Экономика

«Еңбек» бағдарламасы арқылы кәсіп ашушылар көбейді

Брифинг

Аталған бағдарламаның басты мақсаты —  жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарға өз кәсібін ашуға көмек көрсету. Өткен жылмен салыстырғанда биыл осы мақсатқа  50 миллион теңге артық, яғни 1,2 миллиард теңге бөлінген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде  өткен баспасөз кеңесінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры облыстық филиалының директоры  Берік Нұрғалиев айтты.

Биыл екінші деңгейлі банктер 955,6 миллион теңгенің 81 жобасын мақұлдады. Оның ішінде 64 жоба қаржыландырылды. Біздің облыс жоба саны мен қаржы көлемі бойынша бірінші орында тұр.

—  «Даму» қорының аймақтық филиалы  несиелерді кепілдендіру бойынша республикада алдыңғы орында тұр. «Бизнестің жол картасы — 2020», «Еңбек», «Даму-Оптима» бағдарламасы аясында жергілікті кәсіпкерлердің 85 жобасына қолдау көрсетілді.  Аталған жобалар бойынша несиенің жалпы сомасы —  3,3 миллиард теңге, кепілдік құны — 1,5 миллиард теңге.Ал өткен жылдың осы кезеңінде 1,4 миллиард теңгеге  кепіл беру туралы 53 келісімшартқа қол қойылған болатын, — деген филиал директоры жыл сайын көрсеткіштің өсіп келе жатқанын айтты.

Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы —  2020» бағдарламасы аясында несие мөлшерлемесін субсидиялауға баса назар аударылды. Нәтижесінде биыл ақтөбелік кәсіпкерлердің несие көлемі  4,6 миллиард теңге болатын 70 жобасы мемлекеттік қолдауға ие болды. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш — 169 пайыз.

2017 жылы құрылыс компанияларына қолдау көрсету үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаны субсидиялау бойынша оператор —. «Даму» қоры. Бұл бағдарламаны іске асыру бойынша да біздің облыс бірінші орында тұр.  Бағдарлама іске қосылған күннен бастап облыста  жалпы құны 2,8 миллиард теңге болатын 11  жобаға қолдау көрсетілген.

Сондай-ақ биылдан бастап приориттетті жобаларды несиелендірудің «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды. Бұл үшін Ұлттық банктің қаражатынан 600 миллиард теңге бөлінді. Несие серіктес банктер арқылы 15 пайыз үстеме ақымен беріледі. Оның 9 пайыз үстемесін «Даму» қоры субсидиялайды. Ал қалған алты пайызды кәсіпкер өзі төлейді. Шағын және орта бизнестің кредиттік жобаларына кем дегенде 100миллиард теңге бөлінбек.

Жиында Берік Нұрғалиев осы және өзге де ақпараттарды мәлім етті. Несие алып, кәсіп бастаймын деген азаматтарға жол ашық екенін айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button