Басты жаңалықтарМереке

Астана ауданында  262,2 мың адам тұрады

Былтыр Ақтөбе қаласы Астана және Алматы ауданы болып екіге бөлінді.  Қазір Астана ауданында 262,2 мың тұрғын бар.

Аудан қаланың батыс бөлігі болғандықтан солтүстігінде Мәртөк ауданымен шекаралас, ал оңтүстік-батыс, батыс және солтүстік-батыс аумағы Алға ауданымен шектеседі. Қаланың Сазды, Жаңақоныс, Құрашасай елді мекендері мен №39 бекет осы ауданға қарайды.  Ауданның  аумағы — 0,9 мың шаршы метр.Аудан әкімі Бағжан Тілегеновтің айтуынша, болашақта бұл маңда түрлі ғимараттар салынып, инфрақұрылым дами түседі.

Саябақ сән беріп тұр

Өткен жылы Ақтөбеде «Астана» саябағы ашылды. Қазір саябақ қала көркіне сән беріп тұр. Тұрғындар демалыс күндері қыдырып, балалар асыр салып ойнайды.

«Астана» саябағы орталықта орналасқан, яғни саябақтың оңтүстік бөлігі Әбілқайыр хан даңғылымен, шығыс беті «Нұр Ғасыр» мешітімен, солтүстігі Неке сарайы аумағымен шектеседі. Саябақтың Әбілқайыр хан даңғылына шығатын бөлігінің ұзындығы — 210 метр, оңтүстік бағытының ұзындығы да сол шамада. «Астана» саябағының жалпы алаңы — 4,3 гектар. Саябаққа кіреберісте екі стелла орнатылған.  Бірі «Хан шатыр» ғимаратын елестетсе, «Астана саябағы» деген жазу да өз көркемдігімен ерекшеленіп тұр. «Астана» саябағын салудағы басты міндет — қала тұрғындары мен қонақтарына аталған саябаққа келгенде өзін елордада  жүргендей етіп сезіндіру.

Саябақтың орталық аллеясы арқылы келушілер демалыс орнының басқа бөлігіне өтеді. Орталық ядро екі оппозитті төбеден тұрады және онда 3D Нұр-Сұлтанның түрлі түсті панорамасы бейнеленген. Сондай-ақ жасыл қабырғаға қарсы амфитеатр орналасқан. Амфитеатрдың сыйымдылығы 100-120 орындық шамасында. Ядроның негізгі факторларының бірі — онда қоғамдық шаралар, қалалық мерекелер, жәрмеңкелер, әрине, елорданың туған күні өткізіледі.

Бұдан басқа, бас қаланың  көркем экспозициялы екі төбешікті 3D панорамасы бар. Ядро айналасында рекреациялы алаң, жол желілері, жаяу жүргіншілер жолы, сәулетті пішіндер, классикалық шамдар, орындықтар, скульптуралық композициялар, балалар алаңы, рельефті төбелер орналасқан. Саябақ қолдан жасалған, ені  — 3,5 метр, тереңдігі 50 см Есіл өзенінің жағасына барып тіреледі. Арықтар сумен қамтамасыз етілген. Шағын өзен үстіне көпірлер салынған, бұл — саябақты қызықты элементтермен толықтырудың бірден-бір көрінісі.

Мереке астана көшесінде тойланады

Ақтөбе облысындағы табиғи, тарихи құндылықтарының әлеуеті басым өңірлердің бірі — Қобда ауданы.

Талай қазақтың батырлары шыққан құтты мекен жылдан-жылға көркейіп келеді. Елода Астана атанған тұста аудан орталығындағы бас көшеге Астана атауы берілген. Бұл көше —  аудан орталығындағы ең әдемі көше. Қазіргі таңда бұл көшеде жүзден аса тұрғын үй бар. Орталық көше бойында аудан әкімдігі, орталық стадион, спорт кешені, «Шәріп молда» мешіті, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім, аудандық қазынашылық бөлімі, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, балалар кітапханасы, «Шұғыла» және «Нұрлы болашақ» балабақшалары орналасқан. Сондай-ақ мұнда «Арай» мейрамханасы, «Амангелді» сауда орталығы, ірілі-ұсақты 18 дүкен бар.Жыл сайын елорданың туған күні осы көшенің бойында тойланады.

Ақшидің «Астанасы»

Ырғыз селолық округіне қарасты Ақши ауылында да «Астананың 10 жылдығы» атты көше бар. Бұл көшенің бойында қаз-қатар тізілген 19 үй орналасқан. Сонымен қатар М.Төлегенов атындағы орта мектеп, стадион мен ауылдық амбулатория  бар. Аты айтып тұрғандай, Астана қаласының 10 жылдығына арналған.

Ауыл адамдарының көбі мал шаруашылығымен айналысады. Киелі Ақши атанып кеткен бұл мекен — Ырғыз өңіріндегі шағын ауылдардың бірі. Ақшиліктер жыл сайын осы көшені тазалап, көріктендіру жұмыстарын жүргізеді.

 Әзірлеген Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button