Құқық

Азаматтардың сотқа сенімі — басты өлшемнің бірі

Заң үстемдігін қамтамасыз ету «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында 5 институционалдық реформаны іске асыру бойынша маңызды тапсырма ретінде көрсетілгені мәлім. Облыстық соттың төрағасы Сәкен Абдолла биылғы жылдың алты айының жұмыс қорытындылары бойынша өткізген баспасөз мәслихатында ең алдымен осы жайға назар аударды.

— Қазіргі уақытта халықтың сотқа деген сенімін нығайту — негізгі мақсаттарымыздың бірі. Сондай-ақ қоғамдағы тұрақтылықтың сақталуына да өз үлесімізді қосудамыз. Бұл ретте Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың бастамасымен құрылған «Сот жүйесінің жеті түйіні» деп аталатын прогресті жобаның сот жүйесінің одан әрі дамуына серпін беріп отырғанын атап айтуымыз қажет,— деді ол кіріспе сөзінде.

Баспасөз мәслихатына сондай-ақ, сот алқаларының төрағалары Ермек Қанапиев, Қайырбек Елемесов, облыстық соттың судьялары қатысты. Олар облыстық сот төрағасының сөзін өздеріне қатысты салалар бойынша толықтырып, журналистердің сауалдарына жауап берді.

Биылғы жылдың алты айы ішінде 1048 адамға қатысты 949 қылмыстық іс қаралды. Оның ішінде 653 адамға 592 үкім шығарылды. Бас бостандығынан айыру жазасына сотталғандардың 24,6 пайызы қамтылып отыр. 17 адам ақталып шықты.

«Электрондық қылмыстық іс» модулі қызметі облыста бүгінгі күні белсенді түрде пайдаланылуда.

Есепті кезеңде облыс соттары азаматтық сот ісін жүргізу тәртібінде 13532 істі аяқтады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6929 іске аз. Апелляциялық тәртіпте қаралған істер мөлшері де біраз ықшамдалды. Негізінде, қаралатын істер санының азаюы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 21 қаңтардағы Заңының қабылдануына байланысты орын алып отыр.

Облыс соттарында бірқатар пилоттық жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, «Смарт сот» жобасы аясында 543 іс қамтылып, «түнгі соттар» 916 әкімшілік істі қарады. «Отбасылық соттар» мәселені бітімгершілік арқылы шешуді көздейді. Осы ауқымда 567 іс шешімін тапты. «Соттағы татуласу рәсімдері» жобасы ауқымында қаралатын істер мөлшері де арта түсуде. Сондай-ақ аудандық соттарда «Соттан тыс татуластыру рәсімдері» жобасы табысты жүзеге асырылып отыр. Дауды сотқа дейін реттеуді қамтитын бұл жоба аясында 149 келісім жасақталған.

Сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселесі де тұрақты күн тәртібіне енгізілген. Облыстық сот қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұртшылықпен ашық әңгіме ұйымдастырады, веб-сайттарда материалдар тұрақты беріліп тұрады, халықпен тікелей кездесу жолға қойылған.

— Ең бастысы, сотқа сенім орнығып келеді, мұның өзі біздің жұмысымыздың ілгерілеу көрсеткіші деп білеміз. Алдағы уақытта да тікелей қабылдаулар тұрақты ұйымдастырылып, сот төрелігін сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік беретін шараларды қамтамасыз ететін боламыз,— деді облыстық сот төрағасы жиын қорытындысында.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button