Басты жаңалықтарЭкономика

«Бастау»: грант кімге бұйырады?

Әйтеке би ауданы Комсомол  селосының тұрғыны Фариза Айбалтанова — «Бастау» жобасының тыңдаушысы. Қолында арнайы сертификаты бар ол енді мемлекеттен бір реттік қайтарымсыз грант алуға ниетті. Сол үшін жалпы құны 505 мың теңгеге бизнес жоба әзірлепті. Мақсаты — кәсібін кеңейту.  Алайда мемлекеттен берілетін бір реттік грант кімдерге бұйырады? Оған қол жеткізудің жолдары қандай? Әңгімемізге арқау болған тақырып — осы.  

Фаризаның фетр бұйымдары

Фаризаны біз Ақтөбе қаласының Өнер орталығында «Қазақстанның үздік тауары-2019» аймақтық кезеңінің көрме-байқауында кезіктірген едік. Бұл шараға ол «Бастау» жобасының түлегі әрі тыңдаушысы есебінде шақырылыпты. Көпшілікке өз қолынан шыққан бұйымдарды, яғни қыз жасауы, өрнектелген қазақы әрі сахналық киімдермен қатар, фетрден жасалған кәдесыйларды ұсынған оның тауарларына көңіл аударып, қызыға қараушылар қатары да көп болды.

«Бастау» жобасы бойынша арнайы курстан өтіп, сертификат алдым. Мен сияқты  бұл жобаға қатысушылар үшін мемлекеттен берілетін бір реттік қайтарымсыз гранттың ең төменгі мөлшері 200 мың теңгеден асады.  Ауылда «Бастау» жобасының грантына қол жеткізіп, кәсібін жүргізіп отырғандар бар. Мен де қазіргі жасап жатқан кәсібімді кеңейту үшін 505 мың теңгеге бизнес жоба әзірледім. Егер «Бастаудың» түлегі ретінде мемлекеттік грантқа қол жеткізсем, тігін мәшенкелерімді жаңартудың мүмкіндігі туар еді, — дейді Фариза.

Ата-ененің бабын тауып, екі баласына уақыт бөліп, ауылдағы күнделікті күйбең тірліктен бөлек, тігін тігіп, тапсырыс қабылдап отырған Фариза кәсібін осылайша кеңейткісі келеді.

Қазір екі мәшенкемен іс тігемін. Екеуі де ескі. Қасыма көмекші алу үшін қосымша тігін мәшенкелері қажет. Болашақта жұмыссыз ретінде биржада тіркеуде тұрған ауылдастарымды жұмыспен қамту ойымда бар.  Бизнес жоба әзірлеген уақытта осы ұсынысымды да қоса жолдаған болатынмын. Қазір ауылда мен секілді іс тігіп, кәсібін жүргізіп отырған 3-4 адам бар. Соған қарамастан, ауыл, аудан орталығы, тіпті қаладан тапсырыстар түсіп жатады. Олардың сенімінен шығу үшін жұмысты уақытында әрі сапалы жүргізуге тырысамын. Егер қасымда көмекшілерім болса, тапсырысты көбірек қабылдауға болар еді, — дейді Фариза.

Фариза «Бизнес» жобасына қатысып, кәсіпкерлікті дамыту турасында көп нәрсе ұққанын айтады. Ең бастысы — бизнес жоспар құруды үйреніпті.

— Естуімше, біздің ауданға «Бастау» жобасы бойынша 505 мың теңгеге 20 грант ұсынылған. Солардың бірі ретінде осындай қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізгім келеді, — дейді ол.

Бүгінде өнерпаздардың сахналық киімдерімен қатар, оқушыларға мектеп формасын тігіп, түрлі шараларда фетрдан жасалған кәдесыйларын ұсынып жүрген Фариза Айбалтанованың есімі қолөнерші ретінде ауданға жақсы мәлім. Қыз ұзатып, келін түсірушілер, тұсау кесу тойына да Фаризаға тапсырыс берушілер көп. Фариза ұзатылатын қыздың сәукелесін сырғасымен қоса есептегенде 30 мың теңгеге дайындап береді. Ол үшін барлық қажетті заттарды Ақтөбе қаласынан әкеледі. «Болашақта жеке шеберханамды ашып, жиырмаға тарта адамды жұмыспен қамтуды жоспарлаймын. Егер осы бастаған ісім сәтті жүзеге асырылса, бұл жоспарымның орындалатынына күмәнім жоқ», — дейді қолөнерші.

28 жобаға грант ұсынылды

Қазір елімізде Фариза секілді бизнес бастаушылар үшін мол мүмкіндік әрі ерекше қолдау бар. Соның бірі — «Бастау» жобасы. Бұл — «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты. Былтыр осы жоба аясында облыста жұмыссыздар қатарындағы және өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2231 адам арнайы кәсіпкерлік оқуын оқыса, оның 576-сы бизнес жобасын қорғап, дені қаржыландырылған.

Биыл нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты — «Бастау» жобасы шеңберінде үш кезең бойынша 1125 адам оқытылды. Олар — жұмыссыздар қатарындағы және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдар. Бүгінгі күні 119 жоба қаржыландырылды. Атап айтсақ, 85 жоба «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы қаржыландырылса, 2 жоба екінші деңгейлі банктердің көмегімен қаржыландырылды. Сондай-ақ 28 жобаға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде грант ұсынылды. Жоба авторлары — Әйтеке би, Байғанин, Қарғалы, Темір және Ойыл аудандарының тыңдаушылары, — дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова.

Матадан жасалған кітап

Қарғалы ауданындағы жеке кәсіпкер Венера Өткелбаева биыл мамырда «Бастау» жобасының тыңдаушысы ретінде 250 мың теңге мөлшерінде грантқа қол жеткізіпті. Ол балалардың ойлау қабілетін дамыту үшін матадан түрлі бұйымдар жасайды. Соның ішінде ой-өрісті дамытатын матадан жасалған кітаптар да бар. Грант қаражатына тігін қондырғыларын алған Венера бұрын бұл бұйымдарды қолдан жасауға мәжбүр болған. Қолынан іс келетін әйелдер үшін табыс табудың бұдан асқан түрі жоқ.

Мамандығым — тігінші. Тапсырысты үйде отырып қабылдаймын. Киімдерді қайта өңдеу сияқты тапсырыстарды да қабылдаймын. Ой-өрісті дамытуға арналған матадан жасалатын кітаптарға сұраныс жоғары. Мұндай бұйымдарды  жасауыма үйде өсіп келе жатқан балаларым себепші болды, — дейді Венера.

Қазір Венераның қолынан шыққан бұл тауарға тапсырыс берушілер көп. Ол негізінен 6 жасқа дейінгі балаларға арнап, бейінділікті дамыту кітабын тігеді. Алайда оның қолынан шыққан мұндай туындыға ересектер де қызығушылық танытып жатады екен.

Парақтарының көлеміне әрі ондағы кейіпкерлердің қиындығына байланысты бір кітапты дайындауға 5-7 күн қажет. Шынымды айтсам, кәсіптің бұл түрі ауданда ешқандай бәсекелестік тудырмайды, — дейді Венера.

Грант қаражаты мақсатты жұмсалуы тиіс

Биыл жұмыссыздар және өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың жаңа әрі тың бизнес идеялары үшін мемлекеттен берілетін грант мөлшерінің жалпы сомасы — 189 807 000 теңге. Оның 17 097 000 теңгесі — 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейінгі грант. Сондықтан гранттың бұл түрі облыста жұмыссыз жүрген жандардың үздік бизнес жобаларын қаржыландыру үшін берілмек. Ал 172 710 000 теңге — 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейінгі берілетін грант. Бұл қаражатқа көпбалалы, жағдайы төмен отбасының мүшелері мен еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі жандар қол жеткізе алады.

Мамандардың айтуынша, мемлекеттік грантқа қол жеткізудің өз шарты мен талабы бар. Ең бастысы — қолында «Бизнес» жобасына қатысып, курсты бітіргенін дәлелдейтін сертификаты болуы шарт. Мемлекеттік грантқа қол жеткізудің тағы бір жолы — ауылдықтар үшін «Бизнес-Кеңесші» екі күндік семинарға қатысуға мүмкіндік қарастырылған. Бүгінгі күні оқудың бұл түрі онлайн режимінде де жүргізіледі. Ең бастысы — грант қаражаты мақсатты бағытқа жұмсалуы тиіс. Палата мамандары грант қаражатының игерілуі мен бизнес идеяның жүзеге асырылуы толық бақылауда болатынын айтады.

Бұл бағдарламаны үйлестіруші —  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы. Сондықтан мемлекеттік грант алуға ниеттілер жұмыспен қамту орталықтарына барып, қажетті құжаттарын тапсырады. Қайтарымсыз грантты алушылар комиссия мүшелерінің алдында өз бизнес-жобаларын қорғағаннан кейін ғана шешім шығарылады. Еске салатын бір жайт, студенттер мен зейнеткерлер, жұмысы бар азаматтар, сондай-ақ бір рет  мемлекеттік грантты иеленгендер конкурсқа қатыстырылмайды, — дейді мамандар.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл екінші жартыжылдықта елімізде «Бастау» жобасы бойынша 40 мың адамды оқыту жоспарланып отыр. Палата мамандарының айтуынша, бұл бағытта аймақтар бойынша жоспарлы көрсеткіштерді бөлу күтілуде.

Сондай-ақ Жастар жылы аясында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы «Жас кәсіпкер» жаңа жобасын жүзеге асыруды қолға алды. Жобаға тұрақты табысы жоқ жастар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққандар мен 18 бен 29 жас аралығындағы еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі азаматтар қатыса алады. Бұл «Бастау» жобасының аналогы саналады және тәжірибелі бизнес-жаттықтырушылар тыңдаушыға әр жаттығуды оқытуға әрі жеке қолдау көрсетуді өз міндетіне алады. «Жас кәсіпкер» жобасы аясында облыста 1100 адамды оқытуды жоспарлап отырмыз, — дейді палата мамандары.

Бұл жоба аясында оқыту курстары үшінші тоқсаннан бастап жүзеге асырылады. Тыңдаушылар Ақтөбе қаласында оқытылмақ. Оқу курсы — тегін.

           Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button