АуылБасты жаңалықтар

Мал азығы қалай дайындалады?

Ауылшаруашылық саласында ресми түрде байқала бермейтін сауданың бір түрі бар. Ол — төрт түліктің жем-шөбін сату. Ақтөбе облысының 5 ауданы жыл сайын Атырау, Маңғыстау облыстарына мал азығын шығарады. Шаруа қожалықтары өз ауылдарына, аудандарына мүмкіндігінше сатып, болмаса жинап қояды. Бұл жұмыс қара күзге дейін тоқтамайды. Өйткені даладағы тегін жатқан шөпті орып алсаң, тұрғанымен ақша. Еңбектенген адам бұдан біраз пайда табады. Бір қызығы, көзге көп елене бермейтін осы бір маусымдық жұмыста бірнеше топ пайда көреді. Айталық, бір «Камаз» жүк көлігімен шөп сату арқылы қаншама адам қыстық нәпақасын айырып алады.

Шөптің  «шабашкісі» енді басталды. Шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер іс көзін білетіндерді маусымдық жұмысқа шақырады.

Тракторшылар тапшы ма?

Бұл уақытта ең әуелі тракторшылардың бағасы артады. Қазіргі таңда бұрынғы кеңшарлардың тракторшылары жасы келіп,  азайғандықтан, бұл ауыр техниканы тізгіндеушілер де тапшы. Сондықтан тракторшыларға айына 100 мың теңгеден бастап 300 мың теңгеге дейін төлеуге тура келеді.

Кеңшартарағанда   астындағы тракторынан бір айырылып, жұмысынан екі айырылған Темірхан Әлиев бірнеше жыл жұмыссыз қалды. Содан кейін жеке шаруаларға жалданып шаруа қожалықтарының тракторын жүргізді. Тәжірибелі механизаторға жұмыс көп. Жұмысқа алушылар бірінен соң бірі келіп, жалақысын көптеп ұсынып жатады.

Қазіргі жастар белгілі ғой. Шетелдік жеңіл көліктерді жүргізгенді тәуір көреді. Ал ауылда саусақпен санарлық тракторшы қалдық. Трактордың  жүргізуі бір бейнет болса, оңдауы одан да қиын. Көбі содан қашады. Бұрын біраз жұмыстың басын шалып көргеніммен осы бір техникаға қайта айналып келдім. Адам өзінің білетін жұмысымен айналысқаны дұрыс. Дер кезінде ақауын байқап, жөндеп қоямын. Немесе қожайынға айтып жаңа қосалқы бөлшегін алдыртамын. Қазір трактор жүргізу мен үшін түк қиын емес. Осыдан біраз жыл бұрын ескі-құсқы техникаларды лекерлеп, әбден тозығы жеткен бөлшектерін жамап-жасқап әуре-сарсаңға түсетінбіз. Оның өзінде бір-ақ күн жүргеннен кейін келесі күні басқа жері істен шығып жатады. Кеңес өкіметінен қалған ғой бәрі. Енді қай шаруа қожалығына барсаң да жаңа тракторлар көбейді. Кең кабиналы әрі жүрдек. Жаңаның аты жаңа ғой. Күн сайын бірнеше көлік шөп дайындай аласың. Оны арнайы техникамен бумалап тастай бересің. Мені қыс ортасынан бері жұмысқа алып, келісіп қояды. Айлығым — 150 мың теңге. Егер жұмыс ойдағыдай жүріп, жоспардан асып жатса, тағы сыйақы қосады. Бұл жерде өз малыма шөп дайындап алуыма мүмкіндік мол. Тек ерте тұрып, кешкі іңірге дейін қимылдасаң, қай жұмысты да өндіресің. Бұл шаруада үкіметтің сағатымен жүрсең кіріс болмайды. Кейбір адамдар шөп шабуды таңертең тоғызда бастап, кешкі алтыда доғара қояды. Жанын қинағысы келмейді. Жаңбыр жауса онсыз да демаласың. Күн ашық-жарықта біраз өндіріп алу керек қой, — дейді байырғы тракторшы Темірхан Әлиев.

Камазшылардың күнкөрісі — тасымал

Осындай уақытпен санаспайтындар — тағы бір ауыр техниканы жүргізетін —камазшылар. Ондай көлігің болса, жұмысқа кіру міндетті емес. Қазір қай жерде болсын жүк көлігіне деген сұраныс көп. Жаңағы тракторшылар дайындаған бума шөпті камазшылар жергілікті бағамен сатып алып, Атырау, Ақтау облыстарына апарып,екі-үш есе бағамен сатады. Облыстың Темір, Ойыл, Байғанин аудандарында бір бума шөптің бағасы — 300-350 теңге. Биылғы құрғақшылықтың салдарынан шалғай ауылдардың өзінде шөп бағасы осылай өсіп отыр. Шаруа қожалықтарының басынан 250-280 теңгеге көтерме бағамен алатын камазшылар оны ерінбей тасымалдап, 800-1000 теңгеден сатады.

Өндірісі, ірі кәсіпорны жоқ ауданның камазшылары тек құрылыс материалы мен мал және мал азығын ғана таси алады. Ойылдық Серік Қалдығұлов Ақтау қаласына 15 жылдан бері шөп апарып жүр. Әр жылда 30-40 рет барады. Көбіне қара жолмен жүретін олар әрбір елді мекен, ауыл, аудандарға баратын төте жолды бес саусағындай біледі. Ол жақта тұрақты тұтынушылары да бар. Кейде тапсырыс болса, қыстың аяғына дейін таси береді.

Әрине, алыс жолда, үйіңнен апталап жырақта жүру оңай деймісің. Қолдан келері — осы. Отбасымызды осындай жолмен асырап келеміз. Күзде екі-үш мың бума шөпті аулама жинап қоямын да қыста сата беремін. Ал Атырау мен Ақтау қалаларынан қыс ортасында міндетті түрде тапсырыс болады. Сол жаққа апарамын. Бұл менің қыстық табысымәрі жалақым болады. Бұл іспен айналысып бейнетіне шыдамай, тастап кеткендер қаншама. Басында бәрі табысына қызығып келеді. Рас, бір барғанда жанармай, жол азығы, тағы басқа шығындарды алып тастағанда 500 мың теңгеге дейін алып келеміз. Бірақ алыс жолдан шаршап ораламыз. Мен бұл кәсіпке үйренгенмін. Далада қона беремін. Шай-суымыз, тамағымыз артығымен жүреді. Көлік бұзылмай тұра ма? Оның да қосалқы бөлшектерін жақын қаладан такси жалдап алып келеміз немесе ақшасын төлеп сүйретеміз. Біздер екі, кейде үш көлік боп бірге шығамыз. Бір- бірімізді жолда тастамаймыз. Әрине, жолшыбай МАИ қызметкерлері мен жылжымалы көлікті бақылау департаменті тексеріп отырады. Шөпті сату да оңай емес. Әр сатып алушы бағасын түсіреді, апарған шөбіңнің сапасына көңілі толмай жатады,— дейді Серік Қалдығұлов.

Бірақ осындай қиындық, кедергілерге қарамастан тасымалдың жолай тағы бір табысы бар. Қайтарында бәрі бірдей бос қайтпайды. Тапсырыс болып жатса кез келген затты ала келеді. Соның ішінде теміржолы жоқ аудандарға ұлутасты (ракушняк) жеткізетін де солар. Қайтар жолда Бейнеу ауданынан 35-40 теңгеден құрылыстың ең қажетті материалы — ұлутасты әкеледі. Ақтөбе облысында бір ұлутастың бағасы 130-160 теңге.

Камазшылар ауылдан тіркемесімен 1000 бума шөпке дейін тиеп ала алады. Ал ол жақтан да бір барғанда 1000 тас әкеледі. Енді апарған тауар мен әкелген тауардың бағасын салыстырып, өзіңіз есептеп қараңыз… Оған қоса ол жақтан әкелінетін арзан жанармайы тағы бар.

Шөп тиеу де өнер

Енді осы жұмыстарды атқаратын жұмысшы күші керек. Бұған ауылдың қолы бос жігіттері барады. Бір көлік бума шөпті тиеу үшін 4 адам жалданады. Екеуі әперіп тұрса, қалған екеуі байланыстырып тиейді. Ұзақ жолда аударылмас үшін қатары биіктеген сайын арқанмен шандып байлай береді. Ең басты талап — осы. Жолда аударылып немесе шашылып қалмау керек.

Шөп тиеуге үйренген адамдар түске дейін бір көлікті тіркемесімен тиеп үлгереді. Ол үшін әрқайсысына 5-7 мыңнан ақша төлейді. Биіктігі 4-4,5 метр етіп тиелген шөпті апару да қиынның қиыны. Шөпірлердің әккілігі, шыдамдылығы маңызды роль атқарады. Атырауға жолда бір қонып барса, Ақтауға дейін екі-үш қонуға тура келеді. Өйткені ұзақ жолда осынша жүкпен жылдамдықты көбейте алмайтыны белгілі. Көбіне камазшылар барған шөпті түсірісуге қасына жолсерік алады. Оған ішіп-жемінен бөлек 25-30 мың теңге төлейді. Әр сапардың ұзақтығы бір апта. Айына кем дегенде 4 рет барсаңыз, 100 мың теңге табасыз. Оның үстіне, тиеуге алатыныңыз тағы бар.

Тұрғындар шөпті қашан түсіріп алады?

Өзен суларының тасымай, оның үстіне жаңбырдың аз болуы салдарынан көп аудандарда мал азығының тапшылығы байқалады.Жергілікті билік биыл өз аумағын мал азығымен толық қамтып бітпей, өзге облыстарға шөп сатуға болмайтынын ескертеді. Оны тыңдамаған жағдайда жергілікті полицияның күшімен тоқтатуға мәжбүр. Өйткені ылғалдың аз болуына байланысты өңірде шөптің шығуы мардымсыз. Әуелі өзіміздің қорымызды мол етіп қамтуымыз керек. Сол себепті кейбір ауылдарда шөптің бағасы шарықтап кетті.

Бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі де тұрғындардың мал азығын дайындауы болып отыр. Әр аула, әр тұрғын мал азығымен қамтылып болмайынша, шетке шөп шығаруға шектеу қояды. Әр шаруа қожалық иелерімен түсінік жүмыстары жүргізіліп, шөптің бағасы келісіледі. Алайда аталмыш облыстарға шөп апарушылар бұған құлақ асып, жағдайды түсініп жергілікті жерге сатқанымен ешкім ала қоймайды. Мал азығын дайындау үшінде біршама шығын кетеді. Соның орнын толтырып әрі пайда көретін «шөпшілер» бизнесінің тоқтамағанын қалайды. Бір есеппен қарағанда, сыртқа шығатын әр жүк көлігі құрылыс материалдарымен қатар көптеген кіріс әкеледі. Қалай болғанда да, кім шөпті қайда апарып сатса да өз еркі. Ал, сатуды тоқтатпау — осы іспен айналысатындардың талабы. Сондықтан тұрғындар да табиғаттың ыңғайына қарап ертерек қимылдағаны дұрыс. Ал қыс түссе қурап  қалатын шөпті дер кезінде орып, кәдеге жаратып, өзге облысқа сатып, әр ауыл, қала берді ауданға қыруар пайда әкелетін, онымен қоса бірнеше адамды маусымдық жұмыспен қамтитын осы кәсіптің түріне барынша қолдау көрсеткен абзал.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button