Басты жаңалықтарЭкономика

Кәсіпкер болам десеңіз…

  • Мемлекеттік бағдарлама

Елдегі тұрғындардың 8,9 миллионы халықтың экономикалық белсенді тобына жатады. Шағын және орта бизнесте 3 миллион адам жұмыс істейді. Ішкі жалпы өнімдегі ШОБ үлесі  24,9 пайыз болып отыр. Бұл көрсеткіш 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізілуі керек.  Осы мақсатта елімізде кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Ақтөбеге келген сапарында ел Президенті Қ.Тоқаев экономикадағы шағын және орта бизнес үлесін алдағы үш жылда 30 пайызға жеткізу қажеттігін айтты.

«Ақтөбе облысында да шағын және орта бизнес жақсы дамып келеді, дегенмен  оның өңір экономикасындағы үлесі әзірге 20 пайыздан аспай отыр. Осы бағытта одан әрі жұмыс істеу қажет. Сондықтан облыс әкіміне жаңа республикалық «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы аясында жүйелі шаралар қабылдауды тапсырамын», — деген болатын Президент.

Бүгінде өңірде кәсіпкерлікті қолдауға байланысты мемлекеттік бағдарламалар лайықты жүзеге асырылып келеді.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры филиалының директоры Берік Нұрғалиевтің айтуынша, биыл аталған қор арқылы ақтөбелік кәсіпкерлердің 5 миллиард теңге шамасындағы 61 жобасы мемлекеттік қолдауға ие болды. Өткен жылы субсидиялауға бөлінген қаражаттың тапшы болғанына байланысты жергілікті атқарушы билік биыл бизнеске қолдау көрсету үшін жергілікті қазынадан қосымша 500 миллион теңге қаржы бөлді. Қаржыландырылған жобалардың ішінде негізінен өңдеу өнеркәсібі мен көлік қызметтері салаларына қатысты кәсіптердің саны басым.

— Ақтөбе облысы несиелерді кепілдендіру бойынша республикадағы көшбасшылардың бірі болып отыр. «Бизнестің жол картасы — 2020», «Еңбек», «Даму-Оптима» бағдарламалары аясында кәсіпкерлердің 72 жобасына қолдау көрсетілді. Бұл жобаларды жүзеге асыруға 2,8 миллиард теңге несие берілді, ал кепілдеме құны — 1,3 миллиард теңге. Өткен жылы 53 жоба қаржыландырылған болатын, — дейді Б.Нұрғалиев.

Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 1,2 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұл былтырғыға қарағанда 50 млн теңгеге артық.

Нарықта сұранысқа ие мамандар санын арттыру, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтушы азаматтардың бастамаларын қаржыландыруға бағытталған бағдарлама аясында «Даму» қорының филиалы Ақтөбе және Хромтау қалаларындағы кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді.  Аталған бағдарлама бойынша несие жылдық 6 пайызбен, негізінен жаңа бизнесті ашуға, дамытуға, айналым қаражатын толықтыруға беріледі.

Кәсіпкерлер жобаларын жүзеге асыруға несие алу үшін «Сбербанк», «Forte Bank» және «Қазақстанның Халық банкіне» жүгіне алады.

— Жыл басынан бері екінші деңгейлі банктер несие сомасы 469 миллион теңге болатын 39 жобаны мақұлдады. Соның шінде 146,1 миллион теңге болатын 14 жоба қаржыландырылды. Бұрын аталған бағдарлама бойынша жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне үш жылдан аспаған кәсібін жаңадан бастағандар ғана қаржыландырылып келген болатын. Қазіргі кезде бағдарламаның бұл тармағына өзгеріс енгізіліп, күшіне енді. Яғни, бүгінде тәжірибелі кәсіпкерлер де аталған бағдарлама аясында мемлекеттің қолдауына жүгіне алады, — дейді Берік Нұрғалиев.

 

ҚАРАПАЙЫМ ЗАТТАР ЭКОНОМИКАСЫ: ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ 

Отандық өнім өндірушілерді мемлекеттік деңгейде қолдау, соның нәтижесінде халық күнделікті тұтынатын тауарларды сырттан тасымай, өз елімізде шығаруды мақсат еткен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы биыл жыл басынан жүзеге асырыла бастады. Осы мақсатта басымдық берілген жобаларды жүзеге асыруға қолжетімді несие беру үшін ұлттық банк 600 млрд теңге көлемінде қаржы бөлмек.

— Мамыр айында ел Үкіметінің қаулысымен басымдық берілген жобаларды несиелеу механизміне өзгерістер енгізілді. Бұдан былай несиеге алған қаражаттың 50 пайызы инвестициялық жоба аясында айналым қаражатын толықтыруға жұмсалатын жобаларды қаржыландыруға рұқсат етіледі. Сондай-ақ «Даму» қоры егер несие мөлшері 3 миллиард теңгеге дейін болса, оның 50 пайызына тең сомаға, ал егер 3-5 миллиард теңгенің аралығында болса, оның 20 пайызына тең сомаға кепілдеме береді. Үшінші өзгеріс:  белгіленген басымдық берілген салалар саны артты. Сондай-ақ, егер бұрын бағдарлама аясында «Даму» қоры қарыз мөлшерлемесінің 7%-ын субсидиялап, қалған 8%-ын кәсіпкер өзі төлейтін болса, ендігі жерде мемлекет 9 пайызын субсидиялап, кәсіпкер қалған 6 пайызын өтейтін болды. Бұл өте тиімді өзгерістер, — дейді Б.Нұрғалиев.

Ақтөбеде «қарапайым заттар экономикасы» бойынша жақында алғашқы екі жоба мақұлданды. Оның бірі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру саласында ауылшаруашылығы басқармасы арқылы, екіншісі «Даму» қоры арқылы өңдеу өнеркәсібі саласындағы «М-Трио» компаниясының несиесін субсидиялау туралы жобалары.

— Қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктерде 21 жоба қарастырылып жатыр. Жыл соңына дейін «Даму» қорының облыстық филиалының қызметкерлері 340-қа жуық кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсетуді жоспарлап отыр, соның ішінде 140 жобаны субсидиялау, 120 жобаны кепілдендіру, «Еңбек» бағдарламасы аясында кемінде 80 жобаны қаржыландыру мақсаты қойылды, — дейді Берік Нұрғалиев.

 

АУЫЛДАҒЫ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ТИІМДІ ШАРТТАР

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы биыл ауылдағы кәсіпкерлерге 4 миллиард теңгеден астам несие беруді жоспарлап отыр. Соның ішінде 2,0 млрд теңге «Еңбек» бағдарламасы аясындағы жобаларды қаржыландыруға жұмсалмақ.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікке дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша «Игілік», «Ынтымақ», «Кәсіпкер», «Бірлік» және «Егінжай» несиелеу бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Ал «Ырыс», «Сыбаға» несиелеу бағдарламалары агроөндірістік кешенді дамыту аясында қаржыландырылады.

Аталған қордың облыстық филиалының директоры Гүлжанат Ерғазинаның айтуынша, бүгінде қаржы институты осы бағдарламалар бойынша ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерінің түрлі бағыттар бойынша қолға алған жобаларын несиелендіруге кірісіп кетті. Несие жылдық 6 пайызбен беріледі.

— Мәселен, «Игілік» бағдарламасы бойынша ірі қара, ұсақ мал, құс, бал араларын асырау жобалары, ал «Бірлік» бойынша сүт қабылдау бекеттерін жабдықтау, «Кәсіпкер» бағдарламасы бойынша ауылдағы барлық кәсіп түрімен айналысу үшін несие рәсімдеуге болады. Орта есеппен алғанда, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жылына мыңнан астам несие береді, оның 70 пайыздан астамы стартап жобаларды қаржыландыруға жұмсалады. Несие шарттары өте тиімді — жылдық 6 пайызбен беріледі және оны өтеу кезінде кәсіпкерлерге тиімді кесте жасалады, — дейді Г.Ерғазина.

Биыл нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікке дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында несиелендіру үшін қаражат филиал шотына мамыр айында ғана түсті. Соған қарамастан аз уақыттың ішінде жалпы сомасы 600 миллион теңгенің көлеміндегі 150-ден астам жоба мақұлданған. Олардың қатарында ауылдық жерде тігін ательесін, сүт қабылдау-өткізу бекеттерін, бау-бақша өсіруге қажетті құрал-жабдықтар алу, басқа да мақсаттарда кәсіптерін бастау, жалғастыру мақсатында қаржы алғандар бар. «Ауыл, аудан тұрғындары барлық сұрақтар бойынша аудандық жұмыспен қамту орталықтарына, кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдарына, біздің қордың Ақтөбе қаласындағы кеңсесіне келе алады», — дейді Г.Ерғазина.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button