Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбеде туризм қалай дамиды?

Аумағы 300 мың шаршы метр жерді алып жатқан Ақтөбе өңірінің сұлу табиғаты туризмді дамытуға қолайлы. Соңғы жылдары өңірге келетін туристердің қатары артқан. Былтыр облысқа 124 мың саяхатшы келіпті.

Жалпы Ақтөбенің ішкі туризмін дамыту үшін қандай жұмыстар қолға алынып жатыр? Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік басқармасы туризм бөлімінің басшысы Жанна Баймұхамбетовамен тілдестік.

СУ ҚОЙМАСЫНЫҢ МАҢЫНАН  ДЕМАЛЫС ОРТАЛЫҒЫ САЛЫНАДЫ

Жанна Баймұхамбетованың айтуынша, туризмді дамытуда облыстың мүмкіндігі көп.

Ел Үкіметі туризмді дамытудың 2019-2025 жылға арналған мемлекеттік  бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама мақұлданды, тек бекітілуін күтіп отырмыз. Бағдарлама аясында республиканың туристік картасы жасалды, яғни 60 объектті дамыту көзделген. Оның елуі — өңірлік, оны республикалық маңызға ие. «Қазақ туризм» ұлттық компаниясынан келген өкілдер  өңірлік маңызға ие елу нысанның бірі ретінде Қарғалы су қоймасын таңдап алды.  Олар су қоймасына барып, айналаны өз көздерімен көріп, картаға енгізді.

Себебі Қарғалы су қоймасының маңы туристерді тартуға өте қолайлы. Қазір инвестор анықталды. Алдағы уақытта су қоймасының маңынан  демалыс орталығы салынады. Қонақ үй, бассейн, ойын-сауық орталығы, тынығатын орындар, яғни келушілерді қызықтыратын алаңдардың барлығы бой көтереді. Осы кезде  саяхатшылардың қатары артады. Жалпы соңғы жылдары облысқа келетін туристердің саны артты. Мәселен, өткен жылы 124 мыңнан аса турист келсе, оның ішінде шетелдіктердің саны — 12 251 адам. Ал биыл жыл басынан бері 25 851 адам облысқа саяхат жасаса, соның ішінде  2 681 адам сырт елден келді. Соңғы бес жылда турситердің келу қарқыны 47,6 пайызға артты. Шетелдіктердің көпшілігі жұмыс барысымен немесе қонаққа келген кезде аймақтың табиғатымен танысады. Олар тек қана туристтік мақсатта келуі үшін, әрине  қыруар шаруа жасалуы керек. Дегенмен кейінгі кезде Димаш Құдайбергеннің арқасында сырт елден келетіндердің қатары көбейді. Мәселен, әншінің 29 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласында өтетін концертіне әлемнің біраз елінен жанкүйер келеді. Соның ішінде АҚШ, Франция, Хорватия және Жапония, Малайзия елдерінен келетін 25 шетелдік Димаштың туған жерін көру үшін арнайы Ақтөбеге ат басын бұрады, — дейді бөлім басшысы.

Жанна Баймұхамбетованың  айтуынша, облыста көрген адамның аузының суын ағызатын тамаша жерлер көп. Өкініштісі, көпшілігі облыс орталығынан алыс. Мәселен, Темір ауданындағы тарихи жерлер, Байғанин ауданындағы «Ақбота-Сәңкібай», «Құлшардың шоқысы» аталып кеткен борлы таулар, үйтастар туристер үшін өте қызық.

ОБЛЫС ТУРИЗМ ҮШ БАҒЫТТА ДАМИДЫ

Облыс туризмін дамытуға бағытталған жұмыстар тоқтаған емес. Аймақтың туристік әлеуеті зерттелді, карта жасалды.  Жыл сайын бір бетіне қаланың, екінші бетіне облыстың туристік жерлері сызылған  карта шығарылады. Ол қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілінде жазылады. Сондай-ақ арнайы кітапшалар мен парақшалар дайындалады. Оның барлығы қаладағы қонақ үйлер мен туроператорларға таратылады. Сондай-ақ төрт тілде  visitaktobe.kz сайты жұмыс жасайды. Ақтөбенің туристтік жерлерін білгісі келетін әрбір адам осы сайтқа кірсе, барлық ақпаратты алады. Қандай туроператорлар бар, баға мен сапа қандай барлық мәліметке қанығады. Онлайн түрде тапсырыс беруіне болады. Жалпы

Жанна Баймұханбетованың айтуынша, облыс туризмі үш бағыт бойынша  дамып келеді.  Біріншісі —  мәдени-танымдық туризм. Бұл бағытқа «Есет батыр», «Қобыланды батыр», «Хан моласы» мемориалдық кешендері мен  Абат Байтақ, Исатай батыр кесенелері кіреді. Мәселен, Есет батырдың басына жылына 25 мың адам барады екен. Екінші —  экологиялық туризм (агротуризм). Қарғалы ауданына қарасты  Ащылысай сарқырамасы, Қарғалы су қоймасы, Байғаниндегі  Ақтолағай борлы таулары мен  Ырғыз-Торғай табиғи резерваты, Жаманшың метеорологиялық кратері және тағы басқа жерлер осы бағытқа кіреді.  Үшінші —  емдеу-сауықтыру (медициналық) туризмі.  Бұл бағытқа Мәртөк ауданындағы  «Зару» шипажайы, Алғадағы  «Шипагер» профилакторийін және тұзды көлдерді қосуға болады.

Облыстың туристік инфрақұрылымын дамыту мақсатында былтыр ірі бес жоба жүзеге асқан. Олар —  құны 1 180 миллион теңге тұратын аквапаркі бар ойын-сауық кешені, 658,5 миллион теңгеге салынған «Yurta Park», Батыс-2 ауданында бой көтерген музей, батут орталығы, «Зәру» пантамен емдеу шипажайы. Ал биыл

ірі үш құрылыс салынып жатыр.  Олар — құны  2,8 миллиард теңге болатын «IBIS» қонақ үй кешені, 4,58 миллиард теңгеге салынып жатқан «Бектурова» қонақ үйі мен  сомасы 17 миллиард теңге болатын «DoubleTree by Hilton» (Шератон) қонақ үй кешені.

АГРОТУРИЗМ ЖӘНЕ АУЫЛ ТІРЛІГІ

Облыста ішкі туризм бойынша «ЗереТур» және  QAZAQTOURISM» туроператоры жұмыс жасайды. «ЗереТур» туроператорының жетекшісі Ботагөз Крамбаеваның айтуынша, өлкеміздің керемет табиғатын тамашалау үшін алыс аудандарға баратындар сирек. Ал бір-екі адаммен саяхатқа шығу ұйымдастырушылар үшін тиімсіз.

— Саяхатшылардың көпшілігі жақын маңға барғысы келеді. Сондықтан Қарғалы, Алға, Қобда аудандарына апарамыз. Ал Байғанин, Ырғыз секілді аудандар алыс, әрі кейбір ауданның жолы нашар. Әсіресе мектеп оқушылары қатты шаршайды. Жолды көтере алмайды. Үлкен кісілерде  қан қысымы тағы басқа сырқатар болса, алыс жолға жарамайды. Ал бір-екі адам үшін шалғай ауданға бару біз үшін тиімсіз. Негізгі қаржы транспортқа кетеді. Мәселен, Қарғалы ауданына саяхат жасау үшін бір адам 4 мың теңге шығындайды. Бұл қаржының ішіне көлік, гид, су кіреді,  — дейді туроператор жетекшісі.

Ботагөз Қрамбаева облыста агротуризмді дамытуға болатынын айтады.

Жалпы туризмнің бұл түрі урбанизацияның жоғары деңгейімен сипатталатын Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка мемлекеттеріне тән. Ең алдымен табиғи нысандарға деген сұраныс пен қызығушылықтың өсуі бұл елдердегі ішкі туризмді дамытып отыр. Егер осы бағытқа қолдау болса, агротуризм біздің елімізде де пайда әкелер кәсіптің түрі болмақ. Себебі қалада туып, қалада өскен адамдарға ауыл тірлігі қызық. Олар құрт пен майдың қалай дайындалатынын көзімен көреді. Бірақ бұл кәсіпті бастап кетуге көпшілігінің жүрегі дауаламайды. Себебі пайдасынан шығын көп болуы мүмкін.

Ботагөз Крамбаева  Мұғалжар ауданына қарасты Орқаш шатқалының маңындағы Қаракөл ауылының табиғаты ерекше екенін айтады.  Бірақ қиын жері — жолы нашар. Туроператор жетекшісі осы ауылдың бір шаруашылығымен келсім жасап жатқанын айтты. Егер жоба жүзеге асса агротуризмнің қандай болатынын көпшілікке көрсеткісі келеді.

P.S

Әр өлкенің өз ерекшелігі, көз тартатын сулы мекендері бар. Аумағы 300 мың шаршы метр жерді алып жатқан Ақтөбе өңірінің сұлу табиғаты туризмді дамытуға қолайлы. Мәселен, Ырғыз ауданындағы Жаманшың, «Ырғыз-Торғай» резерваты, Ойылдың орманы мен Қарғалы, Жақсы Қарғалы, Мамыт, Кемпірсай, Айтбай, Тораңғыл, Шаншар секілді өзендерге бай, әрі шағын сарқырамасы бар Қарғалы, Ащыкөл, Сабындыкөл секілді көлдері бар, Мұғалжар ауданының табиғаты келушілерді қызықтырары сөзсіз.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button