Жаңалықтар

Ақтөбе — ауасы лас алты қаланың бірі

Дөңгелек үстел

Германиядағы Конрад Аденауэр қорының Қазақстандағы өкілдігі, «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» бірлестігі және  Ақтөбе облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелде өңірімізде қалыптасқан экологиялық ахуал  жағдайы талқыланды. Оған жергілікті атқарушы орган қызметкерлері, ірі өндіріс орындары өкілдері, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар мүшелері мен экологтар қатысты.

Еліміздегі экологиялық ахуалды сараптап, жұртшылықтың ұсыныстарын талқылаумен айналысып жүрген «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі жетекшісі Айгүл Соловьева:

—  Еліміздің ірі өнеркәсіптік өңірлері қатарындағы Ақтөбе облысының қазіргі экологиялық ахуалы алаңдатарлық күйде. Бұл жерде ауа сапасы, қалдық сулардың жиналуы өте өзекті болып тұр екен. Мәселен, облыста жыл сайын 170 мың тонна зиянды заттар бөлінеді. «Қазгидромет» орталығы 2019 жылдың маусымында еліміздегі ауа сапасы  ең нашар алты қаланы анықтады. Осы алтылықтың қақ ортасында Ақтөбе қаласы тұр. Қалада қалдық суларды зарарсыздандыратын  орталықтандырылған кәріз стансасы жоқ. Кәріз желілеріне ірі өндірістік  орындар, спирт және сыра, газды сусындар өндіруші  кәсіпорындар да қалдықтарын төгіп жатыр. Бұл — жағымсыз иістің таралып қана қоймай, адам денсаулығына өте  қауіпті метан бөлініп жатқанын да ұмытпаған жөн, — деді жиын басында.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов өңіріміздегі шешуі кезек күттірмейтін өзекті мәселелерге қаладағы кәріз суын тазартатын станса салу, Көкжиде құмындағы тұщы су қорының мұнаймен ластануы, Шалқар көлі мәселесін, бұрынғы Алға химия  зауытының қалдықтарын көму, Елек өзенінің алты валенттік хроммен ластануын көтерді. Оның айтуынша, бұл «облыс деңгейінен шығып, үкіметтік, тіпті  халықаралық деңгейде шешілуге тиіс мәселеге айналып барады». Облыстық экология департаментінің  басшысы Жақсығали Иманқұлов  Ақтөбе облысының 2025 жылға дейінгі экологиялық ахуалын жақсарту  бағдарламасы әзірленіп, ол қоғамдық талқылауға ұсынылғанын хабарлады.

Ауа,су, топырақтың ластануына, өзен-көл суының азаюына, жасыл желектердің оталуына  бейжай қарамайтын қоғам белсенділері, экологтар ұсыныстарын  ортаға салды. Ақтөбе облысының экологиялық ахуалына қатысты дөңгелек  үстелдің толық нұсқасын газетіміздің алдағы бейсенбі күнгі санынан оқи аласыздар.

                                                                       Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button