Құқық

Жыл басынан бері 296 жол-көлік оқиғасы тіркелді

Облыс аумағында өткізілген кезекті «Жолдағы қабылдау» шарасы 19-20 шілде күндері ұйымдастырылды. Бұл күндері азаматтарды қабылдау мақсатында 15 мобильді топ жұмыс жасады.

Облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов тұрғындарды қабылдап, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. Ақтөбе қаласының тұрғыны Аягөз Әбілова департамент бастығынан қалыптасқан жағдайға байланысты басындағы проблеманы шешуге оң ықпалын тигізуді сұрады. Ол 2012 жылы тұрғын үйін кепілдікке қойып, шетел валютасымен несие алады. Түрлі себептерге байланысты несиесін өтей алмайды, ал банктегілер болса қайта қаржыландыру көмегін ұсынады. Алайда банк қызметкері оны алдап соққан, қазір оны осы мәселе алаңдатып отыр.

Мән-жайды тыңдаған А.Арыстанов Аягөздің басындағы жағдайды шешуге көмектесіп, жеке бақылауына алатынын жеткізді.

«Жолдағы қабылдау» шарасына құрылым жетекшілері де қатысып, тұрғындар сауалына жауап берді.

Кездесуге жиналғандарға жол-көлік оқиғасы туралы статистикалық мәліметтер де айтылды. Жыл басынан бері 296 жол-көлік оқиғасы орын алып, оның ішінде 10 адам қаза тапқан, 369-ы түрлі жарақаталған. Балалардың қатысуымен 76 жол-көлік оқиғасы болып, 3-еуікөз жұмса, 80-і жарақаттанған. Сол сияқты, жаяу жүргіншілердің қатысуымен 152 жол-көлік оқиғасы тіркелген, нәтижесінде 5 жүргінші көз жұмып, 156-сы жарақат алған.

Алғашқы күні түске дейін «Жолдағы қабылдау» акциясына 100-ге тарта адам қабылдауға келді. Тұрғындардың басым көпшілігін Армения, Ресей елдерінен әкелінген көліктерді тіркеу, олардың әкімшілік айыппұлын анықтау мен төлеу, жол белгілерін қою сияқты өзге де мәселелер толғандырды. Айтылған сауалдарға мамандар нақты жауап берді.

Өткен сенбіде бұл шара Ақтөбе қаласының «Табыс» коммуналдық базары маңы мен автобазар  аумағында жалғасты. Бұл күндері облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің аулалары мен барлық ауданда«Ауладағы қабылдау» шарасы ұйымдастырылып, полиция бөлімдерінің жетекшілері мен учаскелік инспекторлар, атқарушы билік пен прокуратура, пәтер иелері кооперативтерінің өкілдері  азаматтарды түрлі толғандырған мәселелері бойынша қабылдап, нақты кеңес берді. Іс-шара барысында аулаларды көркейтумен қатар, учаскелік полиция инспекторларының жұмысына қатысты 250-ден аса сауал түсті.

Облыста «Жолдағы қабылдау» шарасы жыл сайын ұйымдастырылады. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі мамандарының айтуынша, енді мұндай іс-шара полиция мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайту мақсатында ай сайын өткізілетін болады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button