Басты жаңалықтарМереке

Нұр-Сұлтан — жастардың қаласы

Нұр-Сұлтан — болашақтың қаласы. Ал болашақ жастармен ғана нұрлы. Бүгінде еліміздің ертеңі, егемендіктің еңсесін тіктейтін жастардың дені елордаға барып қызмет етіп, астананың тұрғыны болуды армандайды. Зәулім, биік ғимараттары мен таза ауасы, жасыл желекті табиғаты әсем Нұр-Сұлтан қаласы — кез келген адамның арманы. Бас шаһардың туған күні қарсаңында біз елордада білім алған, Нұр-Сұлтан қаласында тұратын және астанада тұруды армандайтын ақтөбелік жастармен тілдескен едік.

 Айгүл — елорданың тұрғыны

Ақтөбелік Айгүл Саимова 2017 жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Бұған дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Ақтөбе филиалында қызмет атқарған ол бүгінде елордадағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Нұр-Сұлтан филиалында HR-менеджер болып жұмыс істейді.

  • Нұр-Сұлтанға жолдасым екеуміз 2017 жылдың қыркүйек айында көшіп келдік. Қазір пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Еңбек еткен адамға мұнда жұмыс көп. Жалпы Нұр-Сұлтан — шексіз мүмкіндіктер қаласы. Мұнда тұрып, қызмет ететін жастарға мүмкіндік мол, өзін-өзі дамытуға ешқандай кедергі жоқ. Ең бастысы, ерінбей еңбек етіп, жасаған қызметіңді адал, абыроймен атқарсаң болғаны. Нұр-Сұлтан еліміздің бас қаласы болғандықтан, мұнда үнемі қайнаған тіршілік, айналаңда жанталасып-жағаласып жүрген адамдар, сол себепті бәсекелестік өте жоғары. Ал бәсекелестік бар жерде алға жылжу, даму бар. Сондықтан мен жастарды еліміздің астанасында білім алып, осы қалада еңбек етуге шақырамын. Ең бастысы, бұл қалаға келгенде кез келген жастың күш-жігері мықты, мақсаты айқын, алға қойған жоспары болуы керек. Сонда кез келген қиындықты жеңіп, биікке көтеріле аласың, — дейді ол.

Қызметте тәжірибесі мол, білімді, білікті Айгүл аз уақыттың ішінде нұрсұлтандықтардың алғысына бөленіп, жаңа жұмысына «сіңіп» үлгерген.

  • «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында қызметкерлерді оқыту, олармен байланыс орнату, жаңа қызметкерлерді жұмысқа қабылдау, тағылымдамадан өткізу — менің негізгі міндетім. Бас қалада жаңа қызметке келіп жатқан жастар көп. Олар өздеріне қойылған талаптар мен міндеттерді ойдағыдай атқарса, біз жастарды жұмысқа аламыз. Қазіргі жастар жан-жақты, жаңа технологияларды жақсы біледі. Үш тілді еркін меңгерген жастар да бар. Сондықтан Нұр-Сұлтанда білімді, жан-жақты, еңбекқор болсаң, жұмыс табу қиын емес. Бір айта кетер жайт, елордада баспаналы болу — мұнда жаңа келген жастарға ең үлкен мәселе. Пәтерді жалға алу, сатып алу қымбатқа түседі. Ақтөбемен салыстырғанда бұл жерде жалақы жоғары, алайда мемлекеттен баспана алу үшін елордада кем дегенде үш жыл тұруың керек. Сондай-ақ мұнда Ақтөбедегідей «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы арқылы қаржы жинап, аз уақыттың ішінде баспана алу қиын, — дейді ол.

Бұған дейін Ақтөбе қаласында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Ақтөбе филиалы №1 Ақтөбе қалалық бөлімінде кеңес беруші, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация» КЕ АҚ Ақтөбе қаласы бойынша филиалының  Қарғалы селолық бөлімі басшысының орынбасары, №1 Ақтөбе қалалық бөлімінде бөлім басшысының орынбасары болып қызмет атқарған Айгүл мемлекеттік қызмет көрсетуде, орталыққа мамандарды қабылдау, қызметкерлерді тағылымдамадан өткізу жұмыстарында тиянақтылығымен, жан-жақтылығымен көзге түсіп, бүгінге дейін көптеген жетістіктерге ие болған.

  • Мен үшін ең үлкен жетістік — абыройлы еңбек етіп, еліміздің дамуына үлес қосу.

Ал еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны болу — үлкен мақтаныш. Өз басым Нұр-Сұлтанды ештеңеге теңгермеймін, себебі бас қала — жалынды жастықтың ордасы, болашақтың қаласы. Сондықтан әрдайым елордамыздың шаңырағы биік болып, жылдан-жылға гүлдене берсін! Нұр-Сұлтанның ертеңгі еңсесін көтеретін білімді, өнерлі  жастарымыз көп болсын, — дейді Айгүл Саимова.

«Нұр-Сұлтанға жиі барамын…»

Ақтөбе қаласындағы Ғ.Жұбанов атындағы облыстық филармонияның әншісі, жас өнерпаз Нұртас Омаров — Нұр-Сұлтанға жиі баратын жастардың бірі.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде «Академиялық ән салу» мамандығы бойынша оқып, жоғары білім алған ол студенттік шағын бас қалада өткізгеніне ерекше қуанады. Жоғары білім ала жүріп, Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясында, сондай-ақ «Ұлттық ұлан» ән-би ансамблінде әнші болып жұмыс жасаған Нұртас елорданың жастарға берер мүмкіндігі зор екенін, әсіресе, өнер саласында жас өнерпаздарға үлкен қолдау көрсетілетінін айтады.

  • НұрСұлтандық болу — барша қазақтың арманы. Себебі бұл қаланың біздің тәуелсіз мемлекет ретінде орнығып, дамудың даңғыл жолына түсуде рөлі айрықша. Және еліміздің дамуы бас ордамен тығыз байланысты. Бас қала — мәңгілік ел болар кемел келешегімізбен жалғайтын елдігіміздің арқауы, Елбасының үлкен еңбегі. Сондықтан бұл қалада білім алу, еңбек ету — кез келген жастың арманы, мақтанышы. Мен де осы қалада білім алып, өнерімді шыңдағаныма мақтанамын. Мен Қазақ Ұлттық өнер университетін аяқтаған тұста Нұр-Сұлтанда «Экспо-2017» халықаралық көрмесі өтіп, барша шетелдіктер біздің елордамызға ағылды. Астананың әсем табиғаты мен «менмұндалаған» зәулім ғимараттарын көріп, таңғалды. Сол кездегі оқу орнын бітірген жас түлек — мен үшін бұл көрме елімізді әлемге танытатын тағы бір ауқымды оқиға ретінде есімде қалды. Мен елордада білім алып жүрген кезде «Астана Опера» театрында болып, опера әншісі Әлібек Дінішев пен Майра Мұхамедқызының, әлем жұлдыздары, опера әншісі Пласидо Доминго мен белгілі тенор Хосе Каррерастың, сондай-ақ ресейлік және шетелдік эстрада әншілерін көріп, олардың өнерін тамашаладым. Әйгілі өнер жұлдыздарының өнеріне тәнті болған мен сол кезден бастап өнер саласында үлкен жетістікке қол жеткізуді мақсат еттім, — дейді Нұртас.

Бүгінде Нұртас сол алға қойған мақсатына қол жеткізіп келеді. Көптеген байқауларға қатысып, жүлдегер атанып, облыс, республика көлемінде өз өнерін жұртшылыққа паш етіп жүр. Атап айтсақ, ол бүгінге дейін А.Жұбанов атындағы қазақ оркестрінің құрамында болып, халықаралық фестивальдерге қатысып, Ресей (Мәскеу), Бельгия (Брюссель), Люксембург (Люксембург) мемлекеттерінде, еліміздің көптеген ірі қалаларында өнер көрсеткен. Оның ең басты марапаты  — 2017 жылы Ақтөбеде өткен І республикалық «Жібек жолы» эстрадалық ән байқауында бас жүлдені иеленуі.

Сондай-ақ Нұртас «Көктем қыздар» атты І республикалық ән байқауында ІІ орын, Б.Оралұлы атындағы халықаралық «Елім менің» ән байқауында ІІІ орын, Б.Шүкенов атындағы «Отан Ана» ІІ республикалық байқауында арнайы жүлдені иеленген. Ал былтыр Украинаның Новояворовск қаласында өткен халықаралық «Молода Галичина — 2018» ән байқауында І орынды жеңіп алған.

— Елордада қалуға болар еді, алайда өзім өсіп-өнген жерге келіп, елге қызмет етуді мақсат еттім. Мен оқыған киелі шаңырақ — Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжі мен облыстық филармония басшылығы мені қызметке шақырды. Осылайша Ақтөбеме келіп, өнерімді шыңдап жүрген жайым бар. Болашақта алға қойған жоспарларым аз емес. Мүмкін, ел астанасына барып та еңбек етермін, — дейді Нұртас ағынан жарылып.

Кейіпкеріміз өз сөзінде Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс бабымен, сондай-ақ жазғы демалыста жиі баратынын, әр барған сайын ел астанасы басқаша кейіпке еніп, жаңа зәулім үйлер мен әсем ғимараттардың көптігі ерекше қуаныш сыйлайтынын айтады.

  • Нұр-Сұлтан күнге-күнге көркейіп, ұлғайып келеді. Тіпті, бір ай бармасаң, келесі айда көп өзгерістер болғанын байқайсың. Жалпы елорданың өсу қарқыны тез, жыл сайын қала аумағында жаңа қалашықтар пайда болып, тұрғындар саны артуда. Менің ойымша, Нұр-Сұлтанда тұрып, жақсы өмір сүру үшін жалқау болмау керек. Себебі бұл қаланың тұрмыс-тіршілігі, өмір сүру жағдайы басқалармен салыстырғанда қымбат, сұраныс көп. Ал жыл сайын елорданы сағынып баратын біз үшін бас қаланың одан әрі көркеюі, гүлденуі — ерекше сый, — дейді жас өнерпаз.

 «Елордада тұрғым келеді…»

Хромтаулық жас ұстаз Зәуреш Жарқымбаеваның арманы — Нұр-Сұлтанға қоныс аудару. Жас маман бұған дейін елордаға бір-ақ рет барыпты. Алайда сол барған кезінде-ақ бас қаланы ерекше ұнатқан. Хромтау қаласындағы №1 Хромтау орта мектебінде география пәнінен сабақ беретін ол оқушыларына елордадан алған әсерін әрдайым айтып отырады.

  • Мен алғаш рет Нұр-Сұлтанға 2017 жылы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне бардым. Отызға жуық оқушы апарып, үш күн елорданы аралап қайттық. Келбеті мен салтанаты жарасқан елордамыз ол кезде «ЭКСПО» ғимараттарының арқасында онан сайын әсемдене түскен. Көкпен таласқан таңғажайып қалашық көрмеге барған барша халықтың назарын аудартқаны анық. Әсіресе шар тәріздес, көрменің орталық нысаны — «Нұр-Әлем» павильонының сәулеті ерекше көзге түсті. Жаңа технологиялар алаңына айналған бұл ғимараттағы кереметтер оқушылардың әлі күнге дейін есінде қалды. Сол кезде көрмеге барған оқушылар бүгінде астанаға барып, жоғары білім алуды армандайды. Арман қалаға айналған Нұр-Сұлтан — бүгінде еліміздің айнымас айнасы, барша қазақтың асқақ рухы мен жасампаздығының жарқын нышаны. Сол үшін де мен елордамыз Нұр-Сұлтанда тұруды армандаймын. Менің ойымша, барлық жастың арманы да, мақсаты да — нұрсұлтандық атану, — дейді Зәуреш.

Бүгінгі күні елорда тұрғындарының санын еліміздің барлық өңірлерінен білімге талпынып, жұмыс іздеп, арман қуып келген қыз-жігіттер еселеп өсіруде. Сондықтан ел астанасының бүгінгі ажарын жастардың кескін-келбеті, бет-бейнесі, өмір салты мен армандарымен салыстырған жөн. Осыны ұққан жас ұстаз болашақта елордада тұруды армандайды.

— Біз сияқты жастар үшін жасампаздықтың, достықтың, сұлулықтың символы іспетті Нұр-Сұлтанда сәулет өнерінің теңдессіз үлгілері саналатын ғимараттар бой көтеруде. Жиырма жылда сүйікті қала ғажайып шаһарға айналды, әлем алдында беделі артты. Жаңа астананың келешегі бүтіндей жастардың қолында. Сол үшін, біз, жастар, ерінбей еңбек етіп, елдің дамуына, ал жас ұстаздар ұрпақтың сапалы білім алуына қалтқысыз қызмет етуіміз керек. Армандар орындалады, ең бастысы, оған сенім мен күш-жігер, сондай-ақ адал еңбек ету керек, — дейді жас ұстаз.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button