Басты жаңалықтар

«Дипломмен — ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы: баспанаң мынау, ауылда үш жыл тұрасың…

«Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы аясында жас мамандар үшін мемлекет тарапынан көп мүмкіндік, үлкен қолдау, көмек беріліп жатыр. Биылдан бастап қайтарымсыз берілетін көтермеақының да көлемі өсті: бұған дейін 70 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі (АЕК) қаржы берілсе, шілденің 1-інен бастап 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 252 500 теңгеден берілуде. Сондай-ақ, тұрғын үй сатып алу үшін немесе салуға  әр маманға 3 миллион 787 500 теңгеден бюджеттік несие беріледі. Несие деген аты ғана: әйтпесе, үстемеақы төлеп, шығындалмайды. Қаржыны мемлекетке қайтару үшін де бөліп төлейтін уақыт қолайлы: несие мерзімі — 15 жыл.

Бағдарламаға кімдер қатыса алады? Талаптары қандай? Осы және «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы туралы басқа да сауалдарды облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бас маманы Аягөз Елтаеваға қойған едік. Сонымен… 

 «Жобаға әркімнің-ақ бар таласы…»

 — Көпшілік «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы тек қана жастарға, жоғары оқу орнының биылғы түлектеріне арналған  жоба» деп түсінеді. Бұл — қате пікір, қате түсінік. Бағдарламаға қатысу үшін жап-жас болу, университет немесе институт бітіру міндет емес. Маманның жас ерекшелігінде шектеу жоқ. Сондай-ақ, колледж түлектері де қатыса алады.  Маманның оқуды қашан аяқтағаны да маңызды емес. Ең бастысы, ауылды көркейтуге үлес қосуды мақсат етіп, ауыл үшін қызмет еткісі  келетін әлеуметтік саланың маманы болуы тиіс.  Нақтырақ айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт саласының және мал дәрігері маманы бағдарламаға қатыса алады.  Сондай-ақ, кем дегенде 3 жыл ауылда тұруы тиіс. Пәтері болмауы керек. Бұдан 3-4 жыл бұрын университет бітіріп, қалада жұмыс жасаған маман ауылға тұрмысқа шықты делік. Жобаға оның да қатысуына болады, — дейді Аягөз Елтаева.

Айта кету керек, Шалқар, Қандыағаш, Алға, Хромтау секілді қаланың мәртебесі бар елді мекендерде жұмыс жасайтындар жобаға қатыса алмайды.

Жоспар және жұмыс

Биыл бағдарламаға 641 маманды қамту жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа бөлінген қаржы — 1 миллиард теңге. Мұның ішінде 261 маманға бюджеттік несие беріледі (республикалық бюджеттен 988,5 миллион теңге бөлініп отыр). Сондай-ақ, 380  маманға көтермеақы төленеді екен. Көтермеақы үшін қаражат әр ауданның бюджетінен бөлінеді. Бұл қаржы да дайын: 67,3 миллион теңге бөлініп тұр.

— Сұранысқа сай көтермеақы үшін тағы қаржы қарастырылып жатыр.   Жыл аяғына дейін көтермеақы үшін жергілікті бюджеттерден бөлінетін қаржы бұдан да көбейетін болады. Жалпы соңғы екі жылда мамандар бағдарламаға белсенді қатысып жатыр. Мысалы, былтыр облыс бойынша 149 маман бюджеттік несие алды. Ал биылғы жоспар — 261. Қазірдің  өзінде, 1 шілдедегі мәлімет бойынша 174 адамға үй сатып алуға бюджеттік несие берілді. Оның ішінде мұғалімдердің үлесі көп. 125 педагог бюджеттік несие алды. Сондай-ақ, қазір 307 маманға көтерме жәрдемақы берілді. Мұнда да педагогтардың үлесі басым (235 мұғалім), —  дейді басқарма қызметкері.

Оның айтуынша, бағдарламаға қатысу үшін өтініштер, әсіресе, жыл аяғына таман, желтоқсан айында көбейеді екен.

— Мамандар қай кезде жазса да, өтініштері қабылданады. Жыл аяғында жазылған өтініштер келесі жылға кезекке қойылады, — дейді Аягөз Елтаева.

Бағдарламаның он жылы

Аталған бағдарламаның жүзеге асырылып жатқанына биыл — 10 жыл. Бұл мақсатта 4,5 миллиард теңге бөлінген. Соның арқасында 5334 маманға әлеуметтік қолдау көрсетілді. Нақтырақ айтқанда, 4027 маман көтерме жәрдемақы алса, қалғанына (1307 адам) тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие берілді.

Осы 10 жыл ішінде білім саласына 4278 маман (80,2 пайыз) тартылған. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласындағы 734 маман (13,8 пайыз), агроөнеркәсіп кешені саласындағы 152 маман (2,8 пайыз), мәдениет саласындағы 94 маман (1,8 пайыз)  ауылды гүлдендіруге өз үлестерін қосып жатыр.

— Мемлекет тарапынан беріліп жатқан осы мол мүмкіндікті мамандар тиімді пайдалана білгені жөн. Көтерме жәрдемақы, бюджеттік несиемен бірге ауылда жұмыс жасайтындардың жалақысына 25 пайыз үстемеақы қосылатыны тағы бар. Сөйтіп, жастар ауылды көркейтіп, ауыл арқылы өздерінің де тұрмысын түзеп алса, нұр үстіне нұр болады емес пе? Жалпы еңбек етуге талпынғандар үшін ел Үкіметі тарапынан қолдау көп, — дейді облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бас маманы Аягөз Елтаева.

Темірлік түлектер туған жерді түлетеді

Жандәурен ҚОЙШЫБАЕВ, Темір ауданы әкімінің орынбасары:

— Біздің ауданда «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы аясында көп жұмыстар атқарылып жатыр. Былтыр 50 маман көтерме жәрдемақы алып, 14 маман қоныстойын тойласа, биыл да бағдарламаға қатысушылар көп. Аталған бағдарламаны іске асыру мақсатында жергілікті бюджеттен 9,1 миллион теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға 52 маманға көтерме жәрдемақы беріледі. Қазірдің өзінде 22 маман көтерме жәрдемақыны алды.

Тұрғын үй сатып алу үшін берілетін бюджеттік несиеге қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. 90,9 миллион теңге берілді. Кезекте 25 маман тұр. Қазір соның 9-ына бюджеттік несие берілді. Республикадан бөлінген қаражат кезекте тұрған мамандардың бәріне толық жетеді. Дегенмен, жаңадан келетін тағы 20 маман бар. Олардың да баспана алулары үшін қосымша қаржы бөлінуіне өтініш беріп қойдық.

Мамандар «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы аясында берілетін  көтерме жәрдемақы немесе үй алуға өтініш жазғаннан кейін олардың құжаттарын арнайы құрылған комиссия 3 күн ішінде қарайды.

Бағдарламаның арқасында баспаналы болдым

Інжу ДАМЕНОВА, мұғалім:

 

— «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы арқылы баспаналы болғаныма қуанамын. Мен 2006 жылы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін тәмамдадым. Еңбек жолымды Шалқар қаласындағы №2 мектеп-гимназиядан бастадым. Кейін аудан орталығындағы колледжде 5 жыл еңбек еттім. Дегенмен, колледждегі бала санының аздығына байланысты сағат саны да кеміді. Аз ғана жалақымен жұмыс істеу отбасылы адамға қиын тиеді ғой. Сөйтіп, аудандық білім бөліміне барып, жұмыс іздестірдім. Онда барғанда «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасының мол мүмкіндіктері туралы білдім. Аудандық білім бөлімінің басшысы Абзал Базарбайұлы аталған бағдарламаның тиімділігі туралы жан-жақты түсіндіріп, ауылдық жерде жұмыс жасауыма ұсыныс айтты. Ұзақ ойланып жатпастан, бірден келістім. Сөйтіп, былтыр қыркүйектен бастап Тоғыз стансасындағы №7 мектепке әлеуметтік педагог болып жұмысқа орналастым. Жолдасыма да мектептен жұмыс табылды. Үш балам бар. Екеуі мектеп жасында. Кішісі биыл дайындық сыныбына барады.

Жаңа ортаға сіңісіп кету қиынға соққан жоқ. Ынтымақ, бірлігі жарасқан  ұжымыма бірден үйренісіп кеттім. Олардың ыстық ықыласы, кең пейілі, шынайы тілектестіктері маған қанат бітірді…

Жұмысқа орналасқаннан кейін аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөліміне барып, «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасына қатысуға өтініш жаздым. Өтінішімді аудан әкімінің орынбасары Аманкелді Қонақбаев басқарған 9 адамнан құрылған комиссия қарап, бағдарлама аясындағы қолдау, көмектер маған да тиесілі екендігі туралы шешім шығарды. Сөйтіп, көтерме жәрдемақы алдым. Бюджеттік несие де берілді. Осы жақында  ғана Тоғыз ауылынан баспана сатып алдым. Жайлы баспана таңдауыма да ұжымымның, әсіресе, мектеп директоры Гүлсайран Ибраеваның үлесі көп болды.

Аталған бағдарламаның тағы бір тиімділігі, осы  мемлекеттік бағдарламаның аясында ауылға келіп, отбасыммен жұмыс жасап жатқаным үшін артық жүктеме болса, бірінші кезекте маған беріледі. Көмектер алдымен маған ұсынылады.

«Дипломмен — ауылға!» мемлекеттік бағдарламасының шарапаты мол. Сол себепті, жастарды ауылды гүлдендіріп, ауылды көркейту үшін ауылда еңбек етуге шақырамын.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button