Жастар

Түлектер еңбек жолын ауылда бастайды

 Дипломмен — ауылға

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің биылғы түлектерінің 40 пайызы еңбек жолын ауылдарда бастамақ. Олар еліміздің 5 өңіріндегі — Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының  медицина мекемелерінде 1 қыркүйектен бастап жұмыс істейтін болады. 

Аталған жоғары оқу орнының студенттердің кәсіби тәжірибесі мен түлектерді жұмысқа тұрғызу мониторингі кафедрасының меңгерушісі Алтын Алмағамбетованың айтуынша, биыл диплом алған 838 жас дәрігердің 583-і — клиникалық интернатура және резидентура мамандықтары бойынша мемлекеттік білім беру грантымен оқыған түлектер. Негізінен олар жалпы тәжірибе дәрігерлері, педиатрлар, терапевтер, акушер-гинекологтар және хирург секілді сұранысқа ие мамандар.

ҚР Үкіметінің қаулысына байланысты мемлекеттік білім беру гранты бойынша оқыған түлектер мемлекеттік медициналық мекемелерде кем дегенде 3 жыл жұмыс істеуі тиіс. Сол себепті жыл сайын университеттер болашақ дәрігерлерді қыркүйек айынан бастап жұмысқа орналастыру үшін түрлі іс-шаралар жүргізіп, әртүрлі мекемелерге бөледі. Ақтөбе қаласындағы медицина университеті де тиісті жұмыстарды атқарды. Нәтижесінде, түлектердің 40 пайызы, яғни, 185 жас маман ауылдық жерлерге жіберіледі. Жалпы 5 облыстың — Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және біздің облыстың  отбасылық-дәрігерлік амбулаториясында және аудандық ауруханаларында мемлекеттік білім грантымен және ауыл квотасымен білім алған түлектер жұмыс жасайтын болады.

— Медициналық жоғары оқу орындарының түлектерімен онлайн режимде кездесу барысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов түлектерді «Дипломмен — ауылға» мемлекеттік бағдарламасына белсене қатысуға шақырып, еңбек жолын ауылдан бастаған жас мамандар үшін барлық жағдай жасайтынына уәде берді. Шын мәнінде, олар үшін Үкіметтен үлкен әлеуметтік қолдау көрсетіледі: қосымша қаржыландыру көздері есебінен тегін және жалдамалы тұрғын үйлермен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар биылғы жылдан бастап несие жеңілдіктері, өтемақы және жалақы көлемі өсіп, ынталандыру мақсатында басқа да жұмыстар қолға алынатын болады, — дейді Алтын Алмағамбетова.

Оның айтуынша, аудандық ауруханаларда негізінен, жалпы тәжірибелік дәрігерлерге сұраныс көп. Сондай-ақ, педиатрлар, акушер-гинекологтар, анестезиологтар, реаниматологтар және салалық мамандар: аутоарингологтар, анестезиологтар және офтальмологтар жетіспейді.

— Ауыл тұрғындарына да жоғары сапалы медициналық қызмет көрсетілуі тиіс. Сол себепті де біз медициналық қызметтердің сапасын жақсарта түсу үшін түлектерді ауылға жіберіп жатырмыз. Түлектерге жүктелер жүк ауыр, — дейді кафедра меңгерушісі.

Биылғы жылы университет бітірушілерді жұмыс орындарына бөлу бойынша жұмыстар 1 шілдеде аяқталды. Түлектер 1 қыркүйектен бастап жұмыстарына кіріседі.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button