Ақтөбе — 150Басты жаңалықтар

«Шалқар аллеясы» ашылды

Ақтөбедегі Әлия Молдағұлова даңғылы бойында «Шалқар аллеясы» ашылды.

Бұл — Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына Шалқар ауданының сыйы ретінде қолға алынған жоба. Аллеяның құрылысы кәсіпкерлер мен демеушілер қаржысына жүргізілген.

Аллеяның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин, Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин, Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниев, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин жиында сөйлеген сөзінде Ақтөбе қаласын одан әрі дамытудың маңыздылығына тоқталды.

— Ақтөбе — біздің облыстың орталығы ғана емес, сонымен бірге еліміздің батысындағы ең ірі қала. Ақтөбені болашақта еліміздегі ірі агломерация орталықтарының біріне айналдыру көзделген. Қаланың 150 жылдық мерейтойын атап өтуге бүкіл облыс, барлық аудандар өз үлестерін қосып жатыр. Ақтөбенің өркендеп-дамуы бүкіл өңірдің өркендеуіне жол ашатын болады, — деді ол.

Жиында Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниев те құттықтау сөз сөйледі.

— Ақтөбе тұрғындарын қаланың 150 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, ел басына күн туған шақта қол бастаған батырлар, қара қылды қақ жарған әділдігімен әйгілі билер, қазақтың талай даңқты перзенттері шыққан Шалқар өңірінің тартуын қабыл алыңыздар дегім келеді. Аллеяның тұрған орны — қаланың ең көрнекті жерлерінің бірі. Қаланың мерейтойына орай осындай істердің жүзеге асырылуын, ең алдымен, еліміздегі бірліктің көрінісі деп білемін, — деді аудан әкімі.

Өңіріміздің дамуына үлес қосып жүрген Амангелді Қалыбаев, Ғанипет Төлегенов, Аманғали Төлебаев, Дайрабай Өтешов, Қазыбек Муапихов сияқты азаматтардың мерейтойлық төсбелгілермен марапатталуы жиындағы қуанышты сәттердің бірі болды.

Шара соңы Шалқар ауданының өнер ұжымдары әзірлеген «Құт-береке — Шалқарым» атты концертке ұласты.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button