Басты жаңалықтар

Әлеуметтік салаға басымдық берілді

Сессия       

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс отыз бесінші сессиясында негізгі мәселе ретінде «2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайы қаралды.

Сессия жұмысына облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысты.

Отырысқа төрағалық еткен депутат Асқар Болатов сондай-ақ жиынға облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері шақырылғанын хабарлады.

Күн тәртібіндегі басты мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева баяндап берді. Ол Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын жүзеге асыру ауқымындағы мақсаттарды жүзеге асыру үшін қарастырылған қаржы ауқымын негіздеп берді.

Бұл ретте жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамту мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Ақтөбе қаласында және Ойыл селосында салынып жатқан үйлерге инженерлік желі тарту және абаттандыру жұмыстарына 220 миллион теңге, сондай-ақ Қандыағаш қаласындағы жатақхананы 90 пәтерлі үйге қайта құрылымдауға 100 миллион теңге қарастырылып отырғаны айтылды.

Бюджетке өзгерістер енгізу барысында атаулы әлеуметтік көмек беру мәселесі ескеріліп, оған 200 миллион теңге бөлінетіні белгілі болды.

Сондай-ақ денсаулық сақтау, білім, спорт және мәдениет саласында да біраз шаруалар қолға алынбақшы. Егер нақтылай кететін болсақ, 200 орындық перинаталдық емдеу орны құрылысына 250 миллион теңге, сонымен бірге инженерлік желі тартуға осындай мөлшердегі қаржы жұмсалады деп күтілуде. Ырғыз, Әйтеке би және Алға аудандарында үш әлеуметтік нысан газ желісіне қосылмақшы. Туберкулез ауруларына арналған Әйтеке би хосписінің газ қазандығын жөндеуге 12,3 миллион теңге бөлінді. Байғанин аудандық орталық ауруханасы үшін төрт жылыту қазандығы сатып алынбақшы.

Жеке балабақша қызметкерлерінің жалақысын 1 маусымнан бастап 30 пайызға көтеру үшін бюджеттен 218 миллион теңге қаржы қарастырылды. Жоғары оқу орындарында мамандар даярлауға қосымша 30 грант бөлінеді, бұл бюджеттен 8,1 миллион теңгеге бағаланып отыр.

Жастардың республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуына да жергілікті билік қолдау көрсетпекші. Қандыағаш қаласында, Кеңқияқ және Шұбарши селоларында дене шынықтыру кешендері құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу қолға алынбақшы. Тарихымызды терең зерттеуге арналған «Қазақстанның киелі географиясы» арнайы жобасы жүзеге асырылуына да жол ашылып отыр.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде шағын және орта бизнесті қолдау да күн тәртібінен түспейді. Бұл тұрғыда несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау және кепілдендіруге 266 миллион теңге жұмсалмақшы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың облысқа жұмыс сапары кезіндегі экологиялық мәселені шешу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Шалқар көлінің түбін тазарту жобасы жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауға қомақты қаржы бөлініп отыр.

Сессияда облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Аркадий Ни бюджеттің сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына атқарушылық тәртіпті жақсарту, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ұсынған бюджеттік өтінімдер мен шығыстарды жоспарлау сапасын қатаң бақылау, бюджеттік қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз ету қажет екенін атап көрсетті.

Сессия отырысында «Ақтөбе қаласындағы стационар жағдайында психоневрологиялық аурулармен ауыратын мүгедек балаларға қызмет көрсету» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелер қабылданды, «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу жөніндегі учаскелік комиссиялар туралы ережені келісу туралы» мәселе қаралды.

— Өздеріңіз байқағандай, бүгінгі күні әлеуметтік саланы дамытуға басымдық беріліп отыр. Оның маңыздылығын сіздер жақсы түсінеді деп ойлаймын. Ең бастысы, бюджет қаржысы үнемді және орынды жұмсалуы тиіс. Бұл ретте жоғары жауапкершілік болуы қажет. Басталған, қолға алынған жобалар орта жолда қалып қоймай, уақытында, сапалы аяқталуы маңызды,— деген облыс әкімі Оңдасын Оразалин мәдени мұраларды зерттеу, игілікке пайдалану мәселесіне де ерекше мән берді.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button