Басты жаңалықтар

Онлайн қызметтің түрі көп…

2022 жылы біздің елдің тұрғындарының 80 пайызы компьютерлік сауатты болып, әр тұрғын интернетпен қамтылатын болады. Үйден шықпай-ақ, қажет анықтаманы онлайн алып, коммуналдық төлемдерді де онлайн төлей аласыз. Некеге тұруға да өтінішті онлайн беріп, сотқа да арызды үйде отырып жазуға болады. Осындай игілікті істердің бәрі де «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Жоғарыда айтылған онлайн қызметтердің кейбірін жаңа технологияның тілін білетіндер қазірден-ақ қолданып жүр.

Байқасаңыздар, қазір емханаларға туғаннан бергі ауру тарихымыз жазылған қалың дәптерімізді арқалап бармайтын болдық. Тек жеке куәлікпен барсақ болды, компьютер ішіндегі арнайы парақшамыздан бұрын немен ауырғанымызды, қай дәрігерге көрінгенімізді біле қояды. Бұл да қағазсыз құжат айналымын құруға жасалып жатқан алғашқы қадамдардың бірі емес пе.

Жаңа технологиялар қарыштап дамып жатқан сәтте онлайн қызметтердің көбеюі де — заман талабы. Қазір электронды үкімет порталы арқылы жасалатын қызмет түрі көп. Осы орайда біз сала маманы — Ақтөбедегі халыққа қызмет көрсету орталығы №2 бөлім басшысының орынбасары  Елік Сәбитовке тұрғындар арасында жиі кездесетін сұрақтарды қойған едік.

Қызметкерді үйге шақыруға бола ма?

 — Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерін үйге шақыртуға бола ма? Болса, қалай шақырамыз?

— Құжаттарын жасату үшін халыққа қызмет көрсету орталығына бара алмайтын мүгедектігін растайтын құжаты бар азаматтар (мүгедектік тобы бар балалар) мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері мобильді топты үйлеріне шақырта алады. Ол үшін 1414 байланыс орталығына хабарласып, өтініш қалдыру керек.

— Мобильді топ қанша уақытта қызмет көрсетуі тиіс?

— Мобильді топ 56 жұмыс сағаты ішінде өтініш берушіге алдын ала хабарласып, көрсетілетін қызмет бойынша құжаттар топтамасының дайындығын қосымша анықтағаннан кейін өтініш берушінің үйіне барады.

— Үйге келген топ қандай қызмет көрсете алады?

— Бұл топтағы қызметкерлер өтініш берушілерге электронды цифрлық қолтаңба беріп, мемлекеттік қызметтерді egov.kz порталы арқылы өз бетінше алуды және телеграмдағы egovkzbot-ын қолдануды үйрете алады.

— Мобильді топты шақырту нәтижесінде дайын болған құжатты қалай алуға болады?

— Өтініш барысында дайын болған құжатты алдырту үшін қайтадан 1414 байланыс орталығына хабарласып, өтініш қалдыру қажет. Мобильді топ қызметкерлері дайын құжатыңызды алып келеді.

 

Некені онлайн қалай тіркейді?

 

— Ал некені тіркеудің онлайн жолы қандай?

— Некелерін заңды түрде рәсімдеймін деген жас жұбайлар egov.kz порталының қызметіне жүгіне алады, ол үшін екеуінің де электронды цифрлық қолтаңбасы (қосымша мобильді азаматтар базасында тіркеуі) болуы тиіс.

— Некеге тұруға онлайн өтінішті кімдер бере алады?

— Портал арқылы өтінішті 18 жастан асқан, некеге алғаш рет тұрғалы жатқан болашақ ерлі-зайыпты ғана бере алады.

— Онлайн өтініш қалай беріледі?

— Мәселен, күйеу жігіт порталға кіріп, қызметті таңдағаннан кейін, болашақ жары мен өзінің жеке сәйкестендіру нөмірін енгізеді. Кейін ол некелері тіркелетін жергілікті атқарушы органның тіркеу бөлімін таңдап, қызмет құнын төлеуі тиіс. Бұдан кейін қалыңдық та порталға кіріп, «Қызметтерді алу тарихы» тарауын таңдап, ондағы сұрауға жауап беріп, өтінішті электронды цифрлық қолтаңбасымен растайды. Некені тіркеу күні және орны туралы хабарлама порталдағы жеке кабинетке келеді.

— Неке қай мерзім ішінде тіркеледі?

— Ерлі-зайыптылардың тіркеуін жауапты орган өтініш берілген күннен бір ай өткен соң жүргізеді.

 

Тұрақты тіркеуге қалай тұруға болады?

 

Тіркеуге электронды үкімет порталы арқылы тұруға бола ма?

— Мекенжай бойынша тұрақты тіркеуге тұру қызметін онлайн түрде еgov.kz порталы арқылы рәсімдеуге болады. Ол үшін тіркеуге қоюшы және тіркелуші тараптың электронды цифрлық қолтаңбасы қажет. Уақытша тіркеу электронды түрде рәсімделмейді,

Баспана иесі үйінде тіркелген тұлғалар туралы ақпаратты ала ала ма?

— Жылжымайтын мүлік иесі баспанасында тіркелген тұлғалар туралы мәліметті бірнеше тәсілмен ала алады. Анықтамаларды eGov.kz порталы, mGov қосымшасы, сондай-ақ телеграмдағы @egovkzbot көмегімен алуға болады. Қызмет тегін көрсетіледі.

 

Онлайн алынған анықтамалар жарамды ма?

— Психо-нарко және туберкулезге қарсы диспансерлер анықтамаларын қалай онлайн алуға болады?

— Аталмыш анықтамаларды egov.kz порталы мен телеграмдағы @egovkzbot арқылы алуға болады.

Анықтама алу үшін не істеу керек?

— Анықтамаларды алу үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет. Ал телеграм-бот қызметін пайдалану үшін мобильді азаматтар базасында тіркелу міндетті.

Онлайн-анықтама ақылы ма?

— Электронды портал мен телеграм-бот арқылы алынатын анықтамалар тегін беріледі.

Онлайн жолмен алынған анықтама жарамды ма?

— ҚР «Электронды құжат және электронды цифрлық қолтаңба туралы» Заңына сәйкес, портал мен телеграм-бот көмегімен алынған анықтамалар қағаз жүзінде берілетін анықтамалардың күшімен бірдей, сондықтан барлық сұрататын органдар үшін жарамды.

 

Жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыруға бола ма?

— Жүргізуші куәлігін қалай онлайн ауыстыруға болады?

— Егер жүргізуші куәлігінің мерзімі аяқталуға таяу болса, оны онлайн egov.kz электронды порталы арқылы ауыстырыңыз. Ол үшін еgov.kz порталынан көлік және коммуникациялар бөліміне өтіңіз; Жүргізуші куәлігін алу қызметін таңдаңыз; Порталда авторланып, «Қызметті онлайн алу» батырмасын басыңыз; Өтінішті толтырып, электронды цифрлық қолтаңбамен қол қойыңыз; Өтінімге jpeg форматындағы фотосурет пен қолтаңбаңыздың үлгісі бар парақтың скан көшірмесін қоса тіркеңіз; Баж төлеу барысында мамандандырылған ХҚО орналасқан ауданға қарасты салық басқармасын таңдаңыз; Тиісті баж салығын төлеп, электронды чекті басып шығарыңыз. Құжатыңыз дайын болған сәтте халыққа қызмет көрсету орталығына барып,  жеке басты куәландыратын құжат; басып шығарылған электронды өтініш; ескі жүргізуші куәлігін, мемлекеттік баж төлеу туралы чекті ұсынасыз.

 

Кезекті брондау үшін не істеу керек?

 

— Айтпақшы, халыққа қызмет көрсету орталығындағы кезекті egov.kz электронды порталы және телеграмдағы @egovkzbot арқылы брондауға болады дейді. Ол үшін не істеу керек?

— Егер электронды үкімет порталы арқылы жасағыңыз келсе, онда мына нұсқаны жасаңыз: egov.kz электронды порталына кіріп, оң жақ бұрышта орналасқан «ХҚО-ға» кезекті брондау» тетігін басыңыз; өзіңізге ыңғайлы жақын орналасқан ХҚО бөлімін таңдаңыз; ЖСН нөмірін енгізіңіз; «Келуді жоспарлау» тетігін басып, тізімдегі қажетті қызметті таңдап, келу күні мен уақытын көрсетіңіз; Соңында кезекті онлайн брондағаныңыз жөнінде хабарлама келеді. Ұялы телефоныңыздағы телеграм қосымшасы арқылы кезек брондағыңыз келсе, онда телеграмдағы @egovkzbot-ты тауып, ондағы «старт» тетігін басасыз; мәзір арқылы телефон нөмірін жіберіп, қызметтер тізімінен «ХҚО-ға электронды кезекті брондау» тетігін таңдайсыз; Телеграм-бот қызметін пайдалану үшін міндетті түрде мобильді азаматтар базасында тіркелу керек. Кезегіңізді брондап қойған соң, таңдаған орталығыңызға барып, жеке куәлікті ұсынсаңыз жеткілікті.

 

Мобильді үкімет қосымшасы туралы естуіңіз бар ма?

 

Бұл — egov.kz электрондық үкімет порталының телефонға арналған шағын нұсқасы. Оны қалтаңыздағы egov.kz десек те болады Сонымен «мобильді үкімет» — mGov қосымшасын қалай пайдалануға болады?

Әуелі mGov қосымшасын ұялы телефоныңызға жүктейсіз. Сосын «Мобильді азаматтар базасына» тіркеліп қою қажет. ЖСН немесе ЭЦҚ арқылы не «бір реттік құпия сан» арқылы кіре беруге болады.

— Қазіргі уақытта мобильдік қосымшада 80-нен астам қызмет пен сервистер ұсынылған. mGov көмегімен түрлі анықтамаларды алуға, балабақша, тұрғын үй кезегін қарауға, салық пен берешектерді төлеуге, хабарламалар (жолда жүру ережесін бұзғаны үшін айыппұлдар туралы) алуға мүмкіндік бар. Мобильді азаматтар базасында тіркелгендер egov.kz порталы мен mgov.kz қосымшасына бірреттік құпиясөз көмегімен кіріп, телеграмдағы egovkzbot-тың 25 түрлі қызметін пайдалана алады. Сондай-ақ базада тіркелгендерге бала тууына қатысты проактив қызметі бойынша СМС-хабарламалар жолданады. Мобильді азаматтар тобына қосылу үшін ХҚО-ға бару керек немесе egov.kz порталындағы жеке кабинет арқылы тіркелу керек, — дейді Елік Сәбитов.

Маманның айтуынша, бұл базада бар/жоғыңызды алдын ала тексеруге де болады. Ол үшін egov.kz порталына кіріп, басты беттегі «Сервистер» бөлімінен «Мобильді азаматтар базасында пайдаланушыны іздеу» қызметіне өту керек. Ондағы жолаққа ЖСН енгізсеңіз, жауап бірден беріледі.

 

P.S. Былтыр электронды үкімет порталындағы онлайн қызмет түрі 500-ге жуықтаса, одан бері саны күн санап артып келеді. Ақтөбедегі халыққа қызмет көрсету орталығы №2 бөлім басшысының орынбасары  Елік Сабитов онлайн қызметтің игілігін көру үшін жұрттың қазір электронды цифрлық қолтаңбаға сұранысы артқанын да айтып отыр.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бір жылдың ішінде ел тұрмысына қаншама өзгерістер алып келді. Аталған бағдарлама негізгі бес бағыттан тұрады: экономика салаларын цифрландыру, цифрлық мемлекетке көшу, цифрлық Жібек жолын іске асыру, адами капиталды дамыту, инновациялық экожүйені құру. Осы бағыттар бойынша қазірдің өзінде мобильді банкинг, онлайн төлемдер, онлайн-сауда, электронды кезек алу секілді бірқатар қызметтер жолға қойылды. Осындай қарқынмен дами беретін болса, аталған бағдарлама 2022 жылға дейін өз мақсатына жететін болар. Ал халыққа тұрмыс сапасының жеңілдегені жақсы емес пе?!

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА. 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button