Құқық

Телефон тонағандар ұсталды

Қылмыс

Ақтөбе қаласында екі адам ұялы телефон сататын дүкенге қарақшылық шабуыл жасады.

Оқиға 18 маусым күні таңғы сағат 9:20 шамасында Ақтөбе қаласының Шернияз және Уәлиханов көшелерінің қиылысында орналасқан ұялы телефон сататын дүкенде орын алған. Белгісіз екі адамның бірі медициналық бетперде киіп, қолына пышақ ұстаса, екіншісі тапаншаға ұқсас қарумен келіп, дүкен қызметкерлерін қорқытып, ұялы телефондарды алып кеткен.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, тәртіп сақшылары оқиға орнына дереу жұмылдырылған.

Алынған бағдар бойынша жедел іздестіру шаралары барысында күдіктілердің жүрген жері анықталып, екі сағат уақыт ішінде қаланың «Мәдениет» сауда үйі маңындағы көп қабатты үйлердің бірінің ауласынан «Датсун» маркалы көлік тоқтатылды. Көлікте 20 және 22 жас шамасындағы екі жігіт болды. Көліктің жүк салғышынан 43 дана IРhone маркалы ұялы телефон тәркіленді. Сондай-ақ, газ тапаншасы мен пышақ табылып, күдіктілер қамауға алынды, — деп хабарлайды баспасөз қызметіндегілер.

Айта кету керек, қазір осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодекстің 192-ші, яғни «Тонау» бабымен сот алды тергеу амалдары басталды.

Сот

ЖАЛҒАН ДЕКЛАРАЦИЯ: КІНӘЛІЛЕР ЖАЗАҒА ТАРТЫЛДЫ

Жалған кеден декларацияларын жасағаны үшін брокер сотталды.

Ақтөбе көлік прокуратурасы мамандарымен бірге ел аумағына кіргізілген  тауарлардың кедендік рәсімделуі бойынша жүргізілген талдау барысында мұнай құрылғыларының Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық ережесінің талаптарына сай  жасалған 350 жалған сәйкестік декларациялар анықталды.

Прокуратура мамандары сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары барысында «КВ Partnership» ЖШС-да брокер И.Бегімовтің жалған декларацияларды дайындауға қатыстылығын анықтады. Төрт мұнай компаниясына келтірілген шығын көлемі — 19 миллион теңге.

Ақтөбе қалалық сотының үкімімен кінәлі аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағына сәйкес 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына тартылды. Келтірілген залал толық көлемде өтелді. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Сонымен қатар, қызметтік міндеттерін тиісті орындамағаны және мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін прокуратураның қадағалау актісі бойынша «Ембі» кеден бекетінің екі лауазымды тұлғасы қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту ретінде тәртіптік жауапкершілікке  тартылды.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button