Басты жаңалықтар

 «Бақытты отбасы»: үш анаға пәтер кілті табысталды

Облыста «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе филиалында алғашқы несиелер рәсімделіп, салымшыларға баспаналар беріле бастады. Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин аталған бағдарламаға қатысып, баспаналы болған аналарға жаңа пәтердің кілтін табыстады.

Облыс бойынша жеңілдетілген алғашқы несие медицина саласында жұмыс жасайтын 3 ананың отбасына берілді. Олар несие қарызын жылдық үстемеақысы 2 пайыз мөлшерлемемен 19 жылға рәсімдепті.

Өткен сенбіде Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин аталған бағдарлама аясында Ақтөбе өңірі бойынша  2 көпбалалы және 1 толық емес отбасыға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен  «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында салынған жаңа пәтерлердің кілттерін табыстады.

Мемлекет басшысы әлеуметтік топтағы аналарды қолдау мақсатында «Бақытты отбасы» бағдарламасын белгілеп берді. Бұл жерде көпбалалы отбасылар,  мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған және жалғызбасты аналар үшін  тұрғын үй мәселесін шешу тұрғысында арнайы бағдарлама іске асырылды. Қазіргі күні Ақтөбеде 1500-ге жуық көпбалалы ана пәтер кезегінде тұр. Бүгінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы Ақтөбе филиалына 700-ге жуық өтініш қабылданып, қазір банк қызметкерлері бұл бағытта жұмыс жасап жатыр. Берілген өтініштерге байланысты алғашқы үш отбасы осы бағдарламамен баспаналы болып отыр.

Соңғы кездері көпбалалы аналарға әлеуметтік көмектер ұсынылып, соның ішінде баспана мәселесі шешіліп жатыр. «Бақытты отбасы» бағдарламасын пайдаланып, біз де түскен өтініштерге сәйкес жұмыс жасап жатырмыз, — деді М.Абдуллин.

Ақтөбе медициналық орталығында медбике болып жұмыс жасайтын Зәуре Елекешова бес жылдан бері пәтер кезегінде тұрды. Ол елімізде осындай бағдарламаның жүзеге асырылып жатқанына әрі әлеуметтік топтағы отбасылар үшін оның өте тиімді екенін айтты.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша құжат қабылдау науқанының басталғанын instagram әлеуметтік желісінен көрдім. Алатын еңбекақымның мөлшері  — 66 мың теңге. Жалғызбасты анамын. Үш жылдан бері «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» есепшотыма ай сайын 20-30 мың теңге көлемінде қаражат салып тұрсам да, үй алу үшін алғашқы жарнаға 125 мың теңге жетпей тұрды. Қалған қаражат  «Қолғанат Ақтөбе» қоры арқылы толықтырылды. Мен секілді аналарға қолдау танытқан жергілікті әкімдіктің қолдауына айтар алғысым шексіз. Жаңа пәтерге қол жеткізгеніме өте қуаныштымын, — деді Зәуре Елекешова.

Ал отбасында 4 бала тәрбиелеп отырған Гүлшашқан Нағыметова бұл күні қала әкімінің қолынан екі бөлмелі пәтердің кілтіне ие болды. Бұған дейін туысқандарының үйін паналап келген оның қуанышында шек болмады. Гүлшашқан алған екі бөлмелі пәтердің бағасы — 8 964 000 теңге. Бастапқы жарна 896 400 теңгені құрады. Гүлшашқанның есепшотындағы бастапқы жарнаға жетпеген соманы төлеуге жергілікті әкімдіктен қолдау болған. Енді ол өз пәтеріне алғашқы 8 жыл бойы 46 000 теңгеден, ал қалған 11 жылда ай сайын 30 000 теңгеден несие төлейтін болады.

Жаңа пәтерге ие болған аналар өз қуаныштарын білдіріп, жергілікті әкімдікке, банк қызметкерлеріне алғысын білдірді.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе филиалының өкілі Мақсат Зайтовтың айтуынша, банк табысы төмен отбасыларды несиелендіру бағдарламасын іске қосты. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында банктің есепшотына республикалық бюджеттен 50 млрд теңге аударылған. Бұл қаражат биыл  алғашқы 6 000 қазақстандық отбасының өз пәтеріне ие болуына мүмкіндік береді. — «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Бақытты отбасы» бағдарламасының шарттарын жасау кезінде несие бойынша төлемнің жалдамалы пәтерге кететін төлем мөлшерімен шамалас болуын қамтамасыз етті. Бұған қоса, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі уақыт өте келе займ бойынша төлемнің  төмендеуіне мүмкіндік беретіндіктен, отбасылық бюджетке түсетін ауыртпалық та азаятын болады. «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу үшін отбасының әр мүшесіне келетін табыстың мөлшері барлық салықтар мен зейнетақы жарналарын шегергенде 42 500 теңгеден аспауы керек. Мәселен, егер отбасы 5 адамнан тұратын болса, онда оның жалпы кірісі 212 500 теңгеден артық болмауы тиіс. Яғни, бұл бюджеттік жәрдемақы емес, жұмыс орнынан берілетін қаражат болуы тиіс. Бастапқы жарнаны өтеуге шамасы келмеген отбасыларға тек жаңа үйден пәтер сатып алу үшін жергілікті әкімдік тарапынан тұрғын үй сертификаттарын беру қарастырылған. Тұрғын үй сертификаттарын алушылардың тізімін мәслихат бекітетін болады, — деді Мақсат Зайтов.

Қазір Ақтөбе қаласында пәтер кезегінде 23 548 адам тұр. Оның 1 517-і —  көпбалалы отбасы санаты бойынша тіркелгендер болса, толық емес отбасы санатындағылардың саны 5958 адам. Ал мүгедек бала тәрбилеп отырған отбасы санаты бойынша 932 адам пәтер кезегіне тіркелген.

Бүгінгі күнге дейін жергілікті әкімдік қызметкерлері жолдама алуға табысы төмен 1400-дей отбасының өтінімін қабылдаған. Олар енді осы жолдамамен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» барып, жеңілдетілген несие алу үшін несиелік өтінімді бере алады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button