бойында  әкеге деген жеккөрушілік сезім қалыптасады, анасы мықты болса, әкені батпақтан  суырып шығарады.  Егер, әйел бар мәселенің шешімін ажырасудан табар болса, рухы әлсіз ер адам  одан сайын бата  береді.

Жастарға табылмаған кілт

Қазіргі статистиканың ішінде  адам көрінбейді. Тағы да Айталыға оралсақ«Әлеуметтанушылардың зерттеуінше, бүгінде  18 жасқа дейінгі жас  60 мың сағат масс-медианың өнімін алады, 20 мың сағат мектептің ықпалында, 8-10 мың сағатын отбасы, ағайын-туыстың арасында өткізеді. Көріп отырғандарыңыздай, баланың мінез-құлқының қалыптасуында отбасыдан басқа жағы  басым тұр.  Ендеше, теріс кетіп бара жатқан жастың ниетін түзетуге жылы сөз, мейірім, адамгершілік ахуал керек.

Бүгінгі заманда 40-қа дейінгі жастардың пікірін көп білмейміз. Қазіргі 40 жасқа тола қоймаған қыз-жігіттер   тәуелсіздік алғанда 15-16 жаста  еді. Бұлармен қарым-қатынаста  баяғы стандарттар келмейді, басқа стандарттар керек.  Шындығына келгенде, олардың не ойлайтынын, іштей  не толғандыратынын білмейміз. Біз  жастарды қалай тәрбиелеп жатырмыз, қандай өнеге көрсетіп жатырмыз?  Өте талантты жастарымыз бар, бірақ  оларға кілт таба алмай жүрміз. Бұрынғы студенттермен (кеңес өкіметінде жұмыс істеген адамдармыз ғой) жұмыс істеу оңай еді. Ал, мына жастармен сәл басқаша. Оқу орнындағы тәжірибеден көріп жүргеніміздей, осы жастар  алдымызға бірталай дүниені біліп келеді, жақсысын да, көбіне-көп жаманын да.  Демек баяғы әдіс, баяғы ақыл айту жүрмейтін шығар. Әрине, жастармен жиі кездесу керек, кездесуден қашпаймыз, бірақ оларға құр ақыл жүрмейді.
Жастарды икемдеуге болады, алайда олармен ашық сөйлесуге  мұғалімдер дайын емес. Студенттер арасында жүргендіктен білеміз, жастарымыз өте жақсы. Алайда көргенді көргенсіз демекші, көргенді ұстаз көрмеген, көргенді ата-ана көрмеген, көргенді ештеңе оқымаған  — біздер нашармыз. Біздер, ересектер, өз-өзімізге сыни көзбен қарайық».

Халықаралық сарапшылар берік отбасы  мен некедегі берік қатынастар   мемлекет тұрақтылығының  басты факторы екендігін айтады. Біздің жағдайымызда  —  көпшілік мектептердегі оқушылардың 40 пайызы — толық емес отбасы балалары. Бұл  — өте  алаңдатарлық жағдай. Ендеше отбасын сақтау үшін, ажырасушыларға  айыппұл салу  жеткіліксіз. Ғаламдастыру заманы әлсіз отбасыларды, қазақ отбасылық институты шеңберінен аттап кеткендерді гендерлік теңдік қолымен  аударып тастап жатыр. Бабаларымыз  «Үйлену — оңай, үй болу –қиын», «Еркекке сенбе, екі босағаңа сен», «Әйел ақылды болса, өзін бақылайды, ақылсыз болса, сені бақылайды», «Еркегі тұрып, әйелі сөйлегеннен без» деген қарапайым қағидалармен   отбасылық қатынастарды бірнеше жүзжылдықтарға  шегелеген. Өзгенің мінін тергенше, өз бойыңдағы  өзімшілдікті жеңу қиынның қиынына айналған қазіргі уақытта  отбасы институты  ішкі-сыртқы қарым-қатынасты  үнемі реттеп отыруды қажет етеді. Ол үшін отбасы мүшелері өздерін үнемі  адами жағынан жетілдіріп отыруы қажет.

                                                                        Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button