Басты жаңалықтарЭкономика

Мәртөктің маралдары

«Біздің облыста да марал бағып жатқандар бар» дегенді естігеніміз болмаса, барып көрмеген едік. Мәртөк ауданына барған осы жолғы іссапарда Қазан ауылындағы «Зәру» марал шаруашылығына жол түсті. Бұл шаруашылықтың қожайындары — ерлі-зайыпты Ертарғын-Бану Тілегеновтер.

«Күнде таңғы сағат алтыда осы алқапты жаяу екі рет айналып өтем. Бұл — шаруашылық алаңын тексергенім емес, таңғы жаттығуым — осындай. Ал қалада қонған күні №7 мектептің ауласын айнала жүріп өтем. Орташа күніне 10 мың қадам жасаймын», — деп бастады әңгімесін кәсіпкер Бану Тілегенова бізді шаруашылыққа бастай жүріп.

Бизнес басы

«Негізгі мамандығым — медбике. Медицина саласында11 жыл еңбек етіппін.  Күйеуім сол кезде Ақтөбедегі тері фабрикасында шебер, цех бастығы болды. Тоқсан үшінші жылы зауыттар жабыла бастады. Күйеуім жұмыссыз қалды. Ол кезде екі баламыз болды. Менің бір табысым отбасымызға жетпеді. Заман қыспаққа алған кезде, біз де күнкөріс қамымен ала сөмке арқалап шықтық. Алматыға, Ресейге қатынап, тауар әкеліп, оны Ақтөбе мен Хромтауға саттық. Хромтау кеншілер қаласы ғой. Ол жерге апарған тауар тез әрі қолма-қол ақшаға өтетін. Сосын мен жұмыстан шығатын кез келгенін түсіндім. Өйткені ол кезде менің жалақым бес-алты мың теңге болатын, ал киоскіде бір күнде 500- 1000 теңге тауып жүрдік. Сөйтіп, табыс тауып, сәл қор жинай бастағанда дәріхана, шағын дүкен, шаштараз аштық. Ойлап отырсам, сол уақытта Ақтөбеде шаштараздар санаулы болыпты. Шебер шаштараздардың біліктілігін арттыру мақсатында Алматы, Мәскеу қалаларына апарып, оқытып келдім. Кейін шаштаразды сатып, 2001 жылы бірінші кафемізді аштық», — деді Бану Тілегенова бизнесті қалай бастағандарын айтып.

Тез шешім қабылдайтын, қажет жерде тәуекелге бел буатын іскер ханым шағын кафенің жұмысын жандандырып, кездескен кедергілерге қарамастан, қала тұрғындарына «Ұлпан» мейрамханасын жасап берді. «Бастапқыда кафе тар десек те, тұрғындар есік алдына билейміз дейтін. Содан тойхана қажет екенін түсіндім. Әрине, бірінші мейрамханадағы орын алған кемшіліктерді болдырмау мақсатында өз алдына бөлек, жаңадан мейрамхана-қонақүй кешенін салуды қолға алдық. Кейін ақтөбеліктерге жақсы таныс «Зерені»аштық», — дейді кәсіпкер. Көліктен түсіп, шаруашылыққа жаяу жеткенше осылайша кәсіпкермен әңгімелесіп келдік.

Сиқырлы мүйіз

Маусым-шілде айлары —  маралдардың мүйізін кесетін кезең. Біз сол мүйіз кесу процедурасының үстінен түстік. Бұл жерде бізді дәстүрлі емес шаруашылыққа қызығып, марал өсіруге бел буып, шындап кіріскен қожайын Ертарғын Тілегенов қарсы алды.

Мүйіз кесу процесі маралдарды жайылып жүрген ауласынан арнайы орынға айдап әкелуден басталады. Оларды жекелей қамап, біртіндеп мүйіздерін кеседі. Әуелі мамандар алдымен қайсысының мүйізі пісіп жетілгенін ажыратып алады. Мүйізді кескен соң оның қанын арнайы ыдысқа құйып алып, адамдар оны сол сәтте ішеді. Бізге де жаңа кесілген мүйізден аққан қанды ішуді ұсынды. Маралдардың арнайы орынға кірмей, біраз қашқанын, мүйізін кесіп жатқанда ауырсынғанын көру сондай аянышты болды. Алайда, мамандар бізге оның табиғи құбылыс екенін, жабайы жануарлардың мүйізі өздігінен түсетінін, яғни тасқа соғып не сүзгілесіп түсіретіндерін айтқан соң, көңіліміз бірленді.

Бұғы мүйізінен жасалған емдік дәрі-дәрмектің бірінші рецепті б.э.д. 168 жылы Қытайда пайда болды. Мүйізі үшін бұғы бағу Қазақстанда, Қытайда, Жаңа Зеландияда кең таралған. Еліміздің ең әдемі жерлерінің бірінде, Қазақстанның шығысындағы Қатонқарағайда бірнеше марал шаруашылығы орналасқан. Осы Шығыс Қазақстаннан сатып әкелінген 150 бас марал Ақтөбе облысы Мәртөк ауданынан үш шақырым жердегі Қазан ауылында өсіп жатыр.

Ыдысқа құйып берген қаннан ауыз тидік. Жып-жылы қан. Аузымызға темірдің дәмі сезілді. Ал жаңа кесілген жас мүйізді ұстағанымызда оның сиырдың мүйізі сияқты қатты сүйек емес екенін көрдік, сыртында түгі бар, кәдімгі киви жемісінің түгі секілді көрінді маған. Кесілген мүйізді қыссаң, қан бұлақ көзінен ағып жатқан секілді ағады.  Айтпақшы, маралдың аталығының ғана мүйізі кесіліп, тек сол ғана ем ретінде пайдаланылады. Түрлі ауруға ем болатын мүйізді сиқырлы деуге болатындай.

Мамыр-шілде айларында ғана барлық маралдың мүйізін кесіп, орнын залалсыздандырып үлгеру керек екен. Себебі қолға үйретілген маралдар мүйіздерін өздіктерінен тастай алмайды, бұл жерде адамның көмегі керек.

  • Ертарғынның идеясы көңілге қонып, марал шаруашылығымен айналысатын болсақ, қасында санаторий болуы керек дедім. Дегендей, шаруашылық аясында «Зәру» пантымен емдеу шипажайын аштық. Шипажайға келушілер пантымен емделеді. Яғни, жаңа кесілген жас мүйізден аққан қанды сол сәтте ішу де пайдалы, қан тез қатып қалатын болғандықтан, одан арнайы технологиямен пантогематоген жасалады. Бұл шипажайға келушілерге ұсынылады. Сосын мұнда келушілер бірнеше рет қайнатылған марал мүйізінен дайындалған сорпаға түседі. Панты бұлауын қабылдайды. Төрт мезгіл эко-тағамдармен тамақтанады. Негізі, сала мамандары панта өнімдерін тіршілік нәрі деп санайды. Денсаулыққа пайдасы зор. Әсіресе, ағзаны тазалайды, теріні жасартады. Өткенде біздің шипажайға Атыраудан бір әже келді. Екі рет инсульт алған кісі екен. 50 метр жерді үш-төрт рет тоқтап әзер жүретін ол бір апта пантогематоген ішкен соң, қимыл-қозғалысы ширап, көңіл күйі де дұрыстала бастағанын, қазір демалмай ұзақ жүре алатынын айтып, мәз қылды, — дейді кәсіпкер Бану Жұбанғалиқызы.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына сай пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы алынған 150 миллион теңге көлеміндегі несие Тілегеновтер отбасының алға қойған мақсаттарын орындауына жол ашты. Биыл олар қолға алған кәсібін одан әрі дамыту мақсатында мемлекеттік қолдауды пайдаланып, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие алған.

  • Марал шаруашылығы батыс өңірі бойынша біздің Ақтөбеде ғана бар. Жыл бойы халық емделетін шипажайымыз бар. Маралдың қанын сол ем-шараларға пайдаланамыз. Осы шаруашылықты одан әрі кеңейту үшін Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы 12 миллион теңге несие алдық. Ол қаржыға шаруашылыққа қажет техникалар мен жабдықтар сатып алдық. Жалпы, жеңілдетілген несие — мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетіліп отырған үлкен көмек, — дейді іскер ханым.

Әрине, марал шаруашылығы — бірегей тың жоба. Осы арқылы Тілегеновтер отбасы еліміздегі санаулы пантымен емдеу шипажайлар қатарын толықтырып, халықтың денсаулығын жақсартуға атсалысып отыр.

Үш баланың анасы, алты немеренің әжесі Бану Тілегенова бізге отбасылық бизнеске көңіл бөлу қажеттігін, сосын нақты мақсат қойып, оның соңғы нәтижесін көре білу керектігін айтты.

Бір қызығы, бұл отбасы бірнеше мейрамханасы болса да, өз үйлерінде балаларының ортасында бір дастарқан басында тамақтанады екен. Айтпақшы, күнді қай ұжыммен қарсы алса да, барлығы бірге таңғы жаттығу жасауды дәстүрге айналдырыпты.

  • «Күнді қалай бастасаң, солай өтеді» деген сөз бар ғой. Негізі, көңіл күй көп нәрсеге әсер етеді, сондықтан да ниет түзу, көңіл көтеріңкі жүрген жақсы, — дейді Бану Тілегенова.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button