Жаңалықтар

Облыс әкімінің екі орынбасары мен басқарма басшысы тағайындалды

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин өзінің екі жаңа орынбасары мен ақпараттандыру және сыртқы  байланыстар басқармасының жаңа басшысын таныстырып, оларға бірқатар мақсат-міндеттер жүктеді.

Оңдасын Сейілұлы Президент әкімшілігінің келісімімен облыс әкімінің бірінші орынбасары болып  Рахат Сыдықовтың тағайындалғанын хабарлады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің дерегінше, 1962 жылы Шалқар ауданында туған Рахат Мәжитұлы еңбек  жолын Ақтөбе газ өндіру қауымдастығында аға инженер қызметінен бастаған. 2002-2013 жылдары Шалқар ауданы әкімі, 2013-2018 жылдары Қарғалы ауданы әкімі лауазымдарын атқарған ол бұған дейін облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы болды.

Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары болып Аманғали Бердалин тағайындалды. 1964 жылы Әйтеке би ауданында дүниеге келген ол еңбек жолынӘйтеке би ауданында құрылысшыболудан бастаған. 2011-2012 жылдары Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары, 2012-2016 жылдары Әйтеке би ауданының әкімі, 2016 жылдан бүгінгі күнге дейін Хромтау ауданы әкімі лауазымын атқарды.

Жиында облыстық ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы болып Сергей Беккердің тағайындалғаны да айтылды. Батыс Қазақстан облысының перзенті еңбек жолын 1995-1996 жылдары бастаған. 2017-2018 жылдары Президенттің «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының қауіпсіздік және ішкі мәселелер жөніндегі кеңесшісі, 2018-2019 жылдары  «Қорғас» АҚ стратегиялық даму, ақпараттық технологиялар және қауіпсіздік басқармасының бастығы болып қызмет атқарған.

Облыс әкімі жаңа тағайындалған азаматтардың жұмысына сәттілік тілей отырып, әрқайсысына жүктелер жауапкершіліктің мол екенін айта келе, мақсат-міндеттерді айқындады.

— Рахат Мәжитұлы өңірдің тұрғын үй, құрылыс салаларына, ал Аманғали Бейсенбайұлы ауылшаруашылығы саласы бойынша жауап беретін болады. Сергей Геннадьевичке де жүктелер жауапкершілік орасан. Барша басқармалармен тығыз байланыс орнатып, облыстың ақпараттандыру жүйесіне ерекше маңыз беруі керек. Бәріңізге де жаңа кіріскен қызметтеріңізде сәттілік тілеймін! — деп түйіндеді жиынды Оңдасын Сейілұлы.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button