Әлеумет

Асылбек екі ауру баласын жалғыз өзі бағып отыр…

Ақтөбе қаласының тұрғыны, 37 жастағы Асылбек Оспанов сегіз-тоғыз жастағы екі баласын бір өзі бағып отыр. Екі баласының да мүмкіндігі шектеулі, кенжесі Рахат сал боп туса, тұңғышы Жанатбекке дәрігерлер «микроцефалия» (ақыл-ой кемістігінің ең ауыр түріне жататын дерт) деген диагноз қойған.

Осыдан төрт жыл бұрын әйелінен ажырасқан ол кенже баланы өзі алып қалады да, үлкен ұлы анасымен бірге кетеді. Ал жақында екінші ұлын да заңды түрде өз қолына алыпты. «Екі баламыздың бірінен кейін бірі мүгедек болып тууы біз үшін үлкен сынақ болды. Қиындықты көтере алмадық, отбасында кикілжің көбейді», — дейді Асылбек. Алайда, бұл сынақта есін тез жиған ол балалары үшін облыс орталығына қоныс аударады.

— Алға ауданы Тоқмансай ауылында тұрдық. Сосын балаларымыз үшін қалаға көштік. Мақсатымыз — облыс орталығындағы мүмкіндікті пайдалану, мұнда білікті дәрігерлер шоғырланған ірі медицина орталықтары бар. Балаларды дәрігерге апарып жүргенде өзіміз секілді тағдырластармен әңгімелесіп, сөйлесіп қаламыз. Содан негізі сал боп туған балаға жүйелі ем жасалса, тұрып-жүріп кететініне сене бастадым. Мені Ақтөбеге әкелген де сол сенім. Шүкір, қазір сондай жүйелі ем шараларының нәтижесінде кенжетайым еңбектей алатын болды. Массажды да өзім жасаймын. Кәнігі массажшыларға барғанда қарап отырып, үйреніп алғанмын. Үнемі массажға баруға қалта көтермейді ғой. Сондықтан да оны өзім жасаймын. Тіпті, Рахаттың омыртқасын, аяқ-қолын жазу үшін арнайы таңып қоятын аппаратты қолдан өзім жасап алдым, — дейді Асылбек.

Біз балалардың жағдайын білу үшін үйіне барғанбыз. Кіреберісте бізге маскасы мен бахиласын дайындап қойыпты. Онысы, балаларының қамы. Мұндай балалардың иммунитеттері әлсіз келеді, сондықтан да сырттан келген адамның инфекцияларын тез қабылдап қояды. Сол үшін де барынша қауіпсіздік шараларын жасайды екен. Тіпті, үйде әйел адам жоқ деуге аузың бармайды. Үй іші мұнтаздай таза. «Балаларым үшін үйді жиі тазалап, шаңын сүртіп, хлорлап отырамын», — дейді Асылбек.

Біз барғанда ұядай ғана бөлмеде екі бала жерде жатыр. Ойын баласының нағыз асыр салып жүретін шағында мүмкіндігінің шектеліп, төсекте жатқанын көру сондай ауыр болды бізге де. Рахат бізді жатырқағанын білдірді, әкесі оның бұрынғыдай емес, еңбектей бастағанын айтты әрі айтқанды түсінеді екен. Ал Жанатбек өздігінен қозғалмайды, тек төсекте жатыр. Балалардың қасында көп тұрмадық. Асылбек бізді екінші бөлмеге алып барды.

— Бұл бөлме бос тұрған бөлме. Қолдан жасаған жаттығу құралдары жаңағы өзіңіз көрген тар бөлмеге сыймады, сосын басшылардан тағы бір бөлме сұрағанмын. Әрине, болып жатса деп. Содан осыны берді. Тұрып жатқан үйім де, бұл бөлме де уақытша. Алайда бірінші қабатта болғаны қуантады. Балаларды таза ауаға серуендеуге алып шығуға ыңғайлы. Өзім үйдің кезегінде тұрмын. Қашан беретінін кім білген? Бұрын бір бала болған кезде үйдің тарлығын елемейтінбіз. Өйткені, тек екеуміз болдық. Қазір екінші ұлымды қолыма алған соң тар екені сезіле бастады. Әсіресе, дәрігерлер Жанатбектің өте әлсіз екенін, оны қажет кезде оқшаулау керектігін айтады. Сондайда біз кең бөлмелері бар жер үйде тұрсақ қой деп армандаймыз. Дәрігерлер де Рахатта оң өзгерістер барын айтып отыр. Әрине, бәрі де сол жүйелі емдеу-жаттығу шараларының көмегі. Қолымнан келгенше балаларыма жағдай жасауға тырысамын ғой енді, — дейді жалғызбасты жігіт.

Екі баласының болашағына алаңдайтын қамқор әкенің жүргізуші куәлігінен басқа арнайы мамандығы да жоқ екен. Алайда ол қарап отырмай, ізденіп, ұлының қамын ойлап, жаттығуға қажет құрылғыны қолдан өзі жасапты. Дәнекерлеуші болмаса да, басында шақ деп тапқан темірді тесіп алыпты, кейін көзі де, қолы да үйрене бастапты. Қазір темірді бір адамдай дәнекерлейтін болыпты.

«Негізі, сал боп туған балалар үшін домалап жата бермей, бір мезгіл бойын тіктеп алғанның пайдасы мол. Ішкі органдарының жұмысы жақсарады. Мәселен, бұрын Рахаттың денесі қисайып, аяқ-қолдары бұралып жататын. Баламның омыртқасын тіктеуіне, аяқ-қолының түзелуіне көмектесу үшін арнайы құрылғы — вертикализатор қажет еді. Қымбат тұратын құрылғыны сатып алуға жағдай бар ма? Содан қолдан жасауға кірісіп кеттім. Сол өзім жасап алған вертикализатор жақсы болды. Қазір ұлымның омыртқасы мен аяғы түзеліп келеді» — дейді Асылбек.

Тағдырдың сынағына мойымай, кейбіреулер секілді ішіп кетпей, қайта екі баласына кейбір аналардан бетер бар жағдайын жасап, күтіп отырған азаматты көргенде риза боласың. Асылбек балалардың кірін өзі жуып, тамағын да өзі дайындайды екен. Туғаннан қолында болған кенжесі әртүрлі тамақ жегенімен, аз уақыт анасымен бірге тұрған баласы әзірге тек ботқалар жеу керек екен. Дәрігерлердің айтқанын бұлжытпай орындайтын Асылбек негізінен Ресейдің невропатологтарына қаралатындарын айтты. Енді тамыз айында сол көрші Ресей қалаларынан келетін ортопедке екі баласын да көрсетіп алатынын айтып отыр.

Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетованың айтуынша, 1 шілдедегі есеп бойынша қалада қазір 2040 мүгедек бала тіркеуде тұр. Әр балаға ай сайын мемлекеттік бюджеттен мүгедектігіне байланысты 40 мың теңгеге жуық жәрдемақы және мүгедек баланы қарайтын ата-анасына әлеуметтік жәрдем ретінде 40 мың теңгедей төленеді. Одан бөлек әр балаға мүгедек арбасы, сосын жөргектер, жаялықтар тегін беріліп отырады.

Жалғызбасты әке қазір Рахаттың өзіне және күтіміне төленетін 80 мың теңгеге күн көріп отыр. Алайда ол еш мойыған емес, керісінше, ізденіп отырады, балалары үшін мықты болуға талпынады. Әңгіме арасында қиын сәтте қолдау білдірген жандарға және әкімдіктегілерге алғыс айтуды да ұмытпады.

Асылбектің ендігі арманы — ұлдарын Израиль, Корея секілді медицинасы дамыған елдерге апарып емдету. Ол үшін қыруар қаражат қажет екені белгілі. Мүмкіндігі шектеулі екі баласын тастап кетпей, әкелік міндетім деп жауапкершілікпен қарап, соларды қалайда адам қатарына қосам деп шырылдап жүрген азаматқа көмектесем дейтін жанашыр, кең жүректі, мейірімді жандар табылып жатса, құба құп. Әзірге біз оның «Kaspi банктен» ашқан карта нөмірін ұсына аламыз: 5169 4931 5867 1944.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button