АуылБасты жаңалықтар

Ұшқан ұя

Туған жерге тағзым

 «Туған жерге тағзым» акциясы аясында өңіріміздің түкпір-түкпірінде игі істер атқарылып жатыр. Өткен сенбі күні Темір ауданындағы Қопа орта мектебінің әр жылдардағы бітірген 250-ге жуық түлегі өздері түлеп ұшқан білім ұясына келіп, «Киелі мекен, Кеңестуым!» атты жерлестер форумына қатысты. Шара барысында түлектердің демеушілігімен бірқатар нысандар ашылып, мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Бір мектеп қабырғасында білім алған түлектер арман қуып әр тарапқа кеткенімен, артта қалған ауылын, білім алған мектебін естен шығармай, туған жерге тағзым жасап тұруды парыздары санайды. Сағыныса қауышқан сыныптастар бүгінде әртүрлі салада жемісті қызмет атқаруда.

Қопа орта мектебінің директоры Руслан Қаржауовтың айтуынша, аталған мектеп 1964 жылы 8 жылдық білім ордасы болып ашылды. Кейіннен 2006 жылы жаңа оқу ғимараты бой көтеріп, қазіргі таңда 240 оқушы білім алып жатыр. Мектептегі 41 педагогтың 12-сі — жоғары санатты мұғалімдер. Биыл 17 түлек мектеп бітірсе, оның 6-уы «Алтын белгі» иегері атанған.

— Қопа орта мектебінде 46 жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шықтым. Қазіргі оқу жүйесін өте жақсы деп бағалаймын. Себебі ғылыми техниканың өрістеген заманы. Әр кезеңнің өзінің жақсылығы, ерекшелігі болады. Болашақты болжау үшін өткенді де ұмытпау керек. Биыл өмірден озған ұлағатты ұстаздардың есімін дәріптеу мақсатында ұзақ жылдар мұғалімдік қызмет атқарған Қайыржан Бәкиев атындағы математика және Дүйсенбі Барсаев атындағы тарих кабинеттері ашылды.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында көптеген шаралар атқарылып жатыр. Кез келген әнші, ақын, ұшқыш болсын мектептен, ауылдан түлеп ұшады. Сондықтан олар биік жетістіктерге қол жеткізгеннен кейін, өзінің туған өлкесін жоғары деңгейге қоюы керек, — дейді ардагер ұстаз Нұрсұлу Қанашева.

Ұстаз есімімен мәжіліс залы ашылды

Қопа ауылында ең алғаш ашылған мектептің алғашқы директоры болған, Қазақ КССР-і халық ағарту ісінің озық қызметкері Жетеш Төлемісов атындағы мәжіліс залы ашылды. Қопа орта мектебінде өткен ғасырда ұзақ жылдар бойы білім саласында қажырлы еңбек етіп, артына өшпес із қалдырған Жетеш Төлемісовтің ұрпақтары мен әріптестері ұстаздың өмір жолынан сыр шертті.

Мәжіліс залын ашуға ұстаздың балалары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе қалаларындағы немерелері бастама танытқан.

— Мен мектеп қабырғасында оқып жүргенде, әкемнің оқу корпустарын дамыту, заманауи технологиялармен қамтамасыз ету жөнінде асыл арманы болатын. Сол арманы бүгінде орындалып жатыр. Ең бастысы — бұл келешек жастарға өнеге болары сөзсіз. Бұл мектепте қызмет еткен талай белгілі тұлғалар болды. Осы мектептің дамуына сол ұстаздардың сіңірген еңбегі зор. Алақандай ауылдан түлеп ұшқан түлектер бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет етіп жатыр. Біз де бүгінгі ұрпақпен келешекте мақтанатын болайық, —  деді Жетеш Төлемісовтің кенже ұлы Темірғали Төлемісов.

Шара соңында Төлемісовтер отбасы атынан мәжіліс залын жасақтауға 1 миллион теңгенің сертификаты және проектор тарту етілді.

Қопа орта мектебінің түлегі, осынау басқосуға ұйытқы болғандардың бірі Ләззат Ықсанқызының айтуынша, енді ұстаздары Майлыбай Бектілеуов пен Нұрлыбай Тәжімбетовке арналған кабинет ашу жоспарланып отыр.

Түлектер тартуы — «әке мен анаға тағзым» саябағы

 Бұл күні түлектердің демеушілігімен бой көтерген игі шаралардың бірі — «Әке мен ана» саябағының ашылуы. Шараға Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағанбетов қатысып, ауыл халқын құттықтады.

— Қопа — аудандағы 25 ауылдың бірі болғанымен, аузбіршілігі жарасқан тарихи, іргелі елді мекен. Сондай-ақ қазақ пен қалмақтың арасында болған шайқаста ата-бабамыз табан тіреп, найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған жер деп білеміз. Алып анадан туады дейді. Қопа — қазақтың мақстанышына айналған Димаштай ұлды дүиеге әкелген Светлана Айтбаеваның туған өлкесі. Біздің әрқайсысымыз ауылдың баласы ретінде туған жеріміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосу парызымыз. Бүгін, міне,  250-ге жуық кеңестулық туған жерге табан тіреп отыр. «Әке мен анаға тағзым» саябағы ауылдың сәні мен салтанатын асырып тұратын орын болсын. Ауылымыз өсіп, өркендей берсін, — деді аудан әкімі өз сөзінде.

Бұдан соң Кеңесту ауылдық округінің әкімі Сағынғали Тұранов тұрғындарды құттықтап, бірқатар азаматтарға жерлестер форумына арнайы жасалған төсбелгіні табыс етті.

Саябақтың жалпы құрылысына 3 миллион 200 мың теңге қаражат жұмсалған.  «Әке мен анаға тағзым» ескерткішінің авторы — Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі, облыстық дизайнер одағының төрағасы, белгілі мүсінші Бақыткерей Жапар. Ескерткіштің биіктігі — 3 метр. Саябақ жарықтандырылып, тасжол төселген.  Сондай-ақ айналасына қарағай, жеміс ағаштары егілген.

Шара соңында форумға қатысушы түлектер ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Бүгінде Кеңесту ауылдық округінде 346 аула, 2036 тұрғын бар. Негізінен халық ауыл шаруашылығымен айналысады. Әсіресе, мал азығын дайындаумен айналысатын шаруа қожалықтары көп. Ауыл толығымен көгілдір отынмен, ауызсумен қамтылған.  Жаңа үлгідегі балабақша, Мәдениет үйі бар.

Бүгінде Атырау  — Ақтөбе тасжолының құрылысы жүріп жатыр. Ауылда жаңа үлгідегі дәрігерлік амбулатория салынғалы тұр. Сондай-ақ биыл талшықты оптикалық, жоғары жылдамдықтағы интернет жүйесі тартылуда.

Ән мен биден шашу шашты

Жерлестер форумына жиналған еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада қызмет етіп жүрген түлектердің арасында Қопа ауылының, Темір ауданының атын елге танытып жүрген Берік Ержанов, Әсел Әлібекова, Гүлхан Бөрібасова сынды өнер майталмандары да келіп, керемет көңіл күй сыйлады.

— Елдегі бейбіт күннің арқасында туған жерімізге келіп, тағзым жасап жатырмыз. Мен Шұбарқұдық орта мектебінің табалдырығын аттап, кейіннен 5-сыныпты Ақтөбе қаласынан аяқтадым. Туған өлкеміздегі жерлестер форумына қатысып, үлкен кісілердің ақ батасына бөлену — зор бақыт. Туған жерді, ауылды көрсін деген ниетпен өзіммен бірге балаларымды да ерте келдім. Былтыр жазда облыс аудандарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 15 жеке шығармашылық кешімді өткіздім. Қазіргі таңда он жылдан бері  Қазақстан Республикасының мемлекетік күзет қызметі, Президенттік оркестрінің жетекші солисі болып қызмет атқарамын.

Ақтөбе өңіріндегі жағымды жаңалықтардан хабардар болып, әрдайып тілекші болып отырамын. Ауылымыз гүлденіп, өркендей берсін, — дейді Әсел Әлібекова.

Концерттік шара барысында аудан әкімі Жолдас Қалмағанбетов Қопа орта мектебіне 2 миллион 500 мың теңге көлеміндегі заманауи робототехника кабинетінің жабдықтарын сыйға татты.

— Мен осы алтын ұя мектебімнің 2000-жылғы түлегімін. Ол кезде ескі мектеп болатын. Қазір жаңа оқу ғимараты ашылған. Мектепті бітіріп, Ақтөбедегі Ахмет Жұбанов атындағы колледжді аяқтап, Астана қаласында жоғары білімімді жалғастырдым. Бүгінде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде әнші болып қызмет атқарамын. Осы жердің топырағында аунап өскен соң, бізге қашанда ыстық. Достарымызды, ұстаздарымызды көріп, қуанып жатырмыз. Әрине, түлектердің басқосуына себепші болған аудан, ауыл әкімдеріне ризашылығымды білдіремін, — дейді Берік Ержанов.

Шара соңында ауыл әкімі шараға қатысқан өнерпаздарға Алғыс хат пен жерлестер форумына дайындалған төсбелгіні тарту етті.

Мектеп ауласында тігілген киіз үйлерде ас беріліп, ұлттық ойындардан жарыс өтті.

Мерекелік шара би кешіне ұласып, отшашумен аяқталды.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button