Құқық

Бұрынғы билердің жұрнағы

5 тамыз — Медиация күні

 

2011 жылы 5 тамызда Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңы күшіне енді. Содан бері жыл сайын бұл күн «Медиация күні» боп аталып жүр. Кеше елімізде медиацияның бірыңғай күні өтті. Облыс әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен ақтөбелік медиаторлар да бұл күнді атаусыз қалдырмады.

Әуелі «Қоғамдық келісім» коммуналдық-мемлекеттік мекемесінің директоры Бақытгүл Снабаева медаиторларды Медиация күнімен құттықтап, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы медиация институты белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын айтып өтті. «Медиация кеңесі — Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Біздің мекеме жанында да медиация кабинеті бар. Облыста 22 кәсіби медиатор жұмыс істейді. Жыл басынан бері өзара ынтымақтастық туралы үш меморандумға қол қойылды», — деді Б.Снабаева.

«Халықаралық құқық қорғау орталығы» республикалық бірлестігінің Батыс Қазақстандағы филиалының жаттықтырушы-медиаторы Светлана Балпейсова өзінің 2012 жылдан бері медиация саласында бітімгершілікпен айналысып келе жатқанын әңгімеледі.

— Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІІ съезінде медиацияны одан әрі дамытып, нығайтуымыз керектігін айтты. Екі баланың анасы, әже әрі кәсіби медиатор ретінде мен балалардың болашағына алаңдаймын. Сондықтан да мен медиация саласы арқылы қоғамға көмектескім келеді. Балалардың бірін- бірі сыйлап өскенін, адамдар арасындағы түсініспеушіліктің неғұрлым аз болғанын қалаймын. Қоғамдағы шиеленіскен жағдайларды болдырмай, сотқа арыздануды азайтқым-ақ келеді. Ертеректе барлық тұрмыстық-әлеуметтік мәселелерге қатысты дау-дамайларды билер шешіп отырды. Қазір медиаторлар солардың жұрнағы іспетті. Америкада сот істерінің 90 пайызы медиация арқылы шешіліп отырады. Бізде де алимент өндіру, мүлік бөлу секілді отбасылық дау-дамайлар ғана емес, азаматтық істермен қатар қылмыстық істер де қаралады. Айталық, 2018 жылы медиацияда облыс бойынша 4 мың іс қаралды. Оның 158-і отбасылық дауларға қатысты болыпты. Сегіз жыл бұрын халық медиацияның не екенін білмейтін. Тіпті медитация сөзімен шатастырып айтатын, — дейді Светлана Балпейсова. Одан әрі ол қазір әуелгідей емес, адамдардың медиация туралы түсінігі бар екенін айтып берді.

Бірде оған ерлі-зайыптылар неке бұзу үшін келіпті. Жас жігіт кірген бойда медиацияның не екенін білетінін айтып, медиативті келісімшарт жасауды өтініпті. Әңгімелескен. Екі сағат сөйлесуден соң, жастар бірінен-бірі кешірім сұрап, құшақтасып, татуласыпты. Татуласқан жастар кетіп бара жатып медиатордан: «Сіздің қызметіңіз қанша тұрады?» деп сұрапты. «Бұл жағдайда мен ақша емес, болашақты көріп тұрмын. Егер қоғамда балалардың дені сау болып, өз отбасында, яғни, өзінің әкесі мен шешесінің қасында жайлы өмір сүрсе, онда менің немерелерімнің сенімді, жақсы достары болғаны ғой», — деп жауап беріпті.

Расында, медиатор қызметі қанша тұрады? Негізі, біздің елде қатып қалған тариф жоқ. Алайда медиаторлар бірлестігінің шешімі бойынша медиацияға өтініш беру — 5 мың теңге. Одан әрі медиативті келісімшартқа отырса, медиацияда қаралған істің деңгейіне, шешілуіне қарай қызмет 30 мың теңгеге жуықтайды.

Ал «Қоғамдық келісім» мекемесінің сарапшы медиаторы Есенбол Әзиев:

— Облыстағы барлық 12 ауданда медиация филиалдары жұмыс істейді. Ол жерде ауыл ақсақалдары, кәсіпқой емес медиаторлар кезекшілікте отырып, арыз-шағымдарды қарайды. Былтыр Ақтөбе қаласындағы 6 мектепте медиация кабинеті ашылып, біржылдық жұмыстарын қорытындылады. Мысалы, осы медиацияның көмегімен ата-ана мен мұғалімнің арасында және бала мен бала арасындағы екі дау шешілді. Сондай-а, жақында №4 қалалық емханада медиация кабинеті ашылды. Медиация кабинеттері жақсы жұмыс істеп жатыр. Медиаторлардың дені зейнет демалысындағы құқық қорғау органдарының қызметкерлері, заңгерлер. Сосын да егжей-тегжейлі түсіндірме жұмысынан соң, көп іс сотқа жетпей оң шешімін тауып жатыр, — дейді

Шара барысында кәсіби медиаторлардың әңгімесінен түйгеніміз, қоғамда соңғы жылдары агрессивті мінез-құлықтағы адамдар жиі кездеседі. Сондықтан да көп дау-дамай өзара түсініспеушіліктен, мәселенің байыбына бармай жатып, шуға ұласуынан туындайды екен. Осындай шиеленіскен жағдайлардың түйінін шешуге медиация таптырмас құрал боп отыр. Кәсіби медиаторлардың әңгімелерінен соң медиация саласының одан әрі дамып, өркендей беретініне біз де сендік.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button