Жаңалықтар

Басты талап — өрт қауіпсіздігін сақтау

Мәслихат

Облыстық мәслихаттың депутаттық өкілеттіктер мен этика, заңдылық, құқық тәртібі мәселелері және жұртшылықпен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті.

№8 Пацаев сайлау округінен депутат Дмитрий Довматенконың төрағалық етуімен өткен жиынға облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, тұрақты комиссияның мүшелері, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты.

Күн тәртібінде қаралған мәселе —өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жұмысы туралы аталған департаменттің бастығы Бауыржан Сыздықов баяндама жасады.

— Биылғы жылдың 5 айында 563 өрт қауіпсіздігі саласында тексерулер жүргізіліп, нәтижесінде 410 объектіде 1,9 мыңнан астам өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталды. 381 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Өрттің басым бөлігі тұрғын үй секторларында және автокөліктерде болған. Тілсіз жаудың пайда болуына отты абайсыз қолдану, электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу, балалардың отпен ойнауы себеп болып отыр, — деді департамент бастығы.

Сонымен қатар Бауыржан Сыздықов облыс аумағында өртке қарсы қорғауды қамтамасыз ету мақсатында шешімін талап ететін бірқатар мәслелерге тоқталды.

— Өрттен қорғау үшін қолданыстағы нормаларға сәйкес 31 өрт сөндіру депосы болуы қажет. Бізде қазіргі уақытта тек 20-сы ғана бар. Әлі 11-і қажет. Сондай-ақ «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы құрылыс орындарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өрт сөндіру депосы болуы керек. Тұрмыста газды пайдалану барысында қауіпсіздікті сақтау да маңызды мәселелердің бірі. Сондай-ақ орта оқу орындарында «Өмір қауіпсіздігінің негіздері» пәнін қайта енгізу туралы ұсынысымды білдіремін. Себебіоқушылар өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін білуі тиіс, — деді ол өз сөзінде.

Департамент бастығының айтуынша, 2014 жылдан бері осы кезге дейін облыс аумағында 3 мыңнан астам өрт тіркеліп, 323 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірілген. Өрттің қауіпті факторларынан 98 адам қаза тауып, 19 адам жарақат алған.

Аталған мәселелерді талқылау барысында облыстық мәслихаттың депутаттары сұрақтар қойып, өздерінің ұсыныстары мен ескертулерін айтты.

Жиын қорытындысында комиссия мүшелері қаралған мәселелер бойынша қаулы қабылдады.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button