Басты жаңалықтар

Байқау жеңімпаздары — Айгерім Тілеубек пен Ислам Балкоев

Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына орай облыс әкімдігінің және «Димаш-Али» продюсерлік орталығының қолдауымен биыл екінші рет өткізілген «Baqytty Bala —  2019»  балалар ашық вокалдық фестиваль-байқауы өз мәресіне жетті. Сайыста астаналық Айгерім Тілеубек пен Ресейдің Түмен қаласынан келген Ислам Балкоев бас жүлде алды.

Өнер орталығында байқаудың қорытынды кезеңі ерекше ұйымдастырылды. Қатысушылар мен қазылар алқасы  орталықтың алдына төселген қызыл кілеммен жүріп өтті. Әсіресе, жиналған жұртшылық кеш қонағы Димаш Құдайбергенді ерекше ықыласпен қарсы алды. Байқаудың өткен жылғы жеңімпазы Ержан Максим де кеш қонағы болды.  Салтанатты шарада облыс әкімі Оңдасын Оразалин құттықтау сөз сөйледі.

Әр ата-ана үшін өміріндегі ең үлкен бақыт —  ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу. Бүгінгі бала —  елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Қай мемлекет болмасын бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Бүгінгі таңда елімізде балалардың бақытты балалық шағын алаңсыз өткізуіне арналған көптеген әлеуметтік жобалар бар. Биылғы Жастар жылының аясында арайлы Ақтөбеміздің брендіне айналған «Baqytty Bala» ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы игі дәстүрге айналып, екінші рет ұйымдастырылып отыр. Сонымен бірге бұл байқау өз өнерімен дүниежүзін мойындатқан даңқты жерлесіміз Димаш Құдайбергеннің артынан ерген ізбасарларына жол ашты. Былтырғы байқауда жас әнші Ержан Максимнің бас жүлдеге ие болып, қазіргі таңда үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүргенін мақтанышпен айта аламыз. Бұл байқау жас таланттардың есімдерін әлемге таныта береріне сеніміміз мол, —  деген облыс басшысы құттықтау тілегін орыс және ағылшын тілдерінде жалғастырды. Бұдан соң жас әнші Ержан Максим ән салды.

Сайысқа қатысуға Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Украина, Белоруссия, Молдова, Түркия, Греция, Польша, Канада және өзіміздің елден  500 бала өтініш берген. Үш ай бойы қазылар алқасы 20 баланы іріктеп алған.

Қазылар алқасының мүшесі, «Х-фактор» жобасының жеңімпазы, «Евровидение» байқауының финалисі Аида Николайчук балалардың тамаша өнер көрсеткенін айтты.

Шындығы керек, таңдау өте қиынға соқты. Алайда байқау шарттары  орындалуы тиіс. Қазылар алқасы ешкімді алаламай, өз міндеттерін адал атқарды, — деді.  Ал Ресейдің еңбек сіңірген әншісі, композитор Владимир Эзеров Қазақстанға алғаш рет келгенін, байқаудың өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, балалардың талантты екенін айтты.

«ДимашАли» продюсерлік орталығының жетекшісі Қанат Айтбаев қатысушылар өздерінің вокалдық қабілеттерін барынша көрсеткенін, бірінен-бірі өткен таланттылардың ішінен кімді жеңімпаз етерін білмей, қазылар алқасы қатты қиналғанын, алайда ойласа келе, облыс әкімдігінің қолдауымен бас жүлдені екі балаға беруді ұйғарғандарын мәлімдеді. Нәтижесінде Гран-приге Нұр-Сұлтан қаласынан келген Айгерім Тілеубек пен Ресейдің Түмен қаласынан келген Ислам Болкоев ие болды. Ал бірінші орынды Ресейдің Тула қаласынан келген Мария Панюкова мен алматылық Нұрлыбек  Сапарбай алды. Украинаның Харьков қаласынан келген Дарина Галицкая  мен ақтөбелік Аңсар Жүсіп екінші орынды еншіледі. Үшінші орын Қостанайдан келген Исатай Болатхан мен Алматыдан келген Қарақат Башановаға бұйырды.  Сонымен қатар Айгерім Тілеубек Димаш Құдайбергеннің келесі концертінде ән салатын болды.

Бас жүлдеге ие болған Ислам Балкоев Ресейдің «Первый канал» телеарнасынан көрсетілетін «Голос. Дети»  телевизиялық жобасынан көпшілікке танымал.

— Ержан Максим екеуміз «Голос. Дети» жобасына бірге қатыстық. Сол кезде Ержан маған елінде осындай байқау өтетінін айтты. Сөйтіп, сайысқа қатысу үшін өтініш бердім, — деді Ислам. Ол байқауда екі ән орындапты. Бірі — «Моя Ингушетия» әні болыпты. Жас әнші сайысқа қатысқанына ерекше қуанышты екенін, Ақтөбе қаласының ұнағанын айтты.  Ислам туралы қазылар алқасының мүшесі, А.Жұбанов атындағы музыкалық колледждің оқытушысы Марат Әйтімов былай дейді:

Ислам — талантты бала. Байқауда сахналық шеберлігін де таныта білді. Ол аудиториямен жұмыс істей алады, сахнаның сәнін келтірді. Нағыз әртіс үшін жақсы вокалдық қабілет болу жеткіліксіз, әртістік қасиеттерге де ие болу керек.

Байқау жеңімпаздарының барлығы ақшалай сыйлықпен марапатталды. Түрлі сертификаттарға ие болды. Жеңімпаздардың қуанышында шек жоқ. Естелік суретке түсіп, мәз-мәйрам болысты. Салтанатты шарада қазылар алқасының мүшесі, белгілі әнші Ұлықпан Жолдасов «Сәби бақыты» әнін шырқады. Жеңімпаздардың барлығы ән айтты. Кештің  соңында сахнаға Димаш Құдайберген шықты. Жиналған жұртшылық, әсіресе, балалар ерекше қуанышқа бөленді. Барлығы «Димаш» деп айқайлап, әншіге ыстық лебізін білдіріп жатты. Димаш көрермендермен амандасып, жеңімпаздарға сәттілік тіледі. Ән шырқады. Халық әншімен қимай қоштасты. Сондай-ақ Димаш осы кеш барысында Шалқар қаласында тоққа түсіп, екі қолынан айырылған Дамир Фаткулинмен кездесіп, баланың бір арманын орындады.

Жалпы «Baqytty bala» байқауы балалардың үлкен сахнада өнер көрсетуіне мүмкіндік береді. Конкурстың  I маусымының финалисі Нарғыз Жанұзақ Лондонда өткен «Indigo at the O2» концертінде әйгілі әншілермен бірге өнер көрсетсе, ал бас жүлде иегері Ержан Максим ресейлік «Голос. Дети» танымал жобасында әлемді  таңғалдырған болатын.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button